Азық-түлік бағасын тұрақтандырудың ең тиімді жолы шаруаларды қолдау екені белгілі. Бұл бағытта мемлекет тарапынан егін, көкөніс, бақша дақылдарын өсіретіндерге қолдау шаралары артып келеді. Өнімді өткізу, арадағы делдалдарды азайту және өзге де түйіткілдерді шешу – бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Кеше, яғни сенбі күні өңіріміздің алтын қамбасы атанған Бәйтерек ауданына барған облыс әкімі Ғали Есқалиев диқандармен және бағбандармен осы мәселе жөнінде ой өрбітті.
Өңір басшысы алдымен Атамекен ауылдық округінің аумағындағы «Авангард» ЖШС-ның күнбағыс алқабына барды. Бұл шаруашылық биыл 30 мың гектар жерге дән сепкен. Оның 5,5 мың гектары жаздық бидай, 1,5 мыңы арпа, 2 мыңы күздік, 7,5 мыңы күнбағыс, қалғаны мал азықтық дақылдар. Егіс бітік шықты, яғни гектарынан жаздық бидай 24, арпа мен күздік 29 центнерден өнім берді. Күнбағысты ору енді басталмақ. Серіктестік директоры Сергей Ихсановтың айтуынша, шаруашылық биыл күнбағыстың жеті түрін еккен. Арасында Түркиядан, Франциядан әкеліген тұқымдар да бар. Аталмыш майлы дақылдың биылғы бағасына алаңдаушылық білдірген серіктестік басшысына өңір басшысы мемлекет бидай мен майлы дақылдарды сатып алу бағасын белгілеу кезінде отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің мүддесін ескеретінін айтты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың сөзінше, бүгінгі таңда әлемдік нарықта күнбағысқа деген сұраныс үлкен. Бұл майлы дақылдың ірі экспорттаушысы болып табылатын Украина елдегі әскери қақтығысқа байланысты оны өндіре алмай отыр. Қазақстандық шаруалар былтыр күнбағыстың әр тоннасын 280 мың теңгеге дейін сатса, биыл да оның бағасы сол шамада болады деп күтілуде. Бұл диқандар үшін өте тиімді.
Айта кетейік, облыс бойынша биыл майлы дақылдар алқабы 185,6 мың гектарды құраса, соның үштен бірі – күнбағыс. Өңіріміздегі майлы дақылдар, соның ішінде күнбағыс егістігінің жартысынан астамы бәйтеректіктерге тиесілі.
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы,
zhaikpress.kz