Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елімізде сарапталған азық-түлік өнімдері сынамаларының 13%-дан астамы техникалық регламент талаптарына сай келмейтінін айтты, деп хабарлады Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министр түрлі өнімдерге сынамалар жүргізіліп соның ішінде азық түліктің бірнеше пайызы техникалық регламент талаптарына сай келмегенін ашық айтты.
"Ұлттық жоба аясында азық-түлік өнімдерінің, ойыншықтардың, балаларға арналған бұйымдардың, құрылыс материалдарының және басқа да өнім түрлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жүргізілуде. Осылайша, ағымдағы жылы тауарлардың қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу аясында азық-түлік өнімдерінің 23 мыңға жуық сынамасы зерттелді. Оның ішінде 3 мыңнан астам сынама немесе 13,2% техникалық регламент талаптарына сәйкес келмеді", - деді министр.
Ол өнімнің қауіпсіздігін бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында зертханалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып жатқанын атап өтті.
“Биыл бірқатар өңірлерде дәлдігі жоғары қондырғылар сатып алынды. Түрлі өнімдердегі бояғыштарды, хош иістендіргіштерді, витаминдерді, тұздарын анықтаудың жаңа зерттеу әдістері енгізіліп, мамандар даярлануда. Бұл шаралар ағымдағы жылы техникалық регламенттерде белгіленген көрсеткіштер тізбесін 84%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді", - деп қосты Ғиният.