«Кеміргіштер» деген ортақ атауға біріктірілген мақұлықтар жер бетінің тек мәңгілік мұз басқан жерлерінен басқа аумақтың бәрінде тіршілік етеді. Дүние жүзінде кеміргіштердің 32 тұқымдасқа жататын 2500 түрі бар көрінеді. Елімізде соның 15 тұқымдасының 82 түрі кездеседі дейді ғаламтор мәліметінде. Батыс Қазақстанда, соның ішінде Теректі ауданында осы кеміргіштердің көптеген түрін кездестіруге болады.
Фото дереккөзі: kk.unistica.com
Далалық жерді мекендейтін тоқалтістер, құмтышқандар, аламан, атжалман, саршұнақтар, балпақ, зорман, үй маңынан табылатын кәдімгі қаптесерлер мен егеуқұйрық көрер көзге зиянсыз көрінгенмен, келтірер кеселі бар.
Шаруашылық, әсіресе тоқалтістер мен қаптесерлерден зиян тартуда дейді мамандар.
Онша қоныс таңдамайтын тоқалтістер тіршілікке қолайлы жердің барлығында қоныстанған. Інде тіршілік етеді. Қыс айларында шөмелелердің, қардың астын ұя жасап, сонда мекендей береді. Негізгі қорегі – жасыл өсімдіктер. Қысқа азық қорын жинайды. Қыстың күні шөп маялары мен қардың астында да көбеюі мүмкін. Әр көбейген сайын 1-ден 10-ға дейін ұрпақ береді. Кеміргіш егін шаруашылығына едәуір зиянын тигізеді, жер бетіндегі және оның астындағы өсімдік бөліктерімен қоректенеді. Бір күннің ішінде кәдімгі тоқалтіс 4,6 г астық дәнін немесе 22,2 г көк-жасыл өсімдікті жейді. Кәдімгі тоқалтіс әр түрлі дала дақылдарына, көпжылдық шөптерге, әсіресе, жас жеміс және орман көшеттердің қабығын кеміріп едәуір залал тигізеді.
Күзде қамбаға құйылған дәнге құмар кеміргіштердің зияны жайлы айтпасақ та белгілі. Дәнді құртқаны өз алдына, сол дән арқылы ауру да таратады.
Кеміргіштер сальмонеллез, оба, сарып, тулерямия, күйдіргі сияқты адамға аса қауіпті ауруларды таратушы.
1720 жылы Францияның теңіз қақпасы – Марсель портында без обасы 100 мың адамның өмірін жұтқан. Ауру Жерорта теңізі арқылы елге кірген корабльден таралған. Обаның көзі – кеміргіш.
Өткен ғасырларда оба қазақ жерін де жайлады. 1905-1906 жылдардағы, 1923-1924 жылдардағы обадан мыңдаған адам жер жастанды. Содан бері ғасырдан аса уақыт өтсе де, біздің өңір обаның табиғи ошағы болып отыр. Арнайы құрылған обаға қарсы бекеттер мен белсенді жүргізілген шаралар арқасында обаның аты қазір естілмейді.
Бұл кеміргіштерден келген кеселдің бірі ғана.
Теректі ауданы аумағында осыдан екі-үш жыл бұрын кеміргіштерден келетін тағы бір қауіпті ауру - бүйрек синдромды геморрагиялық қызбасының ошағы болған-ды.
Бұл ауру жөнінде Теректі аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысының міндетін атқарушы Әлия Мұхамбетқалиева:
- 2018-2019 жылдары Батыс Қазақстан облысында Орал қаласы, Бөрлі, Бәйтерек, Шыңғырлау аудандары және біздің аудан аумағында бүйрек синдромды геморрагиялық қызба көзі табылғаны рас.
Бүйрек синдромды геморрагиялық қызба – табиғи-ошақтық вирустық ауру. Белгілері – қалтырау, улану, бүйректің зақымдалуы және қанауға бейім болуы. Қоздыру көзі – дала қаптесері, тоқалтіс тышқандар. Адамға ауа-тозаң, ауру кеміргіштердің нәжістерімен ластанған азық-түліктің сыртын жумай жегеннен немесе сондай бұйымдарды ұстап, қолын жумастан аузына салғаннан болады.
Ауру жазда және күздің орта кезінде, ауру қоздырғыштары – тышқандар белсенді тіршілік ететін кезде жиі кездеседі. Бұл ауру адамнан адамға жұқпайды. БСГҚ жеңіл не орта түрімен ауырғандар жазылып кетеді. Ал аурудың ауыр түрінде асқынуға шалдыққандар өкпе ісінуі, жүрек жұмысының жеткіліксіздігі, бүйрек қабының зақымдануы не жарылуына ұшырауы мүмкін. Аса асқынған кезде бұл ауру өлімге де соқтыруы ықтимал,- деп кеміргіштен келер кесапат жайын айтты.
- Соңғы жылдары бұл аурудан тыншыпыз. Жыл басынан бері кеміргіштерден келетін кеселдің алдын алу мақсатында біз төрт ауылда зоологиялық барлау жүргіздік. 242 кеміргіш ауланып, сараптамадан өтті. Әзірге қауіпті жұқпалар жоқ. Десек те, бейқам отыруға болмайды. Адам өміріне қауіпті ауруға қарсы ауылдарда «дератизация», яғни, кеміргіштерді жою жұмыстары жүргізілуі тиіс. Сондай шара Теректі ауылдық округінің Қабылтөбе ауылында атқарылып, он бес шақты үйде кеміргіштер уланды. Бұл ауылда БСГҚ анықталып, эпизоотикалық қолайсыз деп танылған болатын. Сондықтан дератизация жасап отыру керек. Жалпы, бұл шараны қай ауылда да қолға алса, артық болмас еді, - деп хабардар еткен Әлия Мұратқызы: «Кеміргіштерді жоюмен қатар аула-аумақты тазалау жұмыстарын естен шығармаңыз. Үйінділерге тышқандар үйір келеді. Аула, қора-қопсыны таза ұстап, сырттан келген кезде беті-қолыңызды жуып кіру біраз жұқпалы аурулардың алдын алады. Жеміс-жидек, көкөністі де тазалап, жуып жеңіз»,-деген кеңес береді.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz