13.09.2022, 9:00
Оқылды: 318

Жұмыс іздеп жүрсіз бе?

Онда www.enbek.kz  электрондық еңбек биржасына кіріп, бос жұмыс орындары туралы хабарландыруды қараңыз. Бұл сайтта бос жұмыс орындар мен іздеушілер жайында ақпарат күн сайын жаңартылып тұрады.  

IMG-20220913-WA0006

Фото дереккөзі: qazaly.kz

Облыс бойынша «Жұмыс іздеу» және «Жұмыссыздарды тіркеу» қызметі  аталмыш жүйе арқылы жүзеге асырылады. Жұмыссыздарды тіркеу қызметі толық автоматтандырылған. Жүйе жұмыс іздеушіге лайық жұмысты өзі таңдайды және оны жұмыс іздеушіге ұсынады. Жұмыссыз ретінде тіркелгеннен кейін азаматтар электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыссыз қалған жағдайда берілетін төлемді алуға өтінім жібере алады. Сондай-ақ жастар сайт арқылы мемлекеттен субсидияланатын уақытша жұмыс орындарына – Жастар практикасы, әлеуметтік немесе қоғамдық жұмыс орындарын таңдауына мүмкіндігі бар. Жұмыс берушілер бос жұмыс орындары туралы мәліметті, сонымен қатар мемлекеттен субсидияланатын уақытша жұмыс орындарына жеке кабинеті арқылы өтінім беріп, халықты жұмыспен қамту орталығымен электронды келісімшартқа отырады.

Бүгінде электрондық еңбек биржасына 7847 жұмыс берушілер тіркелген. Бос жұмыс орындарына электрондық еңбек биржа порталы арқылы 1164 адам орналастырылды.

Жастарға қандай қолдау бар?

Ұлттық статистика бюросына қарасты облыстық департаменттің мәліметіне сүйенсек, былтыр жалпы жұмыссыз адамдардың саны – 16 876-ны құраса, оның 3 005-і (немесе 17,8 %) жастар.

Өңір­де жалпы жұмыссыздық деңгейі 5%, соның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9%-ды  құрап отыр.

Мемлекет басшысы 2022 жылы 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында «Жастар практикасы»  және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларының мерзімі мен жалақысын өсіру және қайтарымсыз мемлекеттік гранттардың сомасын өсіру бойынша тапсырма берген болатын. Осы орайда биылдан бастап жастар практикасының ұзақтығы 6 айдан  12 айға және жалақысы 25 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін өсірілді. Ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасын субсидиялау мерзімі 12 айдан 18 айға ұзартылып, жалақысы 20 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін өсті. Бұл қабылданған іс-шара жас түлектердің алғашқы еңбек өтілін қалыптастыруға және біліктілігін арттыра отырып, қолайлы табысқа қол жеткізуге мүмкіндік беруде. Сонымен қатар жұмыссыз әлеуметтік осал топтардың табысын арттыру мақсатында мемлекеттік қайтарымсыз гранттың сомасы 400 АЕК-ке дейін өсті. Бұл да азаматтардың өз кәсібін ашып, табысқа қол жеткізуге мол мүмкіндік екені анық.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі Ұлттық жоба аясында 1331 жас әр түрлі жұмыспен қамтудың белсенді  ісшараларына тартылды. Олардың 740-ы жұмыс ұсынушылар мәлімдеген бос жұмыс орындарына, 74-і әлеуметтік жұмыс орындарға, 149-ы жастар практикасына, 270-і ақылы қоғамдық жұмысқа және 25-і «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында еңбекке тартылды. 11-і жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар алып, 31-і онлайн  оқуға  жолданды.

Жұмысқа орналасу бойынша онлайн-алаңдар

Елімізде тұрғындарды жұмысқа орналастыратын онлайн алаңдар бар. Солардың бірқатарына тоқталайық. Кәдеңізге жарап қалар.

Hh.kz

 HeadHunter интернет нарығында 2000 жылдан бастап жұмыс істейді. HeadHunter желісіне тіркеліп, түйіндеме толтырасыз. Түйіндеме сайттың дерекқорында сақталады. Желіден мекеме-кәсіпорындар ұсынған бос жұмыс орындармен таныса аласыз. Еңбек шарттары мен ұсынатын жалақы да  көрсетілген.

Сайттың  міндеті:

– Бос жұмыс орнын ұсынушыларға  уақтылы көмектесу;

– Тұрақты, уақытша немесе алыс қашықтықтан (удаленно) жұмыс іздеушілерге  жәрдем беру.

Hipo.kz

Hipo.kz  - Қазақстан мен ТМД-дағы ең жақсы компаниялардың мансапты мүмкіндіктерін бақылап, бос жұмыс орындар туралы алғашқылардың бірі болып мәлімет білуге мүмкіндік беретін сайт.

 Naimi.kz

Naimi.kz сайты клиенттер мен жұмыс берушілерге білікті мамандарды және  қызметкерлердің құрамын іздестіруге, сонымен қатар жас мамандарға жұмыс іздестіруге көмектесу мақсатында 2015 жылы құрылған.

Компанияның міндеті:   тапсырыс берушілер мен мамандардың бір-бірін табуына көмектесу. Naimi.kz – мамандарға белгілі бір шарттар бойынша жұмыс іздеуге жәрдемдесетін ыңғайлы сайт.

«Supernanny.kz» желісі – аспаз, еден жуушы, бала күтуші секілді үй қызметшілерін іздеу мақсатында құрылған. Сайтты қолдану өте жеңіл. Тіркеліп, жұмыс іздейсіз.  Интернетке кіру нүктесі болса жеткілікті.

 www.olx.kz

OLX хабарландыру желісі – Қазақстан бойынша жұмыс ұсынатын әр түрлі бірлестіктердің және жеке кәсіпкерлердің алаңы. Мұнда жұмыстың түр-түрі ұсынылған. Сауда, көлік, логистика, құрылыс, жылжымайтын мүлік, қаржы, есеп, банк, күзет, үй қызметшілері, мейрамхана, кафе, білім, мәдениет, медицина, өндіріс, ауыл шаруашылығы секілді бөлімдер бар. Облысты таңдап, мамандығыңыз немесе сол салаға деген ептілігіңіз бойынша іздейсіз.

 Rabota.nur.kz

Rabota.nur.rz –  Қазақстанда  құрылған, жұмыс іздестіруге және қызметшілерді талдап алуға арналған қор. Желі «Казнет» сайтында серпінді дамып келеді. Мұнда ұсынылған жұмыспен таныса отырып, қазіргі таңдағы талап етілетін мамандықтар туралы  білуге болады.

Сайтта  жұмыс берушілерге Қазақстандағы әр түрлі саладағы мамандардың түйіндемелерін жібереді. Сонымен қатар кез келген жұмыс беруші бос жұмыс орны туралы хабарлама бере алады.

 Joblab.kz

– Қазақстанда тікелей жұмыс берушілердің  және кадрлық агенттіктердің бос жұмыс орындары туралы мәліметті жариялайтын және қызметкерлерді іздестіретін кәсіби сайт. Сайтта барлық бос жұмыс орындары және түйіндемелер бірнеше  катологтарға  бөлінген.

Пайдаланушылар хабарландыруларды іздеу кезінде сайтқа тіркеліп, жұмыс іздейтін қала және облысын таңдап, түйіндеме жібере алады. Сонымен қатар жұмыс немесе қызметкерлерді іздестіру туралы өздерінің хабарландыруларын жариялауына мүмкіндік бар.

goJOB.kz  жұмыссыз жүрген жандарға немесе білікті қызметшілердің құрамын іздеушілерге арналған Job.ru Network желісінің бөлігі болып табылады. Негізгі мақсаты – қолданушыларға, яғни жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерге жоғары деңгейде қызмет көрсету болып табылады.

 24rabota.kz

Қазақстанда жұмыс берушілерге  қызметкерлерді, ал ізденушілерге жақсы және лайықты жұмыс табуға көмектесетін сайт. Мұндағы мамандар тұрғындардың игілігі үшін тәулік бойы 24 сағат демалыссыз  онлайн желіде отырады. Сайттың 24rabota.kz деп аталуы да сол себепті.

Qyzmet.kz – жұмысқа орналастыруға арналған веб-сайттар мен порталдарда жарияланған бос жұмыс орындарын іздестіруге мүмкіндік беретін жұмыс іздеудің мамандандырылған жүйесі.

Сайт классикалық Google, Яндекс, Bing іздестіру  жүйелері секілді, сіз енгізген түйінді сөздер бойынша, яғни іздеген мамандығыңыз негізінде керекті вебсайттарды тауып, пайдаланушыны веб-сайттағы жарияланымға  бағыттайды.

 Kz.jooble.org

Jooble – пайдаланушыларға лайықты жұмыс табуға көмектесуге арналған сайт. Қазақстанның барлық бос жұмыс орындар тізімі  Jooble-де бар. Ол Jooble-дің «жұмыспен қамтитын жетекші портал» немесе «Қазақстандағы ең ірі қор» болғандығынан емес, бұл оның жұмысының ерекшелігінен туындаған болатын. Сайттың жұмысы әйгілі іздеу жүйелерінің (мысалы, Google және Yandex) қызметтеріне ұқсас болып келеді, яғни ақпараттарды өзінде сақтамайды, тек қана оны іздей  алады.

Гүлмира Шоқанова, Жәнібек ауданының тұрғыны:

–  Алты-жеті жылдан бері дүкенде сатушы болып жұмыс істеймін. Жұмыс кестесі ауысым бойынша. Нақтырақ айтсам, дүкенде сағат 14.00-ге дейін тұрамын. Түстен кейін келесі сатушы келеді. Былтыр таныс қыздардың сайт арқылы онлайн жұмыс тауып, қосымша еңбек еткенін көрдім. Ақша артық етпейді деп, биыл мен де HeadHunter.kz желісіне тіркеліп, түйіндеме толтырдым. Содан қашықтан (удаленно) әңгімелесуден өтіп, «Яндекс» компаниясының «Яндекс. Маркет» бөлімі бойынша жұмысқа тұрдым. Яғни тұрғындар «Яндекс» қосымшасы арқылы рецептісіз берілетін дәрі-дәрмекке, дүкендердегі тағамға тапсырыс береді. Біз солардың қоңырауларын қабылдап, тапсырыстарын жеткізушіге жібереміз. Компанияның талабы бойынша операторда жоғары жылдамдықты интернет, микрофон, ноутбук немесе компьютер болуы керек. Сосын жұмыс барысында айна­лаңның тып-тыныш болуы маңызды. Жұмыс кестесін өздері ұсынады. Мен сағат 15:00-ден 21:00-ге дейінгі уақытты таңдадым. Түннен таңға дейін тапсырыс қабылдасаң, жалақың жоғарылау болады. Бірақ ертеңгі жұмысқа тынығып бару  үшін  түнде  ұйықтағаның  абзал.

Аслан Әлиев, Орал қаласының тұрғыны:

– Атырау қаласында вахталық әдіспен жұмыс істеймін. 15 күн сонда еңбек етіп, 15 күн демаламын. Бір демалысымда www.olx.kz порталына кіріп, қосымша жұмыс іздедім. Сонда оң жамбасыма келетін такси қызметін көрдім. Хабарласып, жұмыс кестесін білдім. Содан 15 күн жеке көлігіммен жолаушыларды қала іші бойынша тасымалдайтын жұмысқа тұрдым. Күнделікті  жүріп-тұруыма  молынан жетеді. Жұмыс істеп, ақша табамын деген адамға қалада мүмкіндік мол ғой.

Динара Әбілсейітова, Орал  қаласының  тұрғыны:

– Күнделікті тұтынатын тамақ қымбаттауда, алайда жалақымыз өскен жоқ. Соңғы рет осыдан екі-үш жыл бұрын 110 мың теңгеге көтерілген күйі тұр. Сол себепті қосымша жұмыс істеуге тура келді. Онлайн порталдардан қашықтан (удаленно) жұмыс деп  іздеп, қазір ресейлік «Додо Пицца» ресторан желісінде еңбек етіп жатырмын. Чатты қолдаудың қазақ тілді экспертімін. Яғни ресторанның әлеуметтік желісіне келген қазақ тілді пікірлерге мәдениетті түрде жауап жазып отырамын. Аптасына 2-3 мәрте әлеуметтік желілердегі пікірлерді оқып шығамын. «Додо Пицца» ресторан желісінің Орал қаласында да филиалдары бар. Бас кеңсесі Мәскеуде.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале