6.09.2022, 9:47
Оқылды: 192

«Қызыл бүрген» немесе Шукшиннің орындалмаған өсиеті

Орыс халқының ұяты мен ар-намысына айналған жазушы, кинорежиссер әрі актер Василий Шукшин 1974 жылы 46 жасында өмірден өтті. Жазу мәнері жағынан оны біз бірде Бейімбет Майлинге, бірде Роллан Сейсенбаевқа, көбінесе Оралхан Бөкейге ұқсатып қалатынбыз.  Ол прозалық шығармалары арқылы ауыл мен қала өмірін, ондағы тұрғындардың мінез-құлқын қалтқысыз, риясыз суреттеді.

1

Ауылда туып, ауылда өскен біздер оның «Новый мир» журналы мен 1970 жылдары баспадан шығып жатқан әңгімелерін құмарта оқып, «Шукшин ауруымен» ауырдық. Сол кездегі үлкенді-кішілі басшылар мен қарапайым халықтың психологиясын, сана-сезімін сюжет арқылы тап басып суреттеуде жазушы алдына жан салмады. Атақты жазушы орыс Алтайының Сростки ауылында өмірге келді. Шукшиннің әңгімелері мен фильмдері арқылы бұл ауылдың аты төрткүл дүниеге танымал.  Бүгінде осы ауылдағы жазушының музейі, шеберлердің оны қолдан қашап жасаған мүсіндері ауыл ажарын ашып тұр. Алтайға саяхаттап барғандар Шукшиннің деревнясына ат басын бұрмай  кетпейді.

Жазушының әкесі Макар ортақол шаруа болған. Ұжымдастыру кезінде бар мал-мүлкінен айырылып, кейін Кеңес өкіметі тарапынан айыпталады. Түрмеге қамалып, ату жазасына кесіледі. Екі баласымен жесір қалған Василийдің анасы Мария жоқшылықпен бетпе-бет жолығады. Тіпті у ішіп, өлгісі келеді. Алайда екі баласына деген аналық махаббаты өмір сүруге жетелейді. Әскерден келген Вася ауылындағы мектепте арнайы курстан дәріс алады. Сөйтіп, ауылдық мектепте орыс тілінен сабақ береді. Екі-үш жылдан кейін мектеп директоры болады.  Балалық шағынан актер болуды мақсат тұтқан ол 1954 жылы Мәскеуге аттанады. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының (ВГИК) режиссерлік факультетіне қабылданады. Оқуға қабылданарда одан сынақ алған, 1950 жылдары «Мечта», «Секретная миссия», «Адмирал Ушаков», «Коробли штурмуют бастион» фильмдерімен көпке танымал болып қалған режиссер Михаил Ромм: «Сіз Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын оқыдыңыз ба?» деген сұрақ қояды. Сонда Шукшин: «Ол кітапты оқыған жоқпын. Тым қалың шығарма. Уақытым болмады» деп жауап береді. Бұған аң-таң болған режиссер: «Сен сонда бірде-бір қалың шығарма оқымадың ба?» дейді. Сонда Шукшин саспастан: «Неліктен олай дейсіз? «Мартин Иденді» оқығанмын. Өте жақсы шығарма» деп қысқа қайырады. «Мына түріңізбен қалай мектеп директоры болдыңыз?» дейді режиссер оны тұқырта түсіп. «Оның не қиындығы бар, мектептің отын-суын, қыстық қамын, оқытушыларын тас-түйін дайындап, балалардың емін-еркін білім алуына жағдай жасайсың. Қалың кітаптарды оқып отыратын ауылда уақыт та болмайды» деп шынын айтады. Жауабына риза болған режиссер оған үздік баға қойып, оқуға қабылдайды.

Василий Макарович оқуға түсіп, бітіргеннен кейін М.Горький атындағы киностудияда 10 жылдай қызмет істеп, «Живет такой парень» (1964), «Ваш сын и брат» (1966), «Странные люди» (1970), «Печки-лавочки» (1972) сияқты інжу-маржан (шедевр) фильмдерді түсірді. Жоғарыда аталған Шукшин шығармаларының нақ ортасында талантты, құлқынын ойламайтын, мещандық, тұтынушылық құлықтан ада кейіпкерлер тұрды.  Бір сөзбен айтқанда, оның туындыларынан айна-қатесіз Шукшиннің өз бейнесін көрдік.  1973 жылы ұстазы Михаил Роммның көмегімен елдегі бас киностудия «Мосфильмге» қызмет істеуге шақырылады. Осы киностудияға қызметке келгесін «Қызыл бүрген» («Калина красная») фильмін түсіруді бастайды. Бұл драманы Шукшин 1973 жылы жазған. Сол жылы «Наш современник» журналында жарияланған. Хикаят фильмге бірден сценарий ретінде жазылып, картина 1974 жылы сәуірде көрерменге жол тартты. «Қызыл бүрген» - Шукшиннің өзі өмір сүріп жатқан қоғамға, әлеуметтік-таптық көзқарастарға, анасына, жарына, жайбарақат та момын, адал да шарасыз халқына деген кіршіксіз махаббаты мен сағынышына қойылған ескерткіші іспеттес. Кеңестік жүйе адамдардың бойына комплекс қалыптастырды. Сол комплекстен шыға алмаған Егор түрмеге түскен адам қоғамға сіңіп, араласып кетуі мүмкін емес деп ойлайды. Алайда ол фильмде ішкі жан дүниесінің әсері мен сағынышын, мейірімін, жақсылығын ашық көрсетеді. Түрмеден шыққан бойда таксиге отырып, құжынаған, сапырылысқан ортаға бет түзейді. Жол бойында таксиді тоқтатып, аққайыңды құшақтап, еркелетіп, шопырға: «Егер менде үш өмір болса, біреуін міндетті түрде түрмеде өткізер едім, екіншісін саған берер едім, ал үшіншісін өзім қалағанымша сүрер едім» деуін қапелімде түсінбей қалған көрерменге тосындау көрінеді. Тосындау демекші, фильмдегі бас кейіпкер Егордың анасының рөліне алғашқыда Шукшин КСРО халық әртісі Вера Марецкаяны түсіруді жоспарлаған. Фильмді түсіру кезінде актриса қатты ауырып қалған. Сөйтіп, режиссер күтпеген жерден Куделиханың рөліне Вологодск облысына қарасты Садовая ауылында тұратын қарапайым орыс кемпірі Ефимия Быстрованы түсіру туралы шешім қабылдаған. Өзін киноға түсіріп жатқанын сол кездегі 81 жастағы сауатсыз шаруа кемпір білмеген. Фильмде кейуана өзінің ұлдарын, олардан қалай айырылып қалғанын, еш боямасыз, қалтқысыз айтып отырады. Егор түрмеден шыққаннан кейін қосылған әйелі Любаға өтірік айтып, кейуананы досымның анасы деп таныстырып, өзі келесі бөлмеде анасының әйеліне айтқан әңгімесін көзіне қара көзілдірік киіп алып, тыңдап отырады. Бас кейіпкер өзегін өртеген өкінішін, жылдар бойғы сағынышын жасыра алмай, ауылдан ұзай бере, машинадан секіріп түседі. Қара жерді құшақтай құлап, қатты күйіне жылап, әйеліне бар шындықты айтады. Анасы қасына келіп тұрса да, Егордың өз комплексін жеңуге күші жетпеді. Анасына жете алмаған күйі фильм соңында түрмеде өзімен бірге отырғандардың қолынан қаза табады. Анасы демекші, Куделиханың рөліндегі Ефимия Быстрова кейуана Шукшин қайтыс болғаннан соң екі жылдан кейін, яғни 1976 жылы дүние салды. Баласындай көрген Шукшиннің қазасын естіген ол Васяның суретін үйінің төріне іліп қойып, ағыл-тегіл еңіреп жылаған деседі.

Тізе берсе, фильмде егжей-тегжейіне дейін мән беретін мұндай детальдар жетеді. Фильмдегі аққайыңдар, қара жер және қызыл бүрген оқиғаның өзіндік мәнерін, ерекшелігін ашып, символикалық мағына береді. Туындыны түсініп қараған көрерменге Егордың қара жерге шалқасынан түсіп, жан-тәсілім етуі, өлер алдында да аққайыңды құшақтап жатуы, қолтық тұсынан аққан қызыл қан Любаның сызылтып шырқайтын, тірісінде жете алмай, арманнан өкінішке айналған «Қызыл бүрген» сияқты көрінеді. Қылмыстық әлемнің беделді элитасы бұл фильмді көріп, Шукшинді өмір шындығынан алшақ кеткендігі үшін кінәлайды. Олардың өз кодексі бойынша Егор Прокудин кинода суреттелгендей қылмыскерлер әлемінен алыстамауы және өлмеуі керек көрінеді. Бұл кодексті Шукшин білді ме, әлде білмеді ме, ол жағы бізге белгісіз. Түйсігімізде режиссердің Егордың өліміне аса маңыз бергендігі аңғарылады. Осы арқылы бұл өмірде адам баласы қандай да бір күнә жасаса, ақыр соңында оның өтеуі, қайтарымы болады деген түйін тастаған. Бұны Шукшиннің: «Адамның өзін тәрбиелеп өсірген туған жерінің алдында жауапкершілігін айтқым келеді. Қазір елімізде, жерімізде болып жатқан жақсылықтар мен жамандықтарға, өтірік айту, ұятсыздық, масылдық, қорқақтық және сатқындық атаулының бәрі-бәріне түбінде жер басып жүрген тірілер, біздер жауап береміз. Оның төлемақысы да көп болады. Негізінен «Қызыл бүрген» фильмінде де айтпағым осы еді» деген өз сөзі арқылы түсінеміз.   Шукшиннің кейінгі ұрпағына айтқан бұл ғибрат сөзі (өсиеті деуге де болады) орыс халқының бәрінің бірдей құлағына жете қоймады. Аталған фильмнің қойылымынан соң арада 15 жыл өткенде әлемдегі ұлы держава атанған Кеңес Одағы күйреді. Ұлты орыс бас хатшы М. Горбачев елді ішінен ірітіп, батысқа сатып кетті. Ресей Президенті, жебірей, екіжүзді Б.Ельцин бұл үрдісті жалғастырып, құтырынып, кіжініп, орыстардың түп-тамырына балта шапты. Алып держава космополиттер мен шетелдіктердің балағат, былапыт сөздеріне көміліп қалды. Шукшиннің 15 жыл бұрын ескерткен өсиетін ешкім есіне де алған жоқ. Ол елде болып жатқан мұндай масқараны көрсе, онсыз да әлеуметтік әділетсіздіктен зақымданып, тілім-тілім болған жүрегі жарылып кетер ме еді, кім білсін?..

Шукшиннен екі қыз қалғандығы көпке мәлім. Кіші қызы Ольганың дін жолына түскендігінен хабардармыз. Үлкен қызы Мария «Күт мені» («Жди меня») телехабарының жүргізушісі болды. Сондай-ақ 2000 жылдары түсірілген «Брежнев», «Папа на все руки», «Служба доверия», «Возьми меня с собой» және тағы басқа фильмдерде басты рөлдерде ойнады. Екі қызының да әкесіне тартпағанына көңіліміз жадағайланып қалушы еді. Алайда қан, тек деген жібермейді екен.

Былтыр тамызда Ресей Премьер-министрі М. Мишустиннің қолынан мемлекеттік марапат алып тұрып, Мария Шукшина халықтың кө­ңілінде сыздауықтай жарылайын деп тұрған жараны жайып салды. Ол мәдениетсіздік деген вирус коронавирустан да қауіпті болып тұрғанын, тұтастай бір буынның санасын жаулап алғанын, ар-ұяттың, тәрбиенің, иманның, адамдықтың болмауы түзеуге келмейтін қателіктерге жол беріп, бүтін бір ұлтты дүбәралыққа душар ететінін  жеткізді.

– Осыдан-ақ сырттан бадырайып көрініп тұрғандай, адамдарға әлеуметтік сынақ жүргізіліп жатқанын айтқызбай-ақ ұғуға болады. Адамдар бір-бірін жек көретін дәрежеге жеткен. Жеме-жемге келгенде адамдар бір-бірін қырып тастайтын секілді. Бүгінгі соғыста ешкім қолына қару алып, жауға қарсы ашық шаппайды. Олардың барлығы қазір БАҚ-қа, білім мен мәдениет, денсаулық саласына еніп алған. Ең бастысы, мұның барлығы мақсатты түрде жасалып жатқан рухани диверсия екенін ешкім түсінгісі келмейді. Яғни адамды адамдықтан кетіру, бір-бірін алауыз ету. Әрине, ел арасында рухани құндылықтарға деген сұраныс жоғары. Алайда азып-тозудан шаршады қазір жұрт, маған сеніңіздер. Бұл арада азаматтық қоғамның басым бөлігі туралы айтып отырмын. Мұны көрмеу, айтпау – адамзат алдындағы үлкен қылмыс. Бұл – қазіргі адамдардың жанайқайы. Мен тек оны жеткізушімін, – деп Мария Шукшина бүгінгі қоғамдағы ащы шындықты ашына айтты. Көптің көңілінен шыққан оның сөзі әлеуметтік желіде айтарлықтай резонанс тудырды.

P.S. Өр Алтайдың топырағында туған Василий Шукшин актер, режиссер, жазушы ретінде Кеңес өкіметінің жоғары марапаттарына ие болды. Оның сценариіне жазылған көптеген фильм посткеңестік елдерде кеңінен танымал болды. Мысалы, 1977-2010 жылдар аралығында экранға жол тартқан «Позови меняв даль светлую», «Праздники детства», «Свояки», «Крепкий мужик», «Обида», «Верую!», «Охота жить» сияқты Василий Макаровичтің әңгімелері бойынша түсірілген фильмдерді көрермен көпшілік қызыға тамашалады. Шукшин қайтыс болғаннан кейін оған арнап композитор Евгений Птичкин «Калина красная такая» деп аталатын ән жазып, тамаша туындыны Людмила Зыкина, Ольга Воронец, София Ротару секілді белгілі әншілер тамылжыта шырқады. Осы арада қазақ Алтайында дүниеге келген халқымыздың классик жазушысы, жазу стилі Шукшинге өте ұқсас Оралхан Бөкей туралы бір-екі ауыз сөз қосқанды жөн көріп отырмыз. Өйткені Оралхан марқұм да Шукшин сықылды өзінің әңгімелері мен хикаяттарында адам характерін, психологиясын дәл, нақ суреттеуде әріптесінен қалыспады.

О.Бөкейдің шығырмалары да театрда сахналанып, әр жылдары оның «Зымырайды пойыздар», «Сайтан көпір», «Қар қызы» секілді хикаяттарының желісімен фильмдер түсірілді. Өз кезегінде орыстар аяулы, қа­дірлі ұлына өлең шығарып, ән арнап жатса, Оралханның қайтыс болғанына 30 жылға жуық уақыт өтсе де, бірде-бір композитор ән толғамады. Оның қай шығармасын да шедевр десек, артық айтпағанымыз. Соның ішінде «Мұзтау» хикаяты ең биік шыңға шыққан туынды. Композиторлар, ең болмаса, осы туындыға символикалық мән беріп, тамаша ән арнауға болады деген ой ғой біздікі баяғы...

Василий Макаровичтың әр шығармасы түркі тектес халыққа бір табан жақын сықылды көрінеді. Әдебиет пен мәдениет ұлтқа, ұлысқа бөлінбейтіні рас. Бұған моральдық-этикалық көзқарасы қазақ оқырмандарымен етене қабысқан Шукшиннің мәңгі өлмес туындылары айқын дәлел.

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале