Ұлы Отан соғысының отты жылдарын басынан өткеріп, бейбіт күнде өмірінің ширек ғасырын қоғамдық тәртіпті сақтауға арнаған жандар өңірімізде аз емес. Солардың бірі – Сағызбай Серекешев. Кейіпкеріміз бүгінде қатарымызда жоқ болса да, оның есімі Жайық жұртшылығының жадында.
Сағызбай Есенғалиұлы 1924 жылы бұрынғы Гурьев облысының Мақат ауданындағы Сасық-Өзек ауылында дүниеге келген. Алты жасқа толғанда, нақтырақ айтсақ, 1930 жылы әкесі қайтыс болып, үлкен ағасы Есенғалидың қолында тәрбиеленеді. 1941 жылы Тайпақ ауданындағы Калмыков орта мектебін бітіріп, Кеңес әскерінің қатарына Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Ауданның көптеген жастарымен бірге әскери байланыс училищесіне оқуға түседі. Содан кейін Чкалов 61-ші қосалқы атқыштар полкінде оқу-жаттығудан өтіп, кіші сержант шенін алады. Сондай-ақ Уфаға старшиналар мектебінің 23-ші мергендер оқу полкінің 3 ротасына да жіберілді. 1943 жылы аға сержант шенімен майданға аттанады. 957-ші атқыштар полкінде взвод командирінің көмекшісі, одан кейін взвод командирі болған. 1943 жылы бірінші Украина майданында алдыңғы шептегі ұрыстарға қатысып, Ростов қаласына шабуыл жасау кезінде аяғынан жараланады. Полтава, Курск, Харьков қалаларының дала госпитальдарында да ем қабылдаған. Содан кейін ол Сталинград қаласындағы ауруханада емделген. Алайда дерті меңдей берген соң 1944 жылдың наурыз айында елге қайтады. Туған өлкесіне оралғаннан кейін 1944 жылы Тайпақ аудандық ішкі істер халық комиссариатында паспорт үстелінің бастығы болады. 1955 жылдан бастап ІІМ Қаратөбе ауданының милиция бөлімінде аға жедел уәкілі лауазымына тағайындалды. Кейін Жымпиты аудандық милиция бөліміне қарасты Социалистік мүлікті тонауға қарсы бөлімшесінің аға жедел уәкілі лауазымында қызмет атқарған. 1965 жылы Жымпиты аудандық кеңесі атқару комитеті-
нің Қаратөбе кенттік милиция бөлімшесінің бастығы болды. 1966-1978 жылдары Қаратөбе ІІО бастығының орынбасары қызметін абыройлы атқарды. Білім-білігін, күш-қайратын 34 жыл бойы ішкі істер саласында қызмет етуге арнаған милиция полковнигі 1978 жылы салтанатты түрде еңбек демалысына шықты. Алайда қол қусырып бос жатқанды жаны сүймейтін Сағызбай Есенғалиұлы Қаратөбе аудандық қорғаныс штабының жанындағы кеңестің бастығы және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы міндетін бірнеше жыл абыройлы атқарды. Осы уақыт аралығында ардагерлерге тұрғын үй мәселесіне көмектесті.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы кескілескен ұрыстарда батылдығымен көзге түскен ол «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болған. Доғарыстағы милиция полковнигі Сағызбай Есенғалиұлы биыл 9 тамыз күні өмірден озды.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz