Түркістан облысында оқушылар арасындағы жанжалдан жасөспірім көз жұмды. Анықталғандай, түн ортасында екі ауылдың кәмелетке толмаған тұрғындары арасында жанжал туындаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Түркістан облысы полиция департаментінің кезекші бөліміне Кентау қаласының маңындағы ауылдардың бірінен пышақ жарақатын алған жас жігіттің денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Жергілікті тұрғынның 10-сынып оқушысы екені анықталды.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобының қызметкерлері мен Түркістан облысы полиция департаментінің басшылығы, сондай-ақ прокуратура өкілдері келген. Ауыр қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары аулаларды аралап, куәлардан жауап алды.
Күдіктілерді ұстау бойынша басқа да шұғыл шараларды іске асырылды. Нәтижесінде полицейлер жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті ретінде көрші ауылдың тұрғынын ұстады.
Қазір Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Жанжалдың қалған қатысушыларын ұстау шаралары атқарылуда.