7.09.2022, 12:30
Оқылды: 43

Мұндай азамат қазаққа керек!

Сырым ауданының әлеуметтік, қоғамдық-саяси ахуалына, денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық тәртіп, мәдени-ағарту саласында дамуы үшін сегіз жылын сарп еткен аудан әкімінің орынбасары Асланбек Ахметоллаұлы Сарқұловтың басқа қызметке ауысуына байланысты аудан активінің бейресми жиыны өтті.

11

Асланбек Сарқұлов ауданға ордабұзар отыз жасында келіп, қиын да күрделі салаларды басқарып, креативті, кемел ойлы басшы екенін әп дегеннен көрсетті. Идеология саласында ұшан-теңіз еңбек етті.

Актив жиынына төрағалық еткен аудан әкімі Төлеген Төреғалиев халыққа қалтқысыз қызмет еткен орынбасары осы еңбегін, соның ішінде бастамашы болып, іске асырған жобаларын атап өтті.

- «Қадыр оқулары» байқауының аймақтық, республикалық деңгейді қамтуы, Жәрдем Тілековтің шығармашылығы мен өмір жолы насихатталып, «Сырым батыр» дастанын жатқа айту байқауының дәстүрге айналуы, «Сырым барысы» палуандар додасы, «Менің кіші Отаным» тарихи-танымдық экспедициялары, «Сырым семсері» көшпелі ақындар айтысын ұйымдастыру тікелей Асланбек Ахметоллаұлының бастамасымен жүзеге асты. Соңғы бес жылда аз қамтылған 50 отбасына тегін газ өткізіп беруге ауданның мекеме қызметкерлерін жұмылдырды. Ауданның қарияларымен де, жастарымен де тіл табыса білді. Сырым елінің атынан ауданға сіңірген еңбегіңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Мұндай азамат біздің ауданға ғана емес, қазаққа керек, - деп бағасын берді Төлеген Серікқалиұлы.

Аналар кеңесінің төрайымы, ардагер-ұстаз Гүлбақша Ерғалиева Асланбек Сарқұловтың төрағалық еткен жиындары тиянақтылықпен өтіп келгенін, көтерілген мәселелерді жауапсыз қалдырмайтынын атап өтсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов жақсы адамға қай жерде орын бар екенін, оның ауданның тумасындай болып кеткенін, қоғамдық ұйымдарға оң көзқараста болып, ардагерлердің ұсынысын орындауды перзенттік пейілмен атқарғанын айтты.

- Асекең – мықты идеолог, - деді саяси қызметті бірге атқарған «Amanat» партиясының Сырым аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Дарғожиев. Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Мұхитов А.Сарқұловтың әр ауылдық округтің ерекшелігін жете меңгергеніне, әр ауылдың халқымен тіл табыса білгеніне тоқталды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаева білікті басшының ұйымдастырушылық қасиетіне жоғары баға берді. Шаралардың аудан аумағында қалып кетпей, облыстық, республикалық деңгейде өткізуге тырысатынын және түрлі марапаттардан бас тартатын әдетін азаматтығының бір белгісі деп санады.

Қорытынды сөз алған Асланбек Сарқұлов:

- Дана халқымыз «көңіл көңілден су ішеді» деп дәл тауып айтқан. Менің атыма айтылған жүрекжарды ақжарма тілектеріңізге рақмет. Барлық атқарылған жұмыстар Сіз бен біздің ортақ қызметіміздің нәтижесі мен жемісі деп білемін. Халық игілігі үшін бұдан да биік белестерді бағындыратындарыңызға сенімдімін. Осыдан 8 жыл бұрын, 2014 жылдың 14 шілдесінде Сырым ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым.

Мен де тәуелсіздік алғаш тәй-тәй басқан Күн Батыс Алашорданың астанасына азамат өскен ауыл ғой деген оймен келгенмін. Бүгін осы ойымның дұрыстығына көзім жетіп, қоян-қолтық араласқан, күш жұмылдырып бірге қызмет атқарған ортама деген қимастық сезіммен аттанып барамын. Бұл – ел мен жердің киесі бар деген ұғымның тағы бір көрінісі деп білемін.

Артта қалған сегіз жылдың еншісінде – бірге атқарылған нәтижелі істер мен жемісті жұмыстар бары анық. Оған әр істі көзден таса қылмай қырағы қадағалап отыратын аудан халқы куә, атқарылған әр істің бағасын да көпшілік бермек. Алайда біраз жыл көкейіме ұя салып, біраз уақыттың сарп етілуімен, біраз маңдай тердің тамуымен, талай табалдырықтың тозуымен іске асқан мына мәселені айтпай кете алмаймын: «Балапан құстай енді ғана қанатын жайып келе жатқан, болашақта ауданның талай білімпаз жастарының белін бекем буатын беделді білім ордасы болатынын бүгіннен бастап-ақ көрсетіп келе жатқан Сырым мектеп-лицейінің бүгінгісі мен ертеңіне байланысты жауапкершілік танытуларыңызды сұраймын». Бұл сөздерімді елге деген жанашырлық пен махаббаттан туған өтініш деп қабылдарсыздар.

12

Халқымызда «өмір мектебі» деген ұғым, «жаман жігіт емес, әйтсе де, көрген мектебі жоқ» деген сөздер бар. Менің қасиетті Сырым жеріндегі қызметімді құрайтын өмірімнің бір тарауы – мен үшін бағалы уақыт, құнды өмір мектебі болды, - деді Сарқұлов мырза.

10

Айта кетейік, Сырым ауданы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған Асланбек Сарқұлов Бөрлі ауданы әкімінің 2022 жылғы 26 тамыздағы №267 өкімімен Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары боп тағайындалды.

 Бауыржан Ширмединұлы, журналист: «Қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді?» - деген қазақтың сөзіне, «Қызметке кім келмейді, кім кетпейді?» - деп қосар едік. Біздіңше, еңбек етіп, ақы алу үшін – іскерлік, ал қызметіңе еңбекақымен бірге, елдің батасын алу үшін – ірілік керек сықылды. Алдымыздағы әріптес ағамыз Асланбектен сол ірілікті байқаушы едік.

Мына бір жай жадта жаңғыра береді. Былтырғы жылы желтоқсанның басында көршілес Ақтөбе облысында республикалық ақындар айтысы өтетін болды. Жолдың реті солай келіп, театр және кино өнерінің майталманы, заманының аңызы Асанәлі Әшімов пен белгілі ақын, қазақ айтысының қара нары Жүрсін Ерман мінген ұшақ Оралға қонып, айтыстың мәртебелі меймандары әрі қарай Ақтөбеге автокөлікпен баратын болды. Демек, Жымпитының үстімен өтеді.

Таң ағарып үлгерместен қос қарияның керуенінің бұйдасын ұстап жерлесіміз Бауыржан Халиолла жолға шықты. «Жолдың бойында жомарт отырады» - деген бар. Сырым еліндегі елдің ағалары сол салттан жаңылмай, ауылдың үстінен өтетін қонақтарға «Жымпитыдан ат суытыңыздар!» - деп хабар жіберді. Сол күні аудан әкімі Төлеген Төреғалиев селекторлық жиыннан босай алмай, Асанәлі мен Жүрсінді күтіп алып, аттандыру орынбасары Асыланбекке жүктелді.

Таңның бозала бедері білінер – білінбес уақта Жымпитыға қос тайпалғыр келіп тоқтады. Аңыз ағалар дастарханнан аттамай, Алаштың астанасынан дәм татты.

- Жолдас деген бар. Осы сөзге Сырым батыр көп мән беріпті әрі жолдас таңдағанда мұқият болыпты. Міне, Жүрсінмен, Бауыржанмен жолдас болып, Жымпитыға келіп қалдық, – деп төрдегі Асанәлі әңгіме бастады. Араға Жүкең де ажарлы қалжыңын қыстырып, дастархан басы дулы думанға айнала берді.

- Бір Асекеңмен келе жатыр едім. Екінші Асекең күтіп алды... – деп Жүрсіннің қылыш тілі Асыланбек інісін де жанай өтті. Содан не керек, біздің Асекең сөзден де ұстатпай, жөн мен жолдан да жығылмай, елдің қонақтарына қызмет ете білді. Меймандар дәммен бұрын, азаматтардың көңіліне тойып аттанды.

Ағалар керуеніне ілесіп ақын Талғат Мықи екеуіміз де Ақтөбеге айтысқа кеттік. Асанәлі талғам таразысы бөлек қой. Кейіннен сол абыздың  жолсапарының олқы-тұйқы тұстарында Жүкеңе «Жымпитыдағыдай жағдай қайдан болсын?!» - деп жымия қарағанын естідік жанындағылардан. Бұл – Сырым елінің, соның ішінде азамат сыйлай білетін Асланбектердің ірілігіне берген баға еді.

Ақшат тауының бір етегінде туып, екінші етегінде өмір мектебінен өткен Сарқұлов енді сол таудың теріскей бетіне қызмет қылуға кетіпті. Жортқан жолдастың соңынан ерткен жақсы сөзіміз болсын деп осы естелікті жазып отырмыз.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале