Облыстық көпбейінді аурухананың құрылғанына биыл – 155 жыл. Соған орай бейсенбі күні Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда ғылыми-тәжірибелік конференцияның салтанатты ашылуы өтті.
Мерекелік жиынға сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Іс-шара аурухананың тарихы, бүгінгі жетістіктері мен сала ардагерлерінің естеліктерінен құралған бейнефильмді тамашалаудан басталды.
– Облыстық көпбейінді аурухана 1867 жылы казак әскерлерін медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Алғашында 40 төсек-орын ғана болды. 1916 жылы Орал қаласында медициналық училищенің ашылуына байланысты аурухана дәрігерлерді оқыту базасына айналды. Кейін 1918 жылы 200 төсек-орын жабдықталып, терапия, хирургия, жұқпалы аурулар және фтизиатриялық бөлімдер ашылған. 1930 жылдары ауруханада мамандандырылған медициналық қызмет көрсету сапасы жақсара бастады. Отоларингологиялық кабинет пен травматологиялық, акушерлік бөлімшелер жабдықталды. Хирургиялық оталар жасау үшін қос қабат ғимарат салынды. 1941 жылы ауруханада 360 төсекорын болды және онда 20 дәрігер, 80 мейірбике, 129 кіші медициналық қызметкер еңбек етті. Ұлы Отан соғысы жылдарында дәрігерлердің жұмыс жүктемесі артты. Аурухана 1953 жылдан бастап «облыстық» мәртебесін иемденді. Сол кезден бастап Орал қаласының тұрғындарын ғана емес, облыстың аудан-ауылдары мен елді мекендерінен келген науқастарды қабылдай бастады. Ота жасауда жаңа технологиялар қолданылып келеді. Травматологиялық бөлімше тұрғындарға жедел және шұғыл көмек көрсету үшін тәулік бойы жұмыс істейді. Бүгінде стационарда 440 төсек-орын бар. Облыстық көпбейінді ауруханада 146 дәрігер, 406 орта медициналық қызметкер еңбек етуде. Былтыр 121 дәрігер мен 209 орта медициналық қызметкер біліктілігін арттырды. Облыстық көпбейінді аурухана – шұғыл және жоспарлы мамандандырылған медициналық, стационарлық, амбулаториялық-консультативтік көмек көрсететін өңірдегі бірден-бір клиника, – деді іс-шараның ашылуында сөз алған аталмыш аурухананың директоры Арман Байдеуов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибеков аурухананың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталуына, жетістіктеріне тоқталды. Содан соң сала мамандарына денсаулық сақтау саласына қосқан үлестері үшін алғысын айтып, игі тілегін арнады.
Ғылыми-тәжірибелік конференция екі күнге жалғасты. Басқосуда кең таралған ауруларды емдеудің тиімді әдіс-тәсілдері, заманауи аппараттар туралы баяндамалар оқылды. Шеберлік сабағында дәрігерлер бір-бірімен тәжірибе алмасты.
Гүлсезім Ерболатқызы,
zhaikpress.kz