19.09.2022, 12:00
Оқылды: 99

«Қара баланы» неге жоғалттық?..

Өткен сенбіде Орал қаласындағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Қара бала» трагедиялық қойылымының премьерасы болды.  Аталған қойылым қай шығармасы да әлем әдебиетінен ойып орын алған ірі жазушы, ойшыл Федор Достаевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романының желісімен сахналанған.Облыстық драма театрда тұсау кесері өткен «Қара бала» трагедиясы жазушының 1878-1880 жылдары жазылған аталған романының төртінші бөлімі бойынша түсірілген. Қойылымды түсірген театрдың бас режиссері Алмат Шарипов. Онымен аталған трагедияны тамашалау барысында жақынырақ танысып, аз-кем сөйлестік. Алмат бұдан бұрын Алматыдағы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында режиссер болған.

WhatsApp Image 2022-09-19 at 09.19.25

–Ф.Достаевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романының сол төртінші бөлімін алып, қазақтың үлгісіне түсіріп жаздық. Драманы  белгілі драматург Мәдина Омарова қазақшаға аударды. Қойылымды сахнаға шығаруды 2013 жылдан ойластырып жүргенмін. Алматылық драматург М.Омаровамен 2017 жылы сөйлесіп, шығарманы қазақ тіліне тәржіме жасатып қойдым. Шығарма миымда жетіліп, қорытылды. Қойылымды бала тәрбиесіне арнадым. Онда 1980 жылдар мен 1990 жылдардың ортасындағы оқиғаны трагедияға арқау етіп алдым. Қара бала арқылы өзімнің балалық шағымдағы басымнан өткен таныс жайттарды ой таразысынан, қиялымнан өткізіп, драмаға айналдырып, көрермен назарына ұсынғым келді, - дейді режиссер бізбен әңгімесінде.

WhatsApp Image 2022-09-19 at 09.19.24

Бұл туындыда адам өмірінің негізгі мәселелері алға қойылып, жасөспірімдер  болмысының моральдық және рухани сыр-сипатына маңыз берілген. Олардың адамға, қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы, күнделікті өмірдегі бір-бірімен қарым-қатынастары баяндалып, соның ішінде достық мәселесіне айрықша назар аударылған. Бұл қай заманда да өзекті тақырыптың ауқымына жатады. Өйткені бұрында, қазірде жасөспірімдер адал достықтың иесі немесе керісінше амал достықтың құрбанына айналатыны күнделікті өмірде жиі ұшырасатын жайт. Аталған қойылым бала, жасөспірім психологиясының шеңберінде болғанымен, ересек адамға да ой салатын көркем шешімдерге құрылған. Мәселен, Федор Достаевский драмасында гимназиядағы бірнеше кадет оқушыларының өмірін суреттей отырып, дін қызметкері, ағайындылардың ішіндегі адамгершілігі, мейірімділігі мол Алексей Карамазовтың келбеті мейлінше сипатталса, «Қара бала» трагедиясында Әпитөктің түр-тұрпатына, мінезіне барынша маңыз берілген. Қойылымда ойнаған мектеп жасындағы бес-алты бала арқылы қазақ балаларының, олардың әке-шешелерінің, ағаларының басынан өткен ностальгиялық сағыну, аңсау сарынын көре аламыз. Онда өткен ғасырдың 1960-1980 жылдарында балалар ермек қылған асық, ләңгі сияқты ұлттық ойындардың көрінісі көрермендердің көз алдына тартылған. Ал 2000 жылдардан бері қарай өмір сүрген балалардың ностальгиясы, сағынып, аңсап еске түсіретін ойындары бар ма? - деген сауалды режиссердің көрерменге қойғысы келетіндігі аңғарылады. Сондай-ақ балалық шағымыздағы трубка ату, дырылдақ сүйрету сияқты ойындар да сахнада көрініс беріп, орта жастан асып, үлкендікке бет бұрған көрермен өздерінің балалық шағын қимастықпен еске алады. 1963 жылы экранға жол тартқан «Менің атым Қожа» фильмінде шырқалатын ән де қойылым үстінде екі рет қайталанып, балалықты аңсау сезімін одан әрмен арттыра түседі. 21 ғасырда өмір сүрген баланың бүгінгі таңда ойнайтын ермегі не,  қойылымдағы «Қара бала» қазір өмірде кездесе ме? - дейтін сұраққа жауапты режиссердің өзінен алдық.

–Қазіргі балалардың ностальгиясы – телефон. Телефондағы көріністерді сахнаға шығарып, көрсете алмаймыз. Сіз сияқты үлкендер теледидардан өздеріңізге  ностальгия болған үндістер туралы фильмді көріп жатсаңыз, одан мүлдем хабардар емес балаңыз қасыңызда телефонға үңіліп, өзіне ұнаған ойындарды тамашалап отырады. Сөйтіп, бүгінгі күннің баласының телефон ішіне еніп кету үрдісі жайлады. «Қара бала» 1960-1980 жылдардағы өзіңізге жақсы таныс бейнесімен сағынышқа айналып кеткендей. Ақылды да аңғал қазақтың «Қара баласы» қазіргі мына қоғамнан жоғалып, алшақтап бара жатыр десе де болады. Соны іздеуді парыз санап, осы қойылымды сахнаға шығаруды мақсат тұттық, - дейді Алмат Шарипов өз сөзінде.

WhatsApp Image 2022-09-19 at 09.19.24 (1)

Режиссердің санасында пісіп, әбден қайнаған дүние шынайы  шындықпен өріліп, сахнада сәтті шыққан. Қойылымның өн бойында қиямет-қайымда қимас адамдарды кездестіру үшін адал өмір сүру, дүниеге адам болып келгесін, өмірдің соңына дейін адам болып қалу міндет екендігін көрерменніңесіне салған. Трагедия Қара баланың қазасында оны жерлеп, зиратына топырақ салумен аяқталады.

Қойылымдағы екі үлкен кейіпкердің рөліне  аға буыннан екі актер түскен.  Бас кейіпкер Әпитөкті ойнаған актердің жасы да 42-ге келіп қалған. Бұлардан кейінгі мектеп жасындағы балалардың бейнесіне түскен актерлардың өзі 30-35 жас аралығындағы жігіттер екен. Оларға өздерінен әлдеқайда кіші балалардың рөліне түсу қиынға соққанымен, еңбектену, ізденудің арқасында жас айырмашылықтары сахнада білінбей, байқалмай қалған.

Спектакль аяқталған соң сахнаға көтерілген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов көрермендерді Қала күнімен тұспа-тұс келіп отырған облыстық қазақ драма театрының 30-шы маусымының ашылуымен қызу құттықтады.

–Сердеш Қажымұратов сияқты елге танымал, алдыңғы толқын актерлардың ізін жалғастырған жас буынның театрға жаңа леп, соны серпін әкелгенін бүгін қойылымды тамашалау үстінде сезініп отырдық. Қойылымды көрген бір сағаттың ішінде актерлардың шебер ойындарына көңіліміз толып, разы болдық. Түсінуге қиын, психологиясы күрделі кейіпкерлердің тағдырына көрермендердің жайбарақат қарай алмағандығы анық. Әр көрермен өз басынан кешкен оқиғаны еске түсіріп, ой елегінінен өткізіп, сахнадағы кейіпкерлердің тағдырына тереңірек бойлап, санасына сіңірді деген сенімдемін. Қойылымның режиссері Алмат Шариповке сәттілік тілеп, алғысымызды білдіреміз. Бүгінгі қойылымға атсалысқан барша шығармашылық топтың театрдағы талпынысы нәтижелі, ұтымды болсын деген тілек айтамын,-деді Бақытжан Хаберұлы.

Көрерменнің тамашалаған қойылымынан оймақтай ой түйе білуі орасан олжа болып саналады. Федор Достоевскийдің «Ағайынды Крамазовтар» романындағы: «Жүрек Ібілістің Құдаймен күресі жүріп жатқан майдан алаңы» деген жолдар  оқырмандарды жиі ойлантады. Бұл адам ана дүниеге аттанғанша тоқтамайтын күрес. Қайсысының жеңетіні тек адамның өзіне байланысты. Қазақы қалыпқа түсіріліп, қойылған «Қара бала» трагедиясын көріп шыққан көзі қарақты, көңілі ояу көрерменнің санасына осындай ой келгендігі даусыз.

Нұрымбек Жапақов,

   zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале