Соңғы уақытта Казталов ауданы тұрғындары жиі көтеріп жүрген мәселелердің бірі қоғамдық көлікке тікелей қатысты болып отыр. Алыс-жақыннан келген тұрғындар билет ала алмайтындығы мен сағаттап кезекте тұратындығына, билеттердің бірнеше күн бұрын сатылып кететіндігіне назданды. Оның үстіне билет сатушының да уақтылы келмейтіндігін алға тартты. Мәселені барлап, байыбына үңіліп көрдік.
«Саламатсыздар ма? Казталов – үлкен ауыл. Көбісінің таксиге 3500 теңге ақшасы қалтаны көтере бермейді. Сондықтан бізге 2 автобус болмаса, 39 орындық аздау», «Екінші автобус шығаруға талап ету керек. Алыс ауылдардан келетін адамдар бар, орталықтан шығатын адамдар бар. Кеше кірген адамнан бұл жұмыс қолынан келмейді. Ауылдык әкім, аудан әкімі бар, солардан талап ету керек. Ана ауыл, мына ауылға билет бер деп жеке кәсіпкердің өзінің құқығы бар. Қалай сататыны. Екінші автобус шығаруға талап қою керек. Халықтың жағдайын ойласа әкімдер», «Билет бар, кассир болғасын билетті толығымен тірі кезекпен сату керек қой, мынау не масқара. Қаладан 5 күн бұрын сатылады, ауылдан 1-2 күн бұрын сатылады. Дұрыстығы жоқ болғанда несі қалды», «Қазір жазғы демалыс балалармен баратын болған соң студентер келіп-кетіп жатқан соң билет болмай жатыр. Ертең балалар сабаққа шығады. Студент оқуларына барып орныққан соң, осы группаға қайта жазады ғой билет бар қалаға, ауылға деп. Бұл да бір сауда сияқты ғой. Әр нәрсенің өтетін уақыты болған соң ертең осы сезон бітіп, билет болады. Жылда осы жазғы айлар ғо билетке тартыс көбейетін».
Бұл - «Автобус Казталов-Орал» What's app группасындағы халық пікірінің бірсыпырасы. Жазбаша және аудиожазба түріндегі мұндай пікірлерден көз сүрінеді. Дегенмен әркімнің өз пікірін білдіруге құқы барын ескерсек, бұл да орынды. Кассир мен жолаушылар әңгімелерін желеу қылып «Жиенбай» ЖШС өкіліне хабарластық. Ол жолаушылардың сауалына әрдайым жауап беріп, мәселені түсіндіріп отыратындығын жеткізді.
– Жалпылама алып қарағанда айтылып жатқан әңгімелермен келісетін де, келіспейтін де тұстарымыз бар. Біз тұрғындар пікірін ескеріп, Казталов және Жалпақтал ауылдарына арнайы қоғамдық көлік қызметін ұсындық. Жуырда халық жұмысын сынға алып, шағымданған кассирді жұмыстан шығарып, орнына жергілікті азаматшаны қызметке алдық. Дегенмен кассирге шағым әлі азаяр емес. Оның жұмыс уақыты 10:00-ден 12:00-ге дейін. 12:00-ден кейінгі уақытта қалған билетті үйден сатуға құқы бар. Билет автобус қалаға кеткен уақыттан бастап келесі күнге сатылу керек. Осы тұста жаңа жұмысқа кірген азаматша билетті бірнеше күн бұрын сатқандығын, оның себебін қыстақтардан келген ағайынның жағдайын ескердім деп түсіндірді. Ол әрекеті үшін ауызша ескерту берілді. Билет алуды онлайн жүйеге ауыстырғанымызбен, ол тиімсіздігін көрсетіп, кассир өз жұмысын жалғастыруда, – дейді «Жиенбай» ЖШС жолаушылар тасымалы бөлімінің басшысы.
Даудың бел ортасында жүрген кассир Нұрлы Аймағанбетованы да әңгімеге тарттық.
– Таңғы сағат 5-те автобус қалаға жөнелтілген сәттен бастап, халық билет алуға асығады. Билет сату жұмыс уақыты 10:00-ден 12:00-ге дейін екендігін түсіндірсем де, билеттердің таусылып қалатындығын ескерген тұрғындар кезегі толастамады. Қазіргі уақытта билетке бірнеше күн бұрын тіркеліп, сапарға шығар алдында бір күн бұрын билетінің ақшасын төлеп алады. Бұл өзінің тиімділігін көрсетіп, тұрғындардың да кезегі азайып, дау да орын алмады. Елдің аузына қақпақ бола алмасымыз анық, әрине. Бірі түсінеді, бірі түсінбейді. Десек те, талап бар, ереже бар. Мен де «Жиенбай» ЖШС ережесімен заңды түрде қызмет атқарып отырмын, – деді ол.
Иә, халықпен жұмыс істеу қиынға соғары сөзсіз. Тек аудан орталығы ғана емес, ауданымыздың барлық ауылдық округтері тұрғындары да билет алуға асығып, бірнеше күн бұрын келеді. Бірі жеке шаруасын алға тартса, бірі балаларын оқу жылына дайындап әлек. Такси бағасы да қалтаға салмақ салғандықтан, автобусқа билет алып, кезегін күтуге мәжбүр. Ал әлгі жоғарыда атап өткен әлеуметтік желідегі топтағы жазбаларға зер салып, қолданушылар жүктеген бейнежазбалар мен аудиожазбаларды көріп, тыңдасаңыз, базардағы сауда ма дерсіз... Табаланған кассир, шыдамы таусылған халықтың жанайқайы Казталов ауылдық округі әкімі Ернар Бақтиярұлының халықпен кездесу жиынында көтеріліп, аудан әкімі Рүстем Зұлқашев сұраққа жауап берген еді. Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, мердігер тағы да қосымша қоғамдық көлік алуға мүдделі. Дейтұрғанмен, қаржылық қиындықтар мен субсидияның уақтылы төленбеуі қол байлап тұр. Бұл жөнінде «Жиенбай» ЖШС заңгері Амантай Қайырлиевпен тілдестік.
– Тасымалдаушы мен тапсырыс беруші «БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ арасында жыл сайын әлеуметтік маңызы бар автобус маршруты бойынша тұрақты қатынастарда жолаушыларды тасымалдауды орындау кезінде туындайтын шығындарды субсидиялау туралы шарттар жасалады. Шарттың талаптарына сәйкес Тапсырыс беруші Заңға және Қағидаларға сәйкес тасымалдаушының шығындарын жабу үшін субсидиялар төлеу жөнінде өзіне міндеттеме алды, ал тасымалдаушы жоғарыда көрсетілген маршрут бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыру кезінде іс жүзінде тасымалданған жолаушылар туралы құжаттарды ұсыну жөнінде өзіне міндеттемелер алған болатын. Тасымалдаушы 2019-2021 жылдар аралығында субсидиялау туралы шарттың барлық талаптарын тиісті түрде орындады. Алайда тапсырыс беруші тарапынан тасымалдаушының нақты шығындарын жабу бөлігінде өзіне қабылдаған міндеттемелердің тиісінше орындалмауы орын алды. Аталған мән-жайлар БҚО бойынша Ревизиондық комиссия жүргізген тасымалдаушының қызметіне, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын тексеруге қарсы тексеріспен расталды.
Тасымалдаушы тапсырыс берушіге субсидиялаудың жеткіліксіздігіне байланысты тасымалдаушының шығындары туралы бірнеше рет жүгінген. Алайда бұл мәселе 3 жылдан астам уақыт бойы оң шешімін таппады. Нәтижесінде тасымалдаушы автопаркті жаңа автобустармен жаңартуда қиындықтарға тап болып отыр. Тасымалдаушы тапсырыс берушіге және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға тасымалдаушының шығындарын өтеу мәселесін шешу туралы өтініш жасады. Мысалы, Вице-министр Б.Камалиевтің біздің өтінішімізге берген жауабы бойынша, «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабының 6-тармағына сәйкес, егер осы баптың 2-4-тармақтарына сәйкес белгіленген тарифтер жолаушылар тасымалының рентабельділігін қамтамасыз етпесе, жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялайды. Осылайша, Министрлік Тапсырыс берушіге шығындарды өтеу керек екендігі туралы түсініктеме береді, ал Тапсырыс беруші келісімшарт талаптарына заңда негізсіз шарттарды енгізу арқылы заң нормаларын өзгертеді, яғни Тапсырыс беруші тасымалдаушымен келісілмеген шығындарды өз қалауы бойынша жариялайды. Ол тасымалданған жолаушылар фактісі бойынша емес.
Шарттың талаптарын ережелерге сәйкес келтіру бөлігінде біз қарау сатысында тұрған аймақтың соттарына үш талап-арыз бердік. Сонымен бірге біз бұрын тасымалдаушыдан бір маршрут бойынша берешек сомасын өндіріп алу туралы сотқа жүгінетінбіз, онда сот осы қаржыландыру жоспарымен келіскеніміз бойынша талап қоюдан бас тартты. Аталған іс бойынша ҚР Жоғарғы сотына жүгінетін боламыз, – деді заңгер.
Жолаушылар шу етіп, даулаған билет құны тұрақты. Қосымша автобус шығару мәселесінің де жауабын алдық. Тек байбалам салмай, мердігер бекіткен тәртіпке бағынып, өз жоспарымызды құруымыз керек. Дау өрши беретін болса, мердігердің де Казталов – Орал бағытында қоғамдық көліктің жұмысын тоқтатуға толық құқы бар. Қоғамдық көлік болмаса, қымбат екен демей қалаға таксимен қатынайтынымыз анық. Ал такси мәселесі жергілікті атқарушы органдардың бақылауында. Бұл бағытта да жоспарлар бар екендігін бұдан бұрын да жазған болатынбыз. «Сабыр түбі – сары алтын» деп, автобус пен таксидің мәселесі оң шешімін тапса екен дейміз.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz