Малға қысқы азық жинауға жауапкершілікпен қараған теректілік шаруалардың қыстақ басында маялаған пішенін алыстан қарасаң, көзің тояды.
Жоспар бойынша қолда бар малдың қысқы азығына 143,2 мың тонна табиғи шөп қажет. Сол қажеттіліктің 8,1 мың тоннасы былтырдан қалған. Яғни, 135 мың тонна шөп биыл шабылуы тиіс болатын. Дегенмен пішеншілер асыра орындап, 161,681 мың тонна шөп жинаған.
Шөптің орташа шығымдылығы гектарына 7,4 центнерден айналды. Былтыр шөптің шығымдылығы 6,4 ц/га болған екен. Биылғы шығымдылық өнімді болғаны ылғалдың молдығынан деседі тәжірибелі шөпшілер. Десек те, шығым барлық жерде бірдей емес. Мәселен, Новопавлов ауылдық округінде небәрі гектардан 4,6 центнерден шөп түскен. Соған қарамастан, новопавловтықтар 9370 мың гектар алқаптан 4310 мың тонна шөп дайындап алды. Сөйтіп, шөп қажеттілігін толық жауып қана қоймай, жоспарды 126 пайызға асыра орындады. Шөп өнімділігі гектарына 6 центнерден болған Богданов округі де 7000 мың тонна пішен шауып, жоспарды 128 пайызға орындап отыр.
Жұмысы қарымды ауылдарда шөп шабу жоспары бұдан да асыра орындалған. Ұзынкөл ауылында шөпшілер жоспарды 215,9 пайызға орындаған. Бұл бір жазда екі жылдық азық жиналды деген сөз. Покатиловта мал қыстауына қажетті 3,21 мың тонна табиғи шөптің орнына 5, 380 мың тонна пішен маяланған.
Мал санына қарай шөпті ең көп дайындауды қажет ететін екі округтің бірі – Ақжайық ауылдық округінде жұмыс 101 пайызға орындалған. Жинауға тиесілі 18,43 мың тонна пішен болса, қожалықтар 18,660 мың тонна дайындапты. Шағатай округінде жағдай сәл ілгері. 25 мың гектар шабындығы бар округ 23,400 мың гектардан шөп орып алыпты. Жоспар орындалуы 102,9 пайыз, яғни көзделген 17,72 мың тонна шөптің орнына 18,240 мың тонна дайындаған.
Теректілік шөпшілер табиғи мал азығын дайындауды әлі де тоқтатқан жоқ. Шөбі көтерілген жерлерге шалғы салып, биылғы шығымды жылдың бар мүмкіндігін пайдаланып жатыр.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz