22.08.2022, 10:00
Оқылды: 76

Тағы да тасқалалық топ жарды

Таяуда «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының өңірлік комиссиясы облыстық  деңгейдегі іріктеу өткізді.  

IMG_4570

Үшбу елеп-екшеуге Ақ Жайық атырабындағы тоғыз ауылдық округтің әкімі қатысты. Бұл шараға дейін жергілікті әкім жұмысының тиімділігі жөнінде әр ауылдық округ тұрғындарының арасында сауалнама жүргізілді. Әлгіндей әлеуметтік зерттеу кезінде ауыл әкімдерінің мемқызметшілерге тікелей қатысты әдеп қағидаларын сақтайтын-сақтамайтындығы да назардан тыс қалмады. Ал өңірлік комиссияның алдына келгенде ауыл әкімдері өздері жетекшілік ететін ауыл-аймақты дамытуға бағытталған жоба-жоспарлардың жай-жапсарын баяндады. Әрине, тындырылған шаруа, атқарылған жұмыстар да тілге тиек болды. Ономастикалық саясатты ұлы мәртебелі Тәуелсіздіктің талабына бейімдеу, ауыл-аймақ тұрғындарының татулығы, діни ала-құлалыққа жол бермеу, ел ішінде кәсіпкерлікті өрістету арқылы жұмыссыздықты азайту, мал ұрлығына тосқауыл болу, сықылды көкейкесті мәселелер байқаудың басты шарттары ретінде қарастырылды. Осындай сипатта сынға түскен әр ауыл әкімінің жаңашылдығы, оның жұмысының қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тиімділігі таразыға тартылды. Іріктеу барысында жергілікті атқамінерлердің ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігін жақсартып-жеңілдететін озық техника-технология атаулыдан хабарының бар-жоқтығы да ескерілді. Ал ауыл әкімдері жазған эссе арқылы олардың ой-өресі, өзінің көзқарас-пікірін көпшілікке жеткізу деңгейі бағаланды. Іріктеу нәтижесінде Тасқала ауданына қарасты Мерей ауылдық округінің әкімі Орынбек Нәсимоллиннің (суретте) мерейі үстем болып, ол республикалық деңгейде біздің өңірдің намысын қорғау құқығына ие болды. Ретті жерінде айта кетелік, былтырғы тап осындай байқауда Тасқала ауданындағы Шежін ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбыл облыстық және республикалық деңгейде жеңімпаз танылған еді.

Өз тілшіміз

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале