Биыл Орал қаласында су құбыры мен кәріз желісі бойынша 25 учаске қайта жаңғыртылуда. Учаскелер бойынша құбырдың жалпы ұзындығы – 3,6 шақырым. «Батыс су арнасы» ЖШС-ның бас директоры Әнуар Аркенов жөнделіп жатқан нысандар бойынша жүргізілген баспасөз турында жұмыс барысы туралы баяндады.
Оның айтуынша, Әбілқайыр хан даңғылындағы сыртқы су құбырының желісін қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Биыл даңғыл бойындағы автожол жөнделгені мәлім. Сол себепті алдын ала құбырды жөндеу жұмысы қолға алынған. Яғни кейін жол төсемін бұзбау үшін «Батыс су арнасы» құбыр ауыстыруға шешім қабылдаған. Әбілқайыр хан даңғылының бойында әбден тозған құбыр жиі істен шығып, тұтынушыларды әбігерге салып келеді. Қазіргі уақытта ескі құбыр түгелімен жаңалануда. Осы учаске бойынша жұмыс келесі аптада аяқталады. Әнуар Аркенов күрделі жөндеуге 80 миллион теңге шамасында қаражат жұмсалатынын хабарлады хабарлады.
Даңғыл бойындағы нысанға барған Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлжаз Қазбекованың айтуынша, 2022 жылға бекітілген инвестициялық бағдарлама ауқымында сумен жабдықтау бойынша 155 323,18 мың теңге, су бұру (кәріз жүйесі) бойынша 181 337,57 мың теңге бөлінген. «Батыс су арнасы» жыл соңына дейін қаражатты игеріп, бағдарлама бойынша бекітілген жобаларды аяқтауы тиіс.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің № 1-НҚ бірлескен бұйрығына сәйкес (бұдан әрі мәтін бойынша-бұйрық) «Батыс су арнасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2021-2026 ж.ж. таратушы желілер бойынша су беру қызметтеріне инвестициялық бағдарлама бекітілді. Осы бұйрыққа сәйкес 2022 ж. келесілер меншікті қаражаттар есебінен қарастырылды:
Келесі нысандағы қауырт жұмыстың бірі – Қ. Мусин көшесіндегі 800 метр құбыр желісі ауыстырылып жатқаны көрсетілді. Тамыз айының 1-інен бастап Құрманғалиев көшесінен Партизан көшесіне дейінгі аралықтағы құбыр желісі жаңғыртылуда. Диаметрі 315 милиетр полиэтилен құбыр су айналымын жақсартуға септігін тигізбек. Қазіргі уақытта осы учаскеде жұмыс істеп жатқан бригада құрамындағы 6 адам 5 техниканың күшімен жуық арада жаңа құбыр тартуды аяқтамақ. Орал қаласының әкімдігі келесі жылы Қ. Мусин көшесінің жолын асфальттауды жоспарға енгізген. Апатты жағдайда деп есептелінетін су құбырының алдын ала жөнделуі жұмыс жоспарының жүйелі ұйымдастырылуына негіз болады. Билік бұл бағытта көпшілік сынынан сабақ ала бастаған секілді. Себебі жазғы маусым басталғалы жер астындағы құбыр желісін ауыстыру үшін жаңадан салынған асфальт пен тротуар төсемін жермен-жексен етіп қиратып тастайтынына көз үйренгелі қашан? Сондықтан келеңсіз көрініс салдарынан құрылысшылар жиі сынға ұшырап жатады. Жылдар бойы қарызға белшесінен батып, сұры қашқан «Батыс су арнасы» үшін шаруа шаш-етектен. Шаһардағы су құбырының ұзындығы – 445,7 шақырым, ал кәріз жүйесі – 373,9 шақырым. Су құбырының желісі де, кәріз жүйесі де 60 пайызға тозған.
– Биылдың өзінде жөндеу жұмысына пайдаланылатын құрылыс материалдары 30 пайыздай қымбаттады. Соған байланысты ауыртпалықты сезінгенімен, жоспар бойынша жұмыстанудамыз. Суға бекітілген тариф бағасы өзгермесе, инфляция салдарынан жыл сайын шығыны еселеніп отырған кәсіпорын алдындағы міндеттемелерді оңай орындай алмайтынын жұртшылық түсінуі тиіс. Жұмысшыларға берілетін жартымсыз жалақыны уақтылы төлеудің өзі мұңға айналып тұр. Салық берешегін төлеуді кешіктіріп алудамыз. Электр қуатын тасымалдаушы компанияға 100 миллион теңге көлемінде бережақпыз. Қазіргі уақытта тұрғындарға берілетін судың 60 пайызы жер асты су қорынан беріледі. Оған қоса Жайық өзенінен су алып отырмыз. Жер астындағы су қоры жеткілікті. Бірақ ұңғымалар арқылы толық көлемде су жеткізуге әбден тозған су сорғы стансаларының қауқары жетпейді. Ондай нысандардың көбі 1960 жылдары салынған. Қазіргі уақытта өңірді кешенді дамытудың жоспарына сай жер асты су қорын жинауға арналған құрылысты жаңғыртуға басымдық берілуде. Соған байланысты Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ЖСҚ-ны жасақтап, осы бағыттағы жұмысты атқаратын мердігерді анықтау үшін конкурс жариялады. Одан бөлек су көздері орналасқан Трекин ауылынан бастап 15 километр магистраль желісі тарту жоспарланған. Соның арқасында жер асты су қоры арқылы қала жұртшылығын үздіксіз сумен қамтимыз. Келесі жылы үш ірі кәріз сорғы стансасы жөнделеді, – деді Әнуар Аркенов.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz