Бүгінгі кейіпкеріміз Айман күндердің күнінде тоғыз ай, он күн көтерген сәбиін абысынының етегіне салып беремін деп мүлдем ойламапты. Тіпті баласын туғандарына асырап алуға беріпті деген әңгімелерді естігенде тосырқай қарап, бейтаныс адамдарды жақтырмай қалатын әдеті де бар-тын. Бірақ өмір өз дегенін жасайды ғой.
Фото дереккөзі: inform.kz
Осыдан 20 жыл бұрын үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарай білетін бауырмал әулетке келін болып түсті. Содан бері бір-бірінің қас-қабағын баққан бауырлардың сыйластығына тәнті болды. Үнемі бір-бірін қуантуға асығып тұратын жұбайының бауырларының арасындағы ізгі, шынайы қарым-қатынас оны отбасылық құндылықтарды одан әрі бағалай білуге үйретті. Жылдар өткен сайын өзі де сол әулеттің бір мүшесіне айналған Айман қайын ағасы мен абысынының көңіліндегі кірбіңді өн бойымен сезініп, соны қалай сейілтсем деп ойлайтын күйге жетеді. Он алты жылдан бері бүкіл жерді аралап, сәби иісіне зар болған аяулы жандардың көзіндегі мұң Айманның тас тәуекел түйініп, шешім қабылдауына түрткі болғандай еді.
2013 жылы өзінің сәби көтеріп кеткенін білген Айман «Осы сәбиді қайын ағам мен абысыныма беремін» деп ниеттенгенімен, шарана шетінеп кетеді. Бес жылдан соң тағы құрсақ көтеріп жүргенін сезген Айман жұбайына жайлап: «Бізде қыз да, ұл да бар, шүкірміз ғой. Бұл сәбиді қайын ағам мен абысынымның бауырына саламын. Тек әзірге ешкімге ештеңе айтпа. Аман-есен өмірге әкелген соң, айтармыз» деп ескертеді. Жарының көңіліне қарайлаған жұбайы іштей қуанып тұрса да, сездіргісі келмей: «Өзіңе қиын болмаса, қарайсың ғой» деп жауап береді. Ол кезде олар енесі, қайын аға-абысынымен бір үйде тұратын. Ақкөңіл, балажан, елпілдеп тұратын ағасы көршінің балаларына да, көшедегі балаларға да еміреніп отырады. Айманның ұлы мен қызына деген көңілі тіптен ерекше. Тәттінің түр-түрін алып беріп, қолындағысын аямайды. Айналасындағы бір балаға дауыс көтерместен, бәрінің еркелігін көтеріп, құшағына сыйғызып жүретін, көшедегі өтіп бара жатқан баланы да айналып-толғанып отыратын қайын ағасының мейірімі Айманға ерекше әсер етеді.
– Қайын ағам мен абысынымның балаға шексіз мейірімін көрген сайын бұл кісілер сәби сүюге лайықты, ағамның шырағы, ертеңге деген үміті сөнбесе екен деп жиі ойлайтын болдым. Ешкімге ештеңе айтпай, тоғыз айды өткіздік. Тамыз айының орта шамасында таңмен толғағым ұстады. Абысыным жүгіріп жүріп, «Жедел жәрдем» шақырды. Облыстық перинаталды орталықта аман-есен сәбиімді дүниеге әкелдім. Сол кезде абысыным жұбайымнан «Қайын ағамның қызы» деп жазасыңдар ма?» деп өтініпті. Мен бірден туу туралы куәлігіне солай жазғызып бергім келді. Алайда ХҚО қызметкері бұлай жасау заңбұзушылыққа жататынын айтты. Бірақ қыздарының есімін өздері қойды. Сөйтіп, перзентханадан шығып, үйге келдік. Ағайын-туыс жиналып, мәре-сәре боп жатыр. Тек абысынымның жүзінен қызғанышты байқағандай болдым. Көппен бірге күліп жүргенімен, қайын ағам екеуінің іші алай-дүлей болып, жандары жүдеп тұрғанын жан дүниеммен сезіндім. Ас жеп болған соң, жұбайыма: «жайлап айт» дедім. Өзім басқа бөлмеде бала емізіп отырмын. Жұбайым залға барып, ағайын-туыстың көзінше: «Бұл қыз – аға мен жеңгемнің қызы. Біз солай шешім қабылдадық» деді. Залдағылар шулап, сенбей, «Мені шақыр» деп жатыр. Мен де бұл сәбиді құрсағыма біткен күннен бастап қайын ағам мен абысынымның қызы деп ойлағанымды, тек әлдеқандай жағдай болып қалса, ол кісілерге екі есе қиын болар деп сыр білдірмегенімді айттым. Айналам у-шу болып, қол соғып қуанып жатыр. Қайын ағам мен абысыным аң-таң болып, бір күліп, бір жылап, бір тұрып, бір отырып дағдарып жүр. Қайын апаларым, туыстарым біресе, бізді құшақтап, біресе оларды құшақтап жылап, мәре-сәре. Қысқасы, сол күн эмоцияға толы болды. Мен бір перзентке зар болған, жаныма жақын адамдарымды қуантуға мүмкіндік берген Құдайға шексіз алғысымды айттым, - дейді Айман.
Үлкен қызы «Бөпемізді неге бердіңдер» деп басында түсінбей жылап жүреді. Екі жылдан кейін Айман тағы бір қызды дүниеге әкеледі. Сол кезде үлкен қызы қуанып, бөпесін бағуға көмектеседі. Қазір Айманның екі қыз, бір ұлы бар. Сәбиін бауырларына берген соң, көп кешікпей бөлек шығып кетеді. Қуаныштары қойнына сыймаған қайын ағасы мен абысыны бес жасар қыздарын мәпелеп, ханшайымдай тәрбиелеп өсіруде. Ол үйге барған сайын бір шаңырақты шаттыққа толтырып, жылулық сыйлай білгені үшін іштей қуанып қайтады.
Біз Айманның әңгімесін тыңдап отырып, оның ерекше сезімтал, үлкен жүректі адам екенін байқадық. Бүгінгі заманда тоғыз ай көтеріп, дүниеге әкелген сәбиін өз еркімен өзге алақанға бере салу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мұндай қадамға өзгенің қасіретін өз қасіретіндей сезіне алатын, ерік-жігері мықты, ержүрек жандар ғана бара алатын шығар.
Бала беру дәстүрі
Қазақ халқы үшін ең қиыны – баласыздық. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп санайтын халқымыз әубастан-ақ үбірлі-шүбірлі болып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуге ерекше мән берген. Бұрынғы кезде бауырлар баласы жоқ ағасы-апасына ұл-қызын көп ойланбай, бауырына басуға бере салған. Қазақтар бала беру дәстүрінің әйелдерге тигізетін әсерін білген. Нәрестені өз баласындай еміреніп, бауырына басқан аналар көп кешікпей өздері де сәби сүйіп, қуанышқа кенелетін жәйттер қазақ отбасында көп кездеседі. Бала асырап алудың да өз жоралғысы болған екен. Ерте кезде бала асырап алатын адам алдымен ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, батасын алған. Содан кейін ауыл-елді жиып, қой сойып, қазан көтерген. Осы тойдың үстінде баланың қолына қойдың, не жылқының ортан жілігін ұстатып үйге кереге астынан кіргізген. «Ортан жілік ұстады ма екен?» деген сөз осыған байланысты қалған. Ол жілікті ұстаған бала әкеден қалған жан мен малға мұрагер болып есептелген. Содан соң бала асырап алушы отағасының әйелінің көйлегін киіз үйдің оң жағына ұзынынан тастап, сәбиді сол көйлектің жағасынан кіргізіп, етегінен шығарып алған. Бұл бала сол бәйбішенің ішінен шықты деген ишараны білдіреді екен. Ағайын-туыстың арасындағы шынайы татулық пен сыйластыққа аса мән берген ата-әжелеріміз қатты налып, ренжіген адамына да «тұқымың көбейгір, жапырағың жайылғыр, тұқымың құрымағыр» деп тілеулестігін білдіріп, ауыр сөз айтпаған.
Соңғы кездері елімізде сәби сүйе алмайтын отбасылардың қатары көбейгендігі алаңдатады.
Мұның өзі бір мақалаға жүк боларлық бөлек әңгіме. Дегенмен жанындағы адамдардың қасіретіне бейжай қарай алмайтын, біздің кейіпкеріміз сияқты жанашыр жан жолықса, бір шаңырақ шайқалмай шырағы сөнбей, отбасы сақталып қалары анық.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz