Биылғы екінші қыркүйекте Мәжілістегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мәлімдемесінен кейін қоғамда, әсіресе әлеуметтік желіде қызу талқы басталып кетті. Айтылып жатырған кейбір пікірлер «Неге уақытынан бұрын Президенттік сайлау өтеді?», «Неге 7 жылға бір рет сайлауымыз қажет?», «Неге уақытымен Президент сайлауын өткізе бермейміз?», «Конституцияға неге өзгеріс енгізе береміз?» деген бағытта. Яғни екі үлкен мәселе халықты толғандырып отыр:
Бірінші мәселеге байланысты
Елдегі саяси және экономикалық ахуалды бәріміз де көріп отырмыз. Жағдай қиындамаса, жақсарған жоқ. Ол туралы өткенде шет жағасын жаздым. 30 жыл бойы қалыптасып келген жемқорлық қоғамның барлық жеріне обыр (рак) ауруы сияқты кіріп кеткен. «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» демекші, бұл «ауруды еккен» және оны өз мүдделеріне пайдаланып отырған күштер бар екенін мектептің баласына дейін біледі. Олардың мақсаты сол баяғы ресурстарға иелік етіп, өз биліктерін қайтарып алу.
Оларда доллармен есептегенде миллиардтаған қаржы бар, ақпараттық ресурстары тағы бар, биліктің барлық тармағына кіріп алған адамдары бар. Олардың құрған жүйесі елді кедейлікке алып келді. Мемлекет басқаруды халықтың әл-ауқатын жоғарылатуға емес, оны тонауға бағыттады. Әлі де сол әрекет жүріп жатыр. Заңды да, банктерді де, тіпті күштік құрылымдарды да өздеріне ыңғайлы қылып жасады. Халықаралық заңдармен, келісімшарттармен бекітіп, Қазақстанды жекеменшік «жабық акционерлік қоғам» қылып алып, бүкіл байлығын сорып отыр. Біз білмейтін тоналып жатқан дүние көп.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында коммунистік идеологиядан еліміз арылғаннан кейін мемлекет басындағылар өзіміздің ұлттық идеологиямызды қалыптастырған жоқ. Неге? Өйткені қазақ халқы – асыл халық еді. Оның неше ғасырлық ділі мен діні, тарихы мен мәдениеті көп елден көш ілгері еді. Соның арқасында бабаларымыз әлемге руханияттың нұрын шашты, сол заманның озық технологияларын дүниеге әкелді. Ең бастысы, әлемде әділдік орнатты! Ал бізде не болды? Тәуелсіз Қазақстанда төл руханиятымызды төрге шығармай, дүние мәселесіне басты көңіл бөліп, «экономика бәрін түзейді» деп, байлықты «прихватизация» жасауға көшті. Ал идеологиялық вакуум ешқашанда болмайды, бос жерге неше түрлі ағымдар кіреді. Ең сорақысы, Ислам атын жамылған қаскөйлер еліміздің идеологиясын талқандап, сонау ата-бабадан келе жатырған руханиятымыздың түп-тамырына балта шаба бастады. Оны билік көрді, қарсы келмеді, тіпті қолдап отырды. Себебі ұлттық идеологиямыз әділдікке алып келіп, халықтың байлығын тонатпайтын еді!
Ау, ағайын, руханиятыңды бұғаттап және түгелге жуық байлығыңды азғантай азғын топтың, кланның қолына өткізіп, кемі 25 жыл өз биліктеріне алып, оны шыр айналдырып отырған заманда не істеу керек? Тарихтан белгілі, қисайып кеткен нәрсені түзеудің екі жолы бар. Біреуі – революциялық (хирургиялық), екіншісі – эволюциялық (терапиялық). Революциялық жолы өте ауыр жол, өйткені онда қан төгіледі. Шабу, кесу, жұлу, опыру болады. Екі немесе бірнешеге бөлінген күштер ұрысқа шығады. Оны сіздер менен жақсы білесіздер. Кезінде Ресей патшалығын революциямен құлатты. Сол заманда қаншама ел қырылды, қан суша ақты. Оны жасағандарда иман, аяушылық, мейірім деген ұғым-түсініктер болған жоқ. Құдайды жоққа шығарған тобыр еді. Сондай аласапыран бізге керек пе? Қазақты қазақ құртып құрған мемлекет кімге керек? Тап маған керек емес! Сізге де керек емес деп ойлаймын!
Эволюциялық жол – заң аясында азаматтық қоғам құрып, басқару жүйесін «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» өзгерту. Инклюзивті мемлекет құру. Бірақ оны жасауға кедергілер көп. Кешегі Қаңтар оқиғасы – соның дәлелдерінің бірі. Опасыздар мемлекетте төңкеріс жасап, билікті алғылары келді. Құдайға шүкір, ол арамза ойлары іске асқан жоқ. Бұлардың ендігі ойы – билікті эволюциялық жолмен алып, өздерінің «халифатын» жасау немесе ана бір әйелді, немере, күйеулерді билікке әкелу. Болмаса, солардың айтқанынан шықпайтын қуыршақты қою. Өркеш майды сорып, халыққа аз-маз бірдеңені лақтырып тастап, өздері құрып алған жекеменшік «жабық акционерлік қоғамда» отыра беру. Осындай бізге керек пе?! Оны қолдасаңыздар, Қазақстан құрдымға кетері шүбәсіз! Екінші Сирия болмағанымен, соған жақындаймыз! «Бұл жазып отырғандарыңның кезектен тыс бір мерзімге 7 жылға сайланатын Президентке қандай қатысы бар?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Жалпы, біз көбінесе мәселенің тек бір жағын көреміз. Содан ақиқатын көре алмай, пікір айтамыз. Егер Президент келесі сайлауды 2023 немесе 2024 жылы өткізетін болса, ана жүрген «акционерлер» мен «паразиттер» сақадай сай келіп, өздерінің адамын алып келеді және қапаста отырған «жақындарын» шығарып алады. Олардың ақшасы пішен, не ойлап, не дайындап отырғандарын бір Құдай біледі. Ал олар осы күзде Президент сайлауы болатынын күтпегені анық.
Сонымен қатар 30 жыл қоғам мен мемлекет ішінде жиналған «күл-қоқысты» үш жылда тазалап шығу деген утопия! Қанша жерден басың алтын болсын, ол «күл-қоқысты» тазалауға уақыт керек. Оның үстіне, толық билікті алғаныңа бір жыл толмаса. Толық билік Тоқаевтың қолына 2022 жылдың қаңтарынан кейін өткен жоқ па? Бірден айтайын, «тазалауға» қанша уақыт керегін білмеймін, әулие емеспін! Жұрт мемлекет басқару оңай деп ойлайды. Кейбір пікір жазғыштар өз отбасын айтпағанда, кішігірім мекемені де басқара алмайды. Сондықтан мемлекет басшысына «Авгейдің ат қораларын» тазалау үшін уақыт керек, ана «акционерлер» білсін шамалы уақытта оларға мүмкіндік жоқ екенін. Біздің шаруамыз – 2029 жылға дейін сайланған Президентке көмектесіп, азаматтық қоғам қалыптастырып, ешкім Қазақстанды жеке «жабық акционерлік қоғам» жасай алмайтын инклюзивті мемлекет құру. Оны жасамасақ, Егемендіктен, Тәуелсіздіктен айырыламыз, Қазақстан бөлшек-бөлшек болып ыдырайды. Онда экономика түгілі, дінің де, тілің де ешкімге керек болмай қалады. Халқымыз босып кетеді. Ондай жағдай өткен тарихымызда болды.
Тағы бір мәселе, мемлекетті тазалаудан басқа, оның жаңа архитектурасын құрып, стратегиялық жоспарларды жүзеге асыру қажет. Бұл да уақытты талап етеді. Өз үйіңді жөндеп, тазалау үшін қанша уақыт жоспар құрасың, қанша уақыт күрделі жөндеу жасайсың? Ойланып қара. Енді соның масштабын мемлекет деңгейіне көтер. Сенің проблемаңнан мың, миллион, тіпті миллиард есе үлкен шаруалар. Ол 2-3 жылда немесе 5 жылда біте ме? Анада бір інім «Қолыма билік берсеңдер, Қазақстанды алты айда түзеймін» деген. Адам бірінші өзін түзегені дұрыс. Содан кейін отбасы түзеледі, ауылы түзеледі, ауданы түзеледі, өңірі түзеледі, мемлекеті түзеледі!
Екінші мәселе Тоқаевқа қатысты
Мемлекет басшысы –Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатына бірден-бір жауап беретін адам. Мемлекет ғарыштың зымыранынан да күрделі, зор «мәшине» екенін жақсы білесіздер. Бұл «мәшинені» басқару үшін білім керек, тәжірибе керек, біліктілік керек, стратегиялық ойлау жүйесі керек, «тазалық» керек, мінез керек, сабырлық керек, иман керек! Сонымен қатар әлемде белгілі тұлға, халықаралық қатынастың, оның ішінде көршілеріңнің қыр-сырын жетік білетін адам болуың керек. Енді осы талапқа Тоқаевты салайық. Ол – жоғары оқу орнын сырттай бітірген «заочник» емес, Мәскеудің МГИМО-сын бітірген, кәсіби дипломат. Тәжірибе жетеді. Елші де болды, министр де болды, премьер-министр де болды, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының орынбасары да болды, Сенаттың төрағасы да болды, Президент те болды. Яғни мемлекет басқаруға қандай білім-біліктілік, тәжірибе қажет, бәрінен өтті. Ал, ағайын, осындай тағы бір қазағың бар ма?
Халықаралық жағдайға келейік. Айналамызды «Аю» мен «Айдаһар» торуылдап жүр. Тоқаев 30 жылда бұрынғы басшыларымыз бетіне қарай алмаған «Аюға» қазақ дипломатиясының қандай екенін көрсетті. 300 жыл тізесін батырған елден бір мезетте ат құйрығын үзіп кете алмайтынымыз бесенеден белгілі. Олар да өз мүдделерін қорғап, шамасы келгенше бізден айырылғысы жоқ. «Айдаһардың» да өз есебі бар. Тек осы екеуінің емес, басқа да біздің стратегиялық әріптестеріміздің сырына Қасекең қанық. Нені айту, нені айтпау, нені істеу, нені істемеу керектігін бізден жақсы біледі.
Тоқаев өмір бойы мемлекеттік қызметте болды десек, артық айтпаған болармыз. Ал енді онымен бірге қызмет жасаған, оның баласымен жасты кейбір шенеуніктер одан бай, мультимиллионерлер! Сонда не, Тоқаев билікте жүріп, байлық жинай алмады ма? Онда неше бір мүмкіндіктер болса да, оған барған жоқ қой! Бұл нені көрсетеді? Қасекең – таза адам! Неге? Себебі тұқымы текті! «Тегі бардан түңілме» деген сөз бар. Егер Тоқаев бірдемені жеп қойса, ұрлап қойса, оның оппоненттері баяғыда сахнаға барлық компроматты шығаратын еді ғой! Кезінде бір ғұлама адам маған айтып еді: «Еділ, мемлекет басқару үшін адам Құдайға байлану керек, әйтпесе, нәпсісі дүниенің соңына кетіп қалады» деп. Яғни Тоқаев – иманы бар адам, Құдайдан қорқатын адам! Тоқаевтың мінезі бар адам екенінің дәлелі – ол сын сағатта елін тастап, қашып кеткен жоқ. «Өлсем, өз ордамда өлем» деп дайын тұрған ұшаққа отырмай, елді опасыздарға бермей, халқын қанішерлерден арашалап алып қалды.
Қара басын ойласа, қашып кетпей ме? Ондай жағдайларды басқа мемлекеттерден көрдік қой. Баз біреулер «Ойбай, Тоқаев халқын атқызды, қанішер» деп даурығуда. Ол ататын болса, ең бірінші көтерілген Маңғыстау халқын неге аттырмады? Біз Самат Мұсабаевпен үшінші қаңтардан бастап ел арасында болдық, бір оқ атылған жоқ, бір тамшы қан төгілген жоқ. Оқ ату қанішерлер мен қаскөйлер мемлекет нысандарына шабуылдап, қарусыз сарбаздарды қолдарына не түссе, сонымен аяусыз ұрып, атып, өлтіріп бастағанда соларды құрту үшін бұйырылды. Сенбесеңіздер, сол бейнекөріністер интернетте бар, қараңыздар. Бұл жерде билікті төңкергісі келген опасыздар барлық жамандықты Президенттің мойнына іліп, өздерін кіршіксіз қылғылары келеді. Бұл – ақпараттық соғыстың әдістері!
Қазақ мемлекеті бағзы заманнан жауларымен алысып-жұлысып келе жатыр. Өрлеген кезеңіміз де болды, құлдыраған кездеріміз де болды. Қазақтың басы біріккенде жауды жеңіп, дамыдық. Ал ағайын араз болғанда, басымыз бірікпегенде хан-сұлтандарымыздың басы шабылып, қанға батып құлдырадық. Осының бәрін Тоқаев білмейді дейсіздер ме? Оған қазір уақыт керек. Кезінде Наполеонмен соғыста Кутузов Мәскеуді тастап кетті. Астанасын беріп кеткен қолбасшыны опасыз деуге болады. Бірақ ол күш жинап, ақылға салып, сосын соққы беріп, тек Ресейді емес, Еуропаны азат етуге мүмкіндік жасаған жоқ па? Бас қолбасшы М.Кутузов бас қаланы бергенімен, мемлекетті сақтап қалды. «Ұрыста ұтылып, соғыста ұту» деген принцип бар. Тоқаев соған барып отыр!
Иә, соңғы сайлауға қатысты өзгерістер оның репутациясына жақсы емес, оны ол өте жақсы біледі. Ол халыққа берген уәдесін орындау үшін, елімізде бастаған реформаларын аяқтау үшін осындай қадамға барып отыр. Әйтпесе, қалған мерзімін атқарып жіберіп, демалысқа кетпей ме? Іс бастау үшін ниет керек, оны атқаратын білім керек, басталғасын қиындықтар болады, оған сабыр керек, бастаған нәрсені аяғына дейін жеткізу керек. Міне, осы ұстанымдарды (принциптерді) Қасекең жасап отыр! Бірақ сабырдың да шегі бар, «Ер кезегі – үш» деген, кеше Үкімет мүшелеріне үшінші рет ескерту берді. Бұл жерде айта кететін бір нәрсе бар. Тоқаев барша қазақстандыққа, соның ішінде барлық деңгейдегі шенеуніктерге мүмкіндік берді. Түзел, тазалан, әділ жұмыс жаса деген ниетпен мүмкіндік берді. Енді шенеунік немесе Ұлттық компания қызметкерлері жұмыс жасамаса, аямау керек! Өз обалдары өздеріне!
Кешегі мәлімдемеден кейін «Еділ жағымпаз, принциптерін өзгертіп кетіпті» дейтіндер шықты. Осы күнге шейін біреуге жағымпазданып, «лакей» болған адам емеспін. Менімен жақсы араласатын азаматтар біледі. Құдай ондай «аурудан» аулақ қылсын. Адам сын сағатта сыналады! Адам өлім келгенде де таңдау жасайды! Менің маңдайыма біреу мылтығын кезеніп, «Менің сөзімді қалайда айт» деп тұрған жоқ! Кезеніп жатырса, оны да көрерміз! Түбі бір өлім!
«Бұл дүниенің құпиясы – әділдік үшін күрес!» деп Ер Тұғырыл би айтқан, Тоқаев – әділдік үшін күреске басын тіккен адам! «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», мен өз жеке басым осы кісіні қолдаймын! Әділ қоғам құрамын деген талпынысы үшін! Әркім өзі шешім қабылдасын. Дұрыс кемеге отыра ма, әлде ұры кемеге отыра ма? Жағаның таза жағына шыға ма, әлде лас жағында қала ма? Таңдау әр адамның өзінде! Себебі Құдай алдында әр қайсысымыз жеке жауап береміз!
P.S. Жалпы адамның қандай екенін бала сезгіш. Бала жақсы адамға барады, жаман адамнан қашады. Менің жеті жастағы Алан деген тұңғыш немерем бар. Өзі көрінген адаммен қарым-қатынас жасамайды және ұнатпайды, өте сақ! Сол немерем өзі ковидпен ауырып, қызулап, мазасы қашып жатса да, «Президенттің Жолдауын теледидардан жібермеймін, көремін» деп келіп қараған. Өзіне Тоқаев ұнайды. Президенттің фанаты деуге болады. Егер баланың ақ жүрегі кісіні қабылдаса, ол адам туралы қателеспеген болар!
Еділ Жаңбыршин,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының тең төрағасы