Қаратөбеде өтіп жатқан айтулы шараға қатысушы қонақтар мен меймандар алдымен Алаш және Қ.Хасановтың тарихи-өлкетану музейінде болып, музейдегі Алашордашылар залы мен Қ.Хасановтың еңбектеріне арналған залдағы жәдігерлермен танысып, тарихи деректер туралы мағлұмат алды.
Жан-жақты еңбектеніп, кемел зерттеп зерделей ой қозғайтын Қайыржан ағаның әр кітабы оқиғаларға негізделген.
Қайыржан Хасанов жастығына қарамастан журналистика саласына бет бұрып, журналистиканың тұңғиығына терең бойлай білген дарын иесі. Есімі бүгінде облыс, республика көлеміне танымал. Оған куә ақынның, жазушының көз майын таусып жазған көл-көсір еңбектері.
Музейдегі айтулы шарада өлкетанушы, журналист, шежіреші, ақын, прозаик, жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Қайыржан Хасановтың 80 жылдығына арналған «Өлкетанушы, журналист, ақын, жазушы Қайыржан Хасановтың әдеби мұрасы» кітабының тұсаукесері өтті.
Су жаңа кітаптың авторлары - Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Рита Сұлтанғалиева мен шәкірті Зафура Мамут.
Кітаптың тұсаукесерінде кітап авторы Рита Бекжанқызы сөз сөйлеп:
– Зерттеу еңбегімізде жазушы, ақын, өлкетанушы-журналист Қайыржан Хасановтың шығармашылық жолы және прозалық туындыларының көркемдік-идеялық ерекшеліктері айқындалып, әңгімелерінің көркемдік сыры және мазмұндық ерекшеліктері сараланды. Ұлт үшін, туған жер үшін, елі үшін қызмет еткен, тарихты сөйлеткен тұлғаның өмірін, ғұмырын әрмен қарай болашақ ұрпаққа аманаттау, насихаттау біздің, жас буынның парызы деп есептейміз, - деді.
Кітаптың тұсау кесу рәсімін Қайыржан Хасанов ағамыздың жары Рысты Хәкімқызы мен жерлес ақын Шолпан Қыдырниязова жүргізді.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz