11.09.2022, 15:18
Оқылды: 150

Мақсары майын өндіруге мән берілмек

Мичурин ауылдық округі аумағындағы «МарЭль» шаруа қожалығы негізінен майлы дақылдар егеді. Олар мақсарыны 2,2 мың, күнбағысты 6 мың гектарға еккен. Облыс әкімі Ғали Есқалиев Бәйтерек ауданына жұмыс сапарымен барған кезде аталмыш шаруашылықтың егістік алқабына да атбасын бұрды.

IMG-20220911-WA0042

«МарЭль» шаруа қожалығының диқандары мақсарыны жинауға енді кірісіп жатыр екен. Қожалық жетекшісі Марат Асановтың айтуынша, олар бұл дақылды төрт жылдан бері егіп келеді. Мақсары ыстыққа төзімді, өсу кезінде оған арам шөп көп әсер ете алмайды және ең бастысы нарықта оған деген сұраныс үлкен әрі бағасы да жақсы. Былтыр гектарынан 6-8 центнер алынса, биыл бірінші күннің өзінде 18 центнерге дейін өнім беруде. Негізінен Түркия мен Қытай елдері алатын көрінеді. Былтыр жыл соңында әр тоннасының бағасы 200 мың теңгеге дейін барған. Биыл да сондай болады деген болжам бар. Алдағы аптада, яғни кыркүйектің ортасында биржалық бағасы шыққанда бастапқы құны төмендеу болады екен. Себебі, жиым-терімнен соң өнімнің көптігіне орай баға 130 мың теңге шамасында болуы ықтимал. Қысқа таман өседі. Ол үшін өнімді сақтап барып, сатқан тиімді. Шаруашылықта сыйымдылығы 10 мың тоннаны құрайтын өз қоймасы бар. Майлы дақылдар сонда сақталады. Жалпы алдағы жылы да бұл дақыл егілетін алқап көлемін көбейту жоспарланып отыр.
Аудан әкімі Марат Тоқжанов бәйтеректік диқандар мақсары егуге ден қойып жатқанын атап өтті. Биыл аудан шарушылықтары 48,2 мың гектарға еккен. Орташа өнімділік гектарынан 12 центнерді құрауда.

- «Айналасында мал көп ірі шаруашылықтарымыз бидай алқабының шеткі жақтарына мақсары егеді, - деді Марат Лұқпанұлы. - Жапырақтары, сабағы тікенді болуы себепті оны мал жемейді әрі одан айналып жүреді. Сол себепті мақсары өнім ретінде ғана емес, алқаптардың қорғаны ретінде де маңызға ие болуда».

Өңір басшысы бұл дақылдан алынатын майдың сапасы жоғары болатынын айтып, енді оны облыста өндіруге мән беру қажеттілігіне тоқталды.

IMG-20220911-WA0046

- Облыс бойынша мақсары алқабының көлемі артып келеді. Былтыр 80 мың гектар болса, биыл ол 123 мыңға жетті. Яғни бізге мақсары майын өндіруге болады. Жамбыл облысында ирандықтар сондай май өндіретін цех ашты. Оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Марат Владимирұлы мүмкін сіз Жамбыл облысына барып, осы бағыттағы жұмыстармен танысып келсеңіз дейміз. Әрі қарайғы қолдау шараларын біз қарастырамыз. Жалпы мақсары майы зайтүн (оливка) майына ұқсайды, құрамында холестерині аз. Егер бұл жоба іске асса, ол өзін ақтауы керек. Жалпы осы мәселені ойластырғанымыз жөн, - деді Ғали Нәжімеденұлы.
Бізге сұхбат берген аталмыш шаруашылықтың агрономы Бақтияр Алдияровтың сөзіне қарағанда, қожалықта 20 шақты механизатор бар. Олардың еңбекақысы көктемгі далалық жұмыстар кезінде 500 мың теңгеге дейін барса, қазіргі егістік уақыттағы еңбекақысы 1 млн. теңгеге дейін жетеді. Шаруашылық Асан ауылынан 15 қызметкері үшін үй алып берді. Қыста қызметкерлерге шипажайға жолдама беріледі. Еңбек адамы үшін қажет жағдайлар жасалуда.

Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале