12.08.2022, 18:20
Оқылды: 57

«Адалдықты мұра еткен ұлы Абай»

Осындай атаумен Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап- ғылыми кітапханада Абай Құнанбаевтың туған күніне орай дөңгелек үстел өтті.

fdefef3c-cfd4-4cd7-80b0-184f02bf3f57.jfif

Абай Құнанбаевтың мұрасын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған жиынға зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер және БАҚ өкілдері қатысты. Дөңгелек үлтелдің тізгінін ұстаған тележүргізуші, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Біржан Кухаев алғашқы сөз кезегін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айтқали Нәріковке ұсынды.                                  e256fca8-b387-4427-a700-c37feeb643b6.jfif

– Абайтану ілімінің негізін қалаған – Мұхтар Әуезов. Біздің осы күнге дейін Абай жайында оқып-білдік дегеніміздің уақыт өте аз екенін түсіне бастаймыз. Мұхтар Омарханұлының «Абай жолы» эпопеясын оқыған адам көп нәрсені түсінген болар еді. Ұлы ақынның туындылары әр жастағы азаматтарға өзінше әсер ететінімен өміршең. Оның 13 жасынан ел басқару ісіне араласқаны мәлім. Сондай жауапты істе өзінің әділ екенін көрсеткен Абайдың кемел адам болып қалыптасуына әкесі ықпал етті. Сондықтан ақынның өнегелі өмір жолы бар қазаққа үлгі. Сөзімді қорытындылай келе, осында отырған жастарға «Абай жолы» эпопеясын тағы бір оқып шығуға кеңес беремін, – деді Айтқали Нәріков.

55a9c39e-075b-4ef0-96d0-d6bc600ad34b.jfif

Дана Абайдың өлеңдері жастарды білім, ғылым жолына шақырып, жалынды шағыңда ізденіп қалуға үндейді. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген жолдарының арғы жағында өкініштің белгісі бар. Әрине, бір сәт ойланар болсақ, бірдеңені білуге құмартпай өткен уақыттың кімді болмасын өкіндіретіні анық. Кемеңгердің шығармашылығына М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының  академигі Абат Қыдыршаев ғылыми тұрғыда тоқталып өтті.

–  Абайдың шығармашылығын білмейтін қазақ кемде-кем. Оның мол мұрасына қанық болу кез келген азаматты ойып тұрып ой айтуға жетелейді. Бүгінде ел білетін ерлердің көбі Абайдың сөздерін негізге алатыны белгілі. Себебі біздің іргетасымыз да сол данышпанның қанатты ойлары арқылы қаланған. Біз білімнің қуаты арқылы бәсекеге қабілетті боламыз. Бұл – аксиома. Жиған білімнің күшімен ғана елге адал қызмет ете аламыз. Осы орайда мақаламда жазған ойымды мысалға алғым келіп отыр, «Бүгінгі зиялы қауымның басты парызы – жастардың таласын көрсе, басу айту, кемдігін көрсе, қосып айту, кекетіп-мұқатып қыздырмау, ел берекесін бұздырмау, ызаның айт дегенін желіктіріп сыздырмау. Ендігі міндетіміз – тәуелсіз ел ұрпағының құлағын тазалау, санасын рухани жаңғырту, көзін ашып, оқу оқыту». Абайдың түйіндерін, жауһар жазбаларын насихаттау арқылы ұрпақты елін сүюге тәрбиелейміз, – деді Абат Сатыбайұлы.

Дөңгелек үстелге қатысқан мемлекеттік қызметкерлер де ақынның оралымды ойлары турасында сөз қозғап, Абай даналығының қызметте де алар орны ерекше екенін атап өтті. Олардың айтуынша, ұлы ақынның қара сөздері әр азаматты адалдыққа, еңбексүйгіштікке жетелеп тұрады екен.

dd1b019a-fa98-4df5-8401-06d5c9bad267.jfif

Озық ойлы азаматтардың отырысында рухани азық болатын әрі болашағымызға әсер ететін біраз тұжырымдар айтылды. Жиынды Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айман Хайруллина қорытындылады.                            – Ең алдымен, салмақты ойлар айтылған отырысты ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғысымды айтамын. Кітаптың жан азығы екені белгілі. Ұлы тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығындағы әдептілік, адалдық секілді ұғымдар қазіргі таңда бәрімізге үлгі болып отыр. Біздің адал адам болып қалыптасуымызға данышпан Абай пәлсапасының ықпалы зор, – деді Айман Рафикқызы.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале