1.09.2022, 19:07
Оқылды: 58

Ақтөбеден жүлдемен

Мешітке келетін жамағат арасында ауызбірлік болуы маңызды. Сондықтан түрлі деңгейде шаралар ұйымдастыру мешітке келуші жандардың арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтады. Дін тақырыбындағы түрлі семинарлар, білім жетілдіру сайыстары мен спорттық шараның өтуі - жамағаттың жан-жақты дамуының көрсеткіші. Бөрлі аудандық мешіті мен «Парасат» ҚБ ұйымдастыруымен аудан көлемінде екі жыл қатарынан ұйымдастырылған спартакиада мешітке келушілердің спортқа деген құлшынысын оятты. Ал Бөрлі ауданы мешіті жанынан 2018 жылы құрылған футбол командасы осы күнге дейін түрлі дәрежедегі футбол чемпионатында жеңіске жетіп келеді.

29

Осындай ақжолтай хабар жақында Ақтөбе қаласынан жетті.

Дәлірек айтсақ, Ақтөбе қаласы мешіті жамағатының ұйымдастыруымен өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Бөрлі ауданының намысын “Ақсай мешіті” командасы жеңімпаз атанып, жанкүйерлерін қуантты.

Аталған біріншілікте еліміздің Шымкент, Нұр-Сұлтан, Атбасар, Орал, Ақсай, Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларынан барлығы 10 команда алаңға шықты. Футбол алаңында ешкімге дес бермей бірінші орынды жеңіп алған Бөрлі ауданының командасы болса, екінші орын Ақтөбе, үшінші орын Атырау қалаларының командаларына бұйырды.

Осы біріншілікте команда капитаны Айбар Дуюсов турнирдің “Үздік қорғаушысы” аталымымен марапатталды.

Айта кетейік, Ақсай мешіті футбол командасы 2018 жылы құрылып, жыл сайын команда сапы жаңа ойыншылармен толығып отыр. Барлық ойыншылар жергілікті жамағат арасынан жиналды. Осыған дейін бірнеше мәрте мешіт жамағаты арасында чемпион атанды. Оған қоса қайырымдылық турнирлерінде жеңіске жетіп жүр. Әр ойында команда мүшелері түрлі аталымдармен марапатталуда.

Алдағы уақытта команда жамағат арасында өтетін ел чемпионатына бармақ. Ол үшін команда мүшелері қазір қызу дайындықты бастап кетті. Команда Бөрлі аудандық мешіті мен «Парасат» ҚБ қолдауымен көптеген турнирлерге қатысып, мүшелері спорттық киімдермен қамтамасыз етілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай чемпионаттар мешіт жамағаты арасында ауызбірлік, бірізділік, достық қарым-қатынасты нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға негіз болмақ.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале