Бұл туралы ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқарма басшысы Бақытжан Әмірханов Президент жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Суреттің дереккөзі: qazaly.kz
Қазір «есірткі жасырып кетушілер» тек интернет арқылы жұмыс істейді. Мобильді қосымшаларды, Телеграм, Vipole және басқалар сияқты мессенджерлерді пайдаланады.Сол жерде олар әлеуетті сатып алушыларды табады. Төлем де қашықтан, онлайн төлемдер арқылы да жасалады. Төлем алынғаннан кейін сатып алушы есірткі жасырылған жердің координаттары бар сілтемені алады. Әдетте қылмыстық ортаға қатысушылардың ешқайсысы бір-бірін білмейді. «Есірткі жасырып кетушілер» интернет-ресурстар арқылы көтерме саудаға арналған ірі көлемдегі есірткінің жасырылыған жері көрсетілген координаттарын алады, – деді Әмірханов.
Оның айтуынша, ірі көтерме саудагерлер де есірткі өндірушілерді біле бермейді және есірткі партиясы туралы ақпаратты жасырын түрде, мессенджерлер арқылы алады.
Бұл қылмыстық схемалардың ұйымдастырушылары, әдетте, басқа елдерде отырады. Біздің мамандар есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын жарнамалар мен сайттарды, посттарды, блогтарды анықтау үшін Интернет кеңістікке мониторинг жүргізеді. Жыл басынан бері осындай 1600- ден астам интернет-ресурс анықталып, бұғатталды. Есірткіні интернет-ресурстар арқылы өткізу фактілері бойынша 153 қылмыстық іс тіркелді. Есірткіні жарнамалау және насихаттау бойынша 76 қылмыстық іс тергеліп жатыр, – деді ол.