15.08.2022, 19:30
Оқылды: 43

Аз қамтылған отбасыға коммуналдық үй берілді

Сырым ауданындағы әкімдердің халыққа есеп беру кездесуі Аралтөбе ауылдық округінде сабақтасты.

Аралтөбе

Кездесу жиынға аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов, Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Мұхитов, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, аудандық электр торабының бастығы Махат Шамаров, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Саламат Иманғалиев, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиця бөлімшесінің бастығы Бағдат Сыдықов қатысты.

Округ әкімі Әділхан Мұхитов есептік кездесуде көтерілген мәселелердің орындалу деңгейін айтты.

Қызылағаш ауылына электромонтер маманына 0,5 бірлік штат ашылды. Жас мамандарға коммуналдық үй алынды, әзірге мамандарға емес, аз қамтылған отбасыға берілді. Қызылағаш ауылында балалар ойын алаңы мен әмбебап спорт алаңына жұмсақ жабын төсеу мәселесі шешімін тапқан жоқ. Ал ұялы байланыс қажеттілігі де техникалық мүмкіндік келмейтіндіктен шешілмей отыр. Жымпиты-Аралтөбе бағытындағы жөндеуі аяқталмай қалған 8 шақырым жол қаржының қолбайлау болуына орай биыл бітпейді.
Қызылағаштықтар бұрыннан ауыз су мәселесін көтеріп келеді. Тұрғындар бір құдықтан су ішіп отыр. Елді мекенге 10 шақырым жерден су көзі табылып, ауылға су тарту үшін жобалық-сметалық құжаттары дайын тұр. Келесі жылы қаржы бөлінсе, су құбырының құрылыс жұмысы басталады.
Жасалуға тиісті жұмыстардың қатарында Әділхан Рахымжанұлы ауылдағы хоккей қорапшасын сырлау, көшеге қосымша жарықшамдар қою мәселелерін атады.
Аралтөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдем Баймұханов биылғы шөптің жол жанында қалың боп өсуі, су жүретін көздерді басуы, траншеяларды тазарту, ауылдың ішінде жылқы, мал жүруі туралы мәселелерді көтерді.
Ерболат Жұмабаев ауыл мектебіне көлік мәселесі, Абдулнасыр Ерғалиев шөп шабындығындағы мәселелерді атады. Мәдениет үйін жөндеу, интернетке қатысты сұрақтар жазбаша берілді.
Аралтөбе-Қызылағаш ауылдары арасындағы электр желілерін жөндеу жүргізілетіні туралы Махат Шамаров мәлімдеді.

Ауыл тұрғындары құлайын деп тұрған бағаналарды дұрыстау, трансформаторларды қоршау секілді ұсыныстарын жеткізді.
Ерболат Ахметов трансформаторларды бірлесіп қоршау керектігін атады.

Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале