13.09.2022, 12:00
Оқылды: 77

Берекелі болсын баспана

Жас отбасы – Азамат пен Ақеркені Теректі ауданына қарасты Жайық ауылының тұрғындары өте жақсы таниды. Қашан көрсеңіз де, екеуі «елге болсын» деген ниетпен елпілдеп жүретін, жүрегі кең жандар. Көмектері көл-көсір. Ауылдағы мектептің үлгілі ұстаздары. Бірі дене шынықтыру, бірі информатика пәндерінен дәріс береді.

4

Азамат Хисимов теңбіл доппен жастайынан достасқан көрінеді. Спортқа деген сүйіспеншілігі оны болашақ мамандығына жетелесе керек. Оқуын аяқтай сала спорт саласын таңдайды. Сатымшеген ауылындағы мектептің түлегі, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжді, кейін Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық институтын дене шынықтыру мамандығы бойынша тәмамдаған. Бала кезден спорт саласына жаны құмар ол бүгінде талай баланы шыңдап, спортқа баулуда. Шәкірттері де ұстаздарының үміті мен еңбегін ақтап, сан мәрте жеңістің төрінен көрініп жүр.

Отағасының қол қайырымы да мол. Көрші-көлем, тума-туыс, ауылдастарының  қандай да болмасын шаруасына жәрдемдесуден жалыққан емес, әсте. Сондықтан болар оны бәрі сыйлап жүреді. Бір сөзбен айтқанда, жас та болса, жалпақ жұртшылықтың алғысын алған адам. Мінекей, осындай жан таяуда ауласынан баспана салуды бастады.

5

- Жанұяның береке-бірлігі – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы мен бақытты жүзінде. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор. Отбасы деген шағын ғана мемлекетіңіздің берік те бақытты болуы үшін әр отбасы мүшесі бақытты болуы тиіс. Ұлт өмірінің іргетасы, негізін қалаушы — отбасы болса, отбасының іргетасы — бала. Ал бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержетеді. Кезінде әке-шешеміз «балаларымыздың бақыты үшін» деп маңдай терін төкті. Енді, мінекей, мен де әке атанып, балаларыма арнап баспана соғуды құп көрдім, - дейді Азамат Сатқалиұлы.

«Ана – үйдің берекесі, бала – үйдің мерекесі» деген ғибратты сөз бар. Отанасы Ақерке  - жақсы маман ғана емес, ең бастысы  үйдің де, түздің де шаруасын бір кісідей дөңгелетіп жүрген  аяулы ана, жанұясының ұйытқысы. Жолдасы екеуі  екі ұл, бір қыз тәрбиелеуде. Ол шаңырақтағы шаттыққа, жарымен жарасым табуға, ұл-қызына тәлім-тәрбие беруге, ағайын-туғанның арасында сыйластық орнауына айрықша мән беріп, отбасы құндылықтарын сақтап келеді.

Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Бірлігі мен берекесі жарасқан, сәні мен салтанаты келіскен жанұя әркез көпке үлгі. Үлкеннен үлгі алып, артынан ерген өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп жүрген отбасылардың беделі әр уақытта да асқақ.

Ерлі-зайыптылар алдағы күнде абыройлы қызмет атқарып, еңбек тәжірбиелерін одан әрі шыңдауды көздейді. Алға қойған арман-мақсаттары айқын. Ел игілігі үшін адал еңбек атқарып, талай белестерді бағындырамыз деген ниеттері бар.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале