Мемлекетімізді демократиялық, зайырлы және құқықты ел ретінде айқындайтын басты құжат – Конституция. Конституция – бұл негізгі заң, демек, бүкіл заң атаулының қайнар көзі, бастауы. Кез келген мемлекеттік құрылым, мекеме, ұйым Конституцияны басшылыққа ала отырып, өзінің міндет-миссиясын атқарады. Еліміздің негізгі заңының қабылданғанына биыл – 27 жыл. Осы аралықта Конституцияға бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бүгінде тәуелсіздіктің төлқұжаты саналатын Ата заң халық пен мемлекет арасындағы коммуникативтік күшке айналды. Биылғы 8 маусымда ҚР Конституциясының үштен бір бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Қазақстан Республикасы Президенті 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Ата заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады. Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл құрылымға тікелей жүгіне алмайды. Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын. Бұдан басқа елімізде 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттама қосылды. Сондықтан өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет» деген болатын. Оған қоса Мемлекет басшысы: «Референдум – демократияның маңызды институты. Мұндай шара арқылы маңызды мәселелерді шешу барысында халықтың пікірі ескеріледі» деп стратегиялық бағыт-бағдар жөнінде шегелеп айтты. Сөйтіп, 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өтті. Референдумның нәтижесінде қоғамның қатысуы мен қолдауы негізінде 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституцияға 35 бөлімнен тұратын толықтыру енгізілді. Негізгі Заңға енгізілген өзгерістердің мазмұнына қысқаша түсінік беріп кетейін.
Конституцияның 6-бабының 3-бөлігінде Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болған еді. Ал қазір Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болды. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектеулер аясында жеке меншікте де болуы мүмкін. Тағы бір өзгеріс, еліміз өлім жазасынан түпкілікті бас тартты. Мәселен, бұрынғы редакциядағы 15-бап бойынша террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр ретінде өлім жазасы белгіленген. Бірақ ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар еді. Ал жаңа редакцияда ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады.
Ата заңның Конституциялық Кеңес деген бөлігі Конституциялық сот деп өзгертілді. Конституциялық сот азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қорғайтын Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілердің Конституциясына сәйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды.
Азаматтардың Конституциялық сотқа жүгіну тәртібі мен шарттары конституциялық заңда айқындалған. Одан бөлек, Конституциялық сот адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өтініші бойынша қарай алады. Демек, Жаңа Қазақстанның азаматтарына Конституциялық сотқа өз бетінше жүгіну құқығы берілді.
Конституцияның VII бөлімі «Соттар жəне сот төрелiгi» деп аталатын, ал қазір «Прокуратура. Адам құқықтары» жөніндегі уəкіл деп толықтырылды. Осы бөлімдегі 78-бапқа сай Соттардың Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерді қолдануға хақысы жоқ. Егер сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтік-құқықтық акт адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, іс жүргізуді тоқтата тұруға болады. Сондай-ақ бұрын осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық кеңеске барса, енгізілген өзгертуге байланысты Конституциялық сотқа жүгінуге міндетті.
Сонымен қатар Конституция 83-1-баппен толықтырылды. Бұл бап адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметіне байланысты. Еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уəкіл адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жəрдемдеседі. Адам құқықтары жөніндегі уəкіл өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тəуелсіз болады жəне мемлекеттік құрылымдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді. Адам құқықтары жөніндегі уəкілдің құқықтық жағдайы жəне қызметін ұйымдастыру конституциялық заңмен белгіленеді. Жоғарыда аталыпөткен Конституциялық сотқа Адам құқығы жөніндегі уәкілге және Бас прокурор да Конституциялық сотқа жүгіне алады. Бұл – бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам. Тұрақтылығы мен тыныштығының қаймағы бұзылмаған елдердiң қатарында Қазақстанның да болуы 27 жылдық тарихы бар Ата заңның арқасы. Конституцияның басты мақсаты – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Сондай-ақ ол – мемлекеттің тірегі, тәуелсіздіктің кепілі. Заңы үстем елдің заманы қашан да тыныш болмақ. Сондықтан Ата заңымызға құрметпен қарап, тәуелсіздігімізді, ырыс-ынтымағымыз бен береке-бірлігімізді бағалай білейік!
ГүлжиҺан Сағитова,
Казталов аудандық сотының судьясы