16.08.2022, 10:30
Оқылды: 47

Бала тағдырына бейжай қарамайық!

Электр энергиясы – өміріміздің ажырамас бөлігі. Соңғы жылдардың статистикалық мәліметтерінен 3-5 жас аралығындағы балалардың электр қуатымен байланысты жазатайым оқиғаларға жиі тап болатынын байқап жүрміз.

5

Фото: inform.kz

Кішкентайлар әлемді сезім мүшелерінің көмегімен таниды. Олардың назары ауған кейбір нәрсе жазатайым оқиғаларға әкеліп соғуы мүмкін. Электр қуаты адамның көзіне көрінбейді және оның дәмі де, иісі де жоқ. Сондықтан балалар ешқандай қауіпті сезінбейді. Сол себепті ата-аналар мен баланың айналасындағы ересектер электр құралдарын қолданған кезде абай болып, соларды сақтықпен пайдалануға бүлдіршіндерді ерте жастан дағдыландыруы шарт. Әрине, белгілі бір қауіпсіздік ережелерін сақтау балаларға негізделген сараланған тәсілді қажет етеді.

Мысалы, 5 жасқа дейінгі балалар серуендеу кезінде үйішінде де, көшеде де ересектердің үнемі назарында болғаны дұрыс. Баланың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету үшін пәтердегі электрсымдарын барынша ток өткізбейтін заманауи материалдармен қаптаған жөн. Розеткаларды арнайы бітеуіштермен бұғаттап, жұмыс істеп тұрған электр аспаптары мен сымдарға қолжетімділікті шектеу керек.

Бала 5 жастан асқан кезде ата-аналар бақылауды біртіндеп төмендетеді. Осылайша нәресте көбірек еркіндікке ие болады. Балалар өздері сыртқа шығып, достарымен ойнай бастайды. Дәл осы жастағы балаларға қауіпсіздік ережелерін әбден түсіндірген жөн. Кем дегенде, бүлдіршіндер электр тогының сымдар арқылы берілетінін біліп жүргені абзал.

Көппәтерлі үйлердің аулаларында трансформаторлық қосалқы станциялар орналасқан. Ата-аналар балалардың трансформаторлардың маңайында ойнауына жол бермеуі керек.

Құрметті ата-ана, сіз балаңызды еркін серуендеуге, ойнауға жібермес бұрын, оның қарапайым қауіпсіздік ережелерін, яғни кабель сымдарына жақын баруға болмайтынын, егер жақындаса, ток соғуы мүмкін екенін, кез келген электр жабдығының қоршауына жоламау керектігін білетініне көз жеткізіңіз. Сондай-ақ әуедегі электр желілерінің астында ойнаудың дұрыс еместігін және оларға түрлі затты лақтырудың қателікке ұрындыратынын, егер қандай да бір қауіп төндіретін оқиға орын алса, дереу ересектерге хабарлау керектігін түсіндіріңіз.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында өмірдегі қауіпсіздік негіздері бойынша басшылар мен қызметкерлер (тәрбиешілер) тарапынан алғашқы қауіпсіздік ережелері жайлы ақпараттық түсіндірме жұмыстары жиі жүргізілгені дұрыс.

«Бала тәрбиесінде әке мен шешенің мүмкіндігінше бірдей араласуы үшін, отбасы тәрбиесін жоғары дәрежеде дұрыс жолға қою қажет» деп орыс педагогі Пётр Каптерев айтпақшы, әке мен шешеге үлкен жауапкершілік жүктелген. Олар ұл-қыздарының амандығы һәм қауіпсіздігі үшін электр тогының қауіпті екенін ұғынып, отбасындағы жазатайым оқиғаларды болдырмау бағытында маңызды шешімдер қабылдауы тиіс.

Серікболат Ешев,

ҚР Энергетика министрлігі 

Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің

БҚО бойынша аумақтық департаменті басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале