Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмакелді Батырниязовтың айтуынша, Ақжайық ауданындағы Сәтимолла және Теректі ауданындағы Шалқар кен орындарында калий тыңайтқыштарын өндіретін зауыт құрылысын салу жұмыстары басталады. Батысқазақстандық «SRPM Resources Ltd» ЖШС бұл жобаға 436 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлаған. Инновациялық жоба іске қосылғанда зауытта 1400 адамға жұмыс орны ашылады. Жобаның негізгі міндеті – елімізде калий тыңайтқыштарының заманауи инновациялық өндірісін жасақтау.
Фото дереккөзі: kp.ru
– Жоба жүзеге асқан жағдайда өңір экономикасына әсері сезілетін жаңа ірі салық төлеуші пайда болады. Сонымен қатар ғылымды қажет ететін өндіріс орны құрылады. Жоғары білікті жұмыс күшін қажет ететін жұмыс орындары ашылады. Ел экономикасына әсері күшті болмақ. Жоба еліміздің халықаралық нарықтағы беделін арттырады. Ғылымды қажетсінетін мүлдем жаңа сипаттағы өндіріс қалыптасады, стратегиялық маңызы бар, сирек кездесетін және қымбат табиғи ресурсты өндіру жұмыстары жүйелі жолға қойылады, – деді Жұмакелді Жолдыбайұлы.
Калий тұздары мен олардың қосылыстары халық шаруашылығының әр түрлі саласында кеңінен қолданылады. Калий фосфор мен азотқа қоса, өсімдіктерге қажетті минералды тыңайтқыштардың негізін құрайтын элементтердің үштігіне кіреді. Тыңайтқыштар өнеркәсібінен басқа, калий рудалары жуғыш заттар мен калий нитраты, күйдіргіш калий, калий, бартолет тұзы, калий цианиді, калий бромиді секілді түрлі химикатты өндіру үшін қолданылады. Карналлитті өңдеу кезінде алынған магний хлориді магний оксиді мен металдық магний алу үшін бастапқы өнім болып табылады.
Соңғы жылдары ішкі және сыртқы нарықтарды бәсекеге қабілетті калий тыңайтқыштарымен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан сынды елдер осы өнімнің өндірісін жолға қою бағытындағы жұмысты күшейтуде. Калий тыңайтқыштарын өндіруге деген ынта-ықыластың артуын сол өнімдерді өткізудің үлкен нарықтарының, әсіресе Қытай, Үндістан және өзге де елдердің нарықтарының жақындығымен, өнімдерге сұраныстың жыл санап артуымен түсіндіруге болады.
Жобаны жүзеге асыру аясында субъектілердің өндірістік қызметін жер қойнауын пайдалануға байланысты индустриялық-инновациялық қызмет деп тану туралы қорытынды жасалды. Қазіргі кезде инвестор Сәтимолла кен орны бойынша жер қойнауын пайдалануға лицензия алу бағытында жұмыстануда.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
zhaikpress.kz