12.09.2022, 14:23
Оқылды: 41

Әлеуметтік жоба 2000-нан астам сәбидің жанын сақтап қалуға көмектесті

2007 жылы құрылған «AYALA» қайырымдылық қоры балаларға көмек көрсету үшін денсаулық сақтау және білім беру саласындағы қайырымдылық жобаларды жүзеге асырып келеді.

шеврон аяла (1)

Қордың жобалары бала өмірін сақтауға, денсаулығын нығайтуға және білім алуға көмектесуге бағытталған.

Осы уақытқа дейін еліміздегі 67 қала мен елді мекенде 263 денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау мекемелеріне көмек көрсеткен. Жобаларды жүзеге асыруға 4 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Аталмыш қор Қазақстандағы ірі компаниялармен де бірлесіп, әлеуметтік жобаларды қолға алған. Мысалы, еліміздегі біраз жобаға демеуші болған – «Шеврон» компаниясы.

– Біз «Шеврон» компаниясымен 2010 жылдың аяғынан бері жұмыс жасаудамыз. Осы 12 жыл ішінде серіктестігіміздің арқасында көптеген жұмыс атқарылды. Нұр-Сұлтан, Алматы және Ерейментау қалаларының (Ақмола облысы) денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау саласындағы 80 мекемеге көмек көрсетілді. Жобаны жүзеге асыруға 540 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалды. «Шевронмен» бірге 300 дана медициналық құрал-жабдық алынды. Жаңа туған сәбилерде кездесетін физиологиялық сарғаюды тез әрі қауіпсіз емдейтін фототерапия шамдарын, пренаталды скринингке арналған қымбат жабдықпен және ультра заманауи УЗИ аппараттарымен қамтамасыз еттік. Атқарылған жұмыстар 2000-нан астам баланың жанын сақтап қалуға көмектесті, - деді «AYALA» қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.

Екі тараптың жобаларының негізгі мақсаты – еліміздегі бала өлімі мен мүгедектігін азайту.

– Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы жанындағы №2 көпсалалы облыстық ауруханасының босану бөлімшесінде жыл сайын 3000-нан астам нәресте дүние есігін ашады. 2010 жылдан бастап «AYALA» қайырымдылық қорымен жұмыс жасап келеміз. «Шеврон» компаниясы мен қордың жәрдемі арқасында ауруханадағы жабдық тапшылығын ұмыттық.

Атап айтсақ, бөлімге шала туған сәбилер мен тыныс алу жүйесі қызметі бұзылған балаларға жасанды өкпе желдеткіші (ИВЛ), реанимация үстелі, жүктілік және босану кезіндегі ұрықтың жатырішілік жағдайын бақылау үшін кардиотокография аппаратымен қамтамасыз етілді.

Биыл жүкті әйелдердегі нәрестенің барлық органдары мен жүйелеріндегі ауытқуларын зерттеу үшін сараптамалық санаттағы ультрадыбыстық (УДЗ) аппарат сыйлады. Заманауи жабдықтың көмегімен  біз сәби өлімінің алдын ала аламыз. Бұл әлеуметтік қолдау ана мен бала саулығы үшін аса қажет. Ал ана мен бала саулығы – ұлт байлығы, - дейді аталмыш аурухана директорының босандыру және балалар ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Кожағапарова.

шеврон аяла (3)

Серіктестер 10 жыл бойы дәрігерлердің білімін арттыру мақсатында сабақтар ұйымдастырды. Ақ халаттыларға дәріс беруге Қазақстан, Ресей, Литва, Оңтүстік Корея елдерінен халықаралық дәрежедегі сарапшылар шақыртылған. Осылайша 300-ден астам дәрігер біліктілікті арттыру курсынан өтті.

Айдан Төлеутайқызының айтуынша, 2019 жылдың аяғында қазақстандық дәрігерлерді оқыту жобасын кеңейтуді жоспарлап, ірі қалалардан ғана емес, шағын қалалар мен кенттердегі дәрігерлерді де көбірек қамтуды қолға алады.

«Шеврон» компаниясы мен «AYALA» қайырымдылық қорының біз жазғалы отырған тағы бір әлеуметтік жобаларының бірі – «AYALA онлайн-академиясы».

Бұл дәрігерлерге арналған біліктілікті арттыру курстары бар арнайы платформа. Курс – неонатология, балалар реаниматологиясы, жаңа туған нәрестелер патологиясы және шала туған балаларды емдейтін қазақстандық дәрігерлердің тәжірибесін арттыруға көмектеседі. Бейнекурстарды медицина қызметкерлері тегін оқыды. Платформа жылына жүздеген дәрігерді қосымша кәсіптік біліммен қамтуға жол ашты. Қазақ және орыс тілінде ұсынылған курс сертификаты тестті сәтті тапсырған дәрігерге ғана беріледі.

шеврон аяла (2)

Қазірдің өзінде дәрігерлер үшін қолжетімді 3 курс бар. Еліміздің әр аймағынан 647 дәрігер тіркеліпті. Тіпті мейірбикелерге де арналған тағы 4 курс әзірлік үстінде.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросында көрсетілген мәліметке сүйенсек, 2021 жылы нәресте өлімінің коэффициент көрсеткіші қаңтар мен шілде айларында 7,84 болса, 2022 жылы дәл осы айлар аралығында 8,40-қа өскен. Шетінеген нәрестенің ең жоғары коэффициенті Шымкент қаласында тіркелсе (11,65), биыл Қостанай облысы 12,86 көрсеткішімен бірінші орында тұр. Ал ең төмен көрсеткіш былтыр Түркістан облысында тіркелсе (4,68), биыл төменгі коэффициент Ақмола облысында тіркелген. Өңірдегі көрсеткіш  – 5,78-ді  құраған. Демек, бүгінде республикада сәбилердің өлім-жітімін төмендету өзекті мәселеге айналып отыр.

Жоғарыда атап өткен жобалар жаңа туған сәбилердің өмірін құтқарып, еміне шипа бермек. Әлеуметтік жобалар мұнымен тоқтап қалмай, тағы да мыңдаған нәрестенің ғұмырын жалғауға себепші болмақ.

Динара Насыр,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале