31.08.2022, 16:00
Оқылды: 511

Ерінбеген жететін «еңбек» деген байлық бар

Ойпырым-ай, ә? Аяқ-қолы сау, бет әлпеті соңғы үлгімен (кірпік, қас, ерін жасалған) «әспеттелген» жас-кәрісі бар әйел адамдардың «Бізде жұмыс жоқ, мемлекеттен пайда болмайды, үкімет қайда қарап отыр?» деп кім көрінгенімен айқайласып, ұрсысып жүргендерін көргенде таң қаламын. Тіпті кейде аяймын. Не үшін? Өйткені, «еңбек» деген асыл сөзді ұмытқаны үшін, расында да, аяп тұрамын. Ерінбеген жететін «еңбек» деген байлық бар екенін білмейтіндері үшін жаным ашиды.

11

Жалпы, елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяры хақ. Тоқ етері, еңбекқор жандар әрдайым  өз ісінің шыңына шығып, айналасының құрмет-қошеметіне бөленген. Міне, бәрі еңбектің арқасы! Мұндай жандар жоғарыда аталған әйелдер қауымына үлгі болса екен дейміз. Осыны мақсат тұтып, подстепныйлық іскер Жәмиға Хамитовамен тілдестік.

Қарамаңыз бағаға, мән беріңіз сапаға 

Теректі ауданында шағын болса да өз кәсібін дөңгелетіп, нәпақасын тауып жүрген жандар қатары күннен-күнге артып келеді. Солардың бірі - Жәмиға Абдоллақызы. Ол 1983  жылы Алматы қаласындағы технология және жеңіл өнеркәсібі бойынша техникумға оқуға түсіп, 1986 жылы тәмамдаған.

- Оқуды аяқтаған соң, мені Орал қаласындағы трикотаж фабрикасына үш жыл жұмыс істеуге жолдамамен жіберді. Бұл жерде технолог болып қызмет атқардым. Негізі Атырау қаласы Сағыз бекетінде дүниеге келдім. Оралда  қызмет бабымен жүргендіктен, осы жақта тұрмыс құруды құп көрдім, - деген кейіпкеріміз ең әуелі мамандығы хақында әңгіменің тиегін ағытты. Одан әрі қазіргі уақытта шұғылданып отырған кәсібінің тінін тарқатты.

- Марқұм Раухан анам өте шебер кісі еді. Он саусағынан өнер тамған жан. Текемет, шәлі, шұлықты әдемі тоқитын. Кәжекейлердің сан алуан түрін тікті. Анамның осындай ісмерлік қасиеті маған да дарыса керек, оқушы кезімнен бастап қолымнан ине-жібім түскен емес. Әзірге зейнет жасына жетпедім, елу сегіздемін. Жұмыс жоқ деп қол қусырып отырғаным жарамас деген оймен шеберлік курстарға қатысып, аяқ киім тігуді үйреніп алдым. Оған қажетті мықты табан, сапасы жоғары жіптерді Алматы қаласынан алдыртып отырамын. Тігін машинасымен емес, кәдуілгі ілмекпен тоқимын. Сосын сатылымға шығарамын. Мәселен, үйдің ішіне киетін аяқ киім - 5000, ал сыртқа арналған аяқ киімдер 10 000 теңгеден тұрады. Бұлар жуып алуға ыңғайлы. Сонымен қатар ешқандай қоспа араласпаған. Қолдан жасалғандықтан, таза әрі табиғи аяқ киімдер,  - дейді шебер.

Жалпы, бүгінгі таңда жас болсын, кәрі болсын әдемі, осы заманғы сәнге сай аяқ киім киюге тырысады. Алайда сол аяқ киімнің қаншалықты сапалы және ыңғайлы екеніне көбі мән бермейді. Бағасы арзан деп сапасы төмен, жасанды материалдан жасалған аяқ киімдер алады. Ал олардың денсаулыққа әсер ететіні тағы бар. Мамандар сапасыз киім-кешек, аяқ киімнің салдарынан адам  түрлі кеселге душар болатынын айтады. Жасанды теріден тігілген аяқ киім буын, аллергиялық ауруларға шалдықтырумен қатар, қатерлі ісік ауруларының асқынуына да әкеліп соқтырады. Сарапшылардың зерттеу қорытындысы осыны дәлелдеп отыр. Сондай-ақ еліміздегі бүлдіршіндердің 75 пайызы жалпақ табан дертіне шалдығыпты. Әскери борышын өтеуге жарамсыз жастардың басым бөлігі де майтабан ауруымен ауырады. Бұған аяқ киімдердің анатомиялық параметрлері сәйкес келмеуі себеп. Сондықтан да  аяқ киім аларда бағаға емес, сапаға мән  бергеніңіз жөн. Айтпақшы, «Жақсы аяқ киім жақсы жерге жетелейді» деген тәмсілді де біле жүріңіз!

Сөмке – әрбір нәзік жандының айнасы

 Сөмкенің арулардың күнделікті өмірінде маңызды рөл атқаратын бұйым болып саналатынына ешкім таласпас. Қай жерге барса да қолдан түспейтін сөмке үлкен-кіші көлеміне, түр-түсіне, сырт пішініне, арзан-қымбаттығына байланысты иесінің мінез-құлқынан хабар беріп тұрады. Бір сөзбен айтқанда, сөмке - әрбір нәзік жандының айнасы. «Әйелдің аяқ киімі мен сөмкесі қымбат болу керек» деген қатаң қағиданың сан ғасырлар бойы сақталып келуінің себебі де сондықтан.

12

Еңбекқор Жәмиға Абдоллақызының екінші кәсібі - заманауи сөмке тігу.

- Әр істің оңайы болмайды. Аяқ киім, я болмаса сөмке тігу шыдамды, сабырлы болуды қажет етеді. Бұл жерде ұшқыр қиял басты рөлді атқарады. Сосын босқа уақыт өткізгенше, пайдалы іспен шұғылданған жақсы. Сөмке тігуге қажетті құрал-жабдықтарды, яғни түрлі моншақтар мен жіптерді де Алматыдан алдыртамын. Сөмкелерімнің бағасы — 5000, 10000 теңгені құрайды. Қос кәсібім де соңғы уақытта сұранысқа ие. Тұтынушылардан түскен қаржы құрал-жабдыққа жұмсалатын ақшаны өтеп отыр, - деген Жәмиға апай әр істің көзін таба білудің қыр-сырымен бөлісті.

13

Шебердің қолынан шыққан аяқ киім мен сөмкеге тек Подстепный ауылы ғана емес, сонымен бірге Орал, Атырау, Ақтөбе қалаларынан да тапсырыстар түсуде. Сондықтан шебер талғамы жоғары тұтынушының ойын дөп басып, көңіліндегідей етіп жасап шығару үшін күндіз-түні жұмыс істеп барын салатынын тілге тиек етті. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, елге ерекеше әдемі әрі сапалы тауар ұсынуды көздеп отыр.

Айта кетейік, таяуда аудан орталығында «Бір ауыл - бір өнім» жобасының іріктеу кезеңі өткен болатын. Оған Жәмиға Хамитова  да қатысты.

- Келінім де  ісмерлікпен айналысады. Оның ұсынысымен «Бір ауыл - бір өнім» жобасына қатысып, жалпақ жұртшылыққа кәсібімді көрсеттім. Көптің шұғылданып жүрген жұмысы ғой, менің туындыларым орын алмайтын шығар деп ойлап едім. Маңдай терімді төгіп істеген шаруам комисия құрамының көңілінен шығып, жүлделі екінші орынға ие болдым, - деген кейіпкеріміз адал кәсібінің еленгеніне ерекше қуанғанын жеткізді.

Тындырымды тірлік табысқа бастайды

 Қандай да болмасын шаруаны дөңгелетіп, тындырымды тірлік атқаратын жан-жақты жандар болады ғой. Міне, біз сөз еткен Жәмиға Абдоллақызы - осындай жан. Ол кісі әркез «екі қолға бір күректің» табылатынын айтудан жалыққан емес...

Орал қаласындағы «ЮлАнИл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің оқу орталығында кәсіп саласы хақында білімін шыңдап, куәлікке қол жеткізді. Сайып келгенде, 583 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грантты ұтып алған. Оған сиыр сатып алып, сүтін сауып, қаймақты шайқап, май дайындап отыр. «Еңбегің өнімді болса, көңілің сенімді болар» деген осы шығар!

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале