6.09.2022, 15:15
Оқылды: 45

Ұлттық қор табысы балалардың есепшотына доллармен аударылады

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын арнаулы есепшотқа аударуға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

9

«3 мың доллар - ол орташа есеппен айтылған қаражат. Осы мәселеде Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай айтқан мәліметке сілтеме жасап отырсыздар. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш қосымша есептеліп жатыр», - деді Ә. Қуантыров Үкімет отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, бөлінетін қаражат сомасы 2024 жылы баланың жасына қарай есептеледі.

«Бұл жүйе 2024 жылдан іске қосылады. Осы кезде аталған жүйеде бала бір немесе екі жыл ғана (18 жасқа толғанда) болуы мүмкін. Бұл тұрғыда есепшотқа аударылатын қаражат сомасы да аз болады», - деді министр.

Сонымен қатар ведомство басшысы қаражат доллармен есептелетінін нақтылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы өз Жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды.

«Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале