11 тамыз күні Казталов ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Ғаділбек Әлібековтың төрағалығымен шетелдік және еліміздің табиғатты қорғау ұйымдарының өкілдерімен «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты мен «Ащыөзек» мемлекеттік табиғи қаумалында зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жиын өтті.
Жиынға Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері Алена Кошкина, маманы Роман Александрұлы, Ұлыбританияның Корольдік құстарды қорғау қоғамының (RSPB) ғылыми қызметкері Адам Девениш және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар маманы Мишель Бове, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Назар Аманғалиев, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының бақылау-тексеру бөлімінің басшысы Батырхан Байғонақов, аталған резерваттың ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің басшысы Елена Жасқалиева қатысты.
Жиынның күн тәртібінде «Бөкейорда» табиғи резерваты мен «Ащыөзек» табиғи қаумалының құрылуына қаржылай қолдау көрсету мәселесі қаралды. Қазіргі таңда Корольдік құстарды қорғау қоғамы мен Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы ерекше қорғалатын аумақтардың құрылуына қаржылай қолдау көрсетпек. Жобаны Wyss отбасылық Қоры қаржыландырады. Аталған қор 2030 жылға қарай мемлекеттік қорғалатын аумақтар арқылы планетаның 30% - ын сақтауға 1 миллиард АҚШ долларын бөлуге уәде берген.
-2021 жылғы мамырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Батыс Қазақстанда жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру туралы шешімді жария түрде растады. Әлем бойынша ақбөкендердің басым бөлігі осы аймақта мекендейді. Сонымен қатар басқа да жануарлардың түрлері бар. 2022 жылдың қаңтарында Президент Әкімшілігі мен ҚР экология министрлігі резерват пен қорық құру үшін ҚБСА (Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы) және RSPB-мен бірлесе жұмыстануға ниет білдірді. 2022 жылғы маусымда үш ұйым арасында ынтымақтастық туралы әріптестік келісімге қол қойылып, 2022 жылдың шілдесінде ерекше қорғалатын аумақ ресми түрде өз жұмысын бастады. Біз қаржыландыратын жобаның мақсаты резерват пен қаумал құру, резерватты зерттеу жұмыстарын жүргізумен және зерттеуге арналған құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, ерекше қорғалатын табиғи аумақта жаңа қызметкерлерді жаңа технологиялардың тілін меңгеру мақсатында оқыту (GPS, фототұзақ, SMART-мониторинг енгізу құрылғысы), биоалуантүрлілікті бірлесе зерттеу, жергілікті ауылдар мен елді мекендерде әлеуметтік-экономикалық факторларды анықтау және резерватты 5 жылдық басқару жоспарын құруға қолдау көрсету болып табылады, - деді Алена Кошкина.
Алена ханым өз сөзінде өзі қызмет ететұғын қауымдастықтың мақсаты мен міндеті туралы баяндады. Сондай-ақ Мишень Бове де 1889 жылы негізі қаланған корольдік қауымдастық жөнінде жиынға қатысушыларды хабардар етті. RSPB – Еуропадағы ең ірі қайырымдылық ұйымдарының бірі. Ұйымның зерттеу қорытындылары еліміздегі табиғатты сақтау мақсатында шешімдер қабылдауға септігін тигізеді. 2000-нан астам қызметкері бар RSPB Ұлыбританияның 200 қорын басқарады және 30-дан астам елде ұзақ мерзімді ауқымды экологиялық бастамаларды қолдауға атсалысуда. 2005 жылдан бастап RSPB Қазақстанның табиғатын сақтау бойынша жұмысқа техникалық және қаржылық көмек көрсетеді. RSPB ҚБСА мен ҚР Үкіметімен бірге белсенді серіктестік орнатқан.
Жиын барысында жобаның таныстырылымынан соң киіктердің санын реттеу мәселесіне қатысты ұсыныстар айтылып, талқыланды.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz