21.09.2022, 12:45
Оқылды: 330

Шағырлойда Алланың үйі ашылды

Сырым ауданына қарасты Шағырлой ауылында жаңадан бой көтерген мешіт салтанатты рәсіммен ашылды. Абай мешіті биылдыққа облыс бойынша бірінші болып ашылған Алланың үйі. Мешіттің ашылу рәсіміне белгілі дінтанушы Айбек Омар, Батыс Қазақстан облысының бас имамы Бақытжан Құралбайұлы, аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

1

– Тәуелсіздік алған жылдары елімізде 200 мешіт болса, қазір бұл көрсеткіш 2600-ге жетті. 1991 жылы Сырым ауданында бір ғана мешіт жұмыс жасаса, бүгін ауданның жетінші мешіті ашылды. Және Қособа ауылында да жаңа мешітті ашқалы отырмыз. Биыл біздің ауданымыз үшін мерейлі жыл. Сырым Датұлының 280 жылдығы, Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 135 жыл толғалы отыр.  Осындай ұлы даталардың аясында мешіт те ашылуда. Діннің тірегі – имандылық болса, имандылық деген – бауырмалдық, жанашырлық, адамға сүйіспеншілікпен қарау, үлкенді сыйлау, - деді аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлы.

3

Батыс Қазақстан облысының бас имамы Бақытжан Құралбайұлы:

– Жер бетіндегі Алланың үйін Аллаға иман келтіргендер салады. Ауылға мешіт салғаны шағырлойлықтардың Аллаға иман келтіргенінің куәсі. «Аллаға жағам десең, азанды бол, ағайынға жағам десең қазанды бол» дейді. Ақұштап апамыздың «Жігітті туған жерге тамған тері асырайды» дегені бар. Мешіт салған азаматтардың туған жерге деген сүйіспеншілігін көріп отырмыз. Құстың ұясындай мешіт салған адамға Алла жәннаттан сарай тұрғызып береді. Осы мешітке титтей болса да, үлес қосуы – елдің азаматтарының имандылығының айғағы. Бұрын ата-бабаларымыз сапарда жүргенде, құдайы қонақ боп қонатын болса, хабаршы жіберіп, «Ауылында мешіт бар ма екен?» деп сұрайды. Азан айтылып тұратын Алланың үйі бар жерге қону – жолаушының қауіпсіздігіне кепіл екен. Ал, құдайы қонақ, өзімен бірге он береке алып келсе, біреуін ғана өзімен әкетіп, қалған тоғыз берекесін қалдырып  кетеді екен.  сіздің ауылға да мешіттеріңіз арқылы береке келуін тілеймін, - деді өңірдің бас имамы.

Белгілі дінтанушы, ғалым Айбек Омар:

– Ақтөбенің әуежайы Әлия Молдағұлованың атында болса, Оралдың әуежайы Мәншүк Мәметованың есімімен аталады екен. Қыздары осындай  жаужүрек елдің азаматтарының одан  да мықты, қайсар болуы сөзсіз. Бұл жерде Сырымның туып, ауданның Сырым атануы да тектен тек емес. Атам қазақ «Кіші жүзді найза беріп жауға қой» деген. Бұл сөз батыстық бауырлардың рухы, иманы мықтылығының дәлелі. Елдің үлкен-кішісі жиналып, ауылға мешіт салып, ақыреттік азық жасап жатыр екен, Алла тағала қабыл еткей. Алла осы ауыз біршіліктеріңізден  айырмасын. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын ұрпақ өсірген ауыл болыңыздар, - деп жүректен шыққан сөзін жеткізді.

«Сырым ауданның құрметі азаматы» Құсайын Бақтияр, облыстық мешіттің ақсақалдар алқасының төрағасы Нәдір Абдукаев, ауыл ақсақалы Нығметолла Әбдіғалиев игі іске қуаныштарын, иманды, ұятты ұрпақ өсіп-өнетініне сенімдерін білдірді. Ауыл ақсақалдарының  Қадыржан Құрманқұловқа алғысы ерекше.

«Игі істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, мешіт құрылысында аяқтай жүрген Бейбіт Исмағұлов пен  Еркінғали Мырзағалиев ауыл мешітінің символикалық кілтін Сырым ауданының орталық мешітінің бас имамы Қуанғали Қуанышұлына және Арман Абылай  есімді азаматқа пәтердің кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Сарой ауылдық округінің әкімі  Айбол Жакиевтің алғыс хаты  Серік Діңкеұлы, Манас  Нахуұлы, Оңдасын Ығылұлы, ауылдың 1970, 1977, 1979, 1985, 1991 жылғы туған азаматтарына, Өлеңті ауылының жамағатына, Жетікөл ауылының жамағатына табыс етілді. А.Жакиев Еркінғали Мырзағалиевке шапан жауып құрмет білдірді.

2

Батыс Қазақстан облысының бас имамы Бақытжан Құралбайұлының алғысхаты Алтынбек Құсайынов, Асхат Құсайынов, Асылбек Құсайынов, Нұрлан Әлжанқұлов, Қадыржан Құрманқұлов, Мұратбек Мұхамбедиев, Құсайын Бақтияров, Ержан Бақтияров, Нұралы Үдреев, Тілек Махметов, Ғаділжан Мамаев, Рустам Шайхиев, Азамат Шайхиев, Бейбіт Исмағұлов, Асхат Рахметов, Серік Мүтиев, Етай Әбілов, Ақболат Ізболатов, Ернар Байдашов, Дулат Кенжеғожин, Саяхат Әубәкіровке табыс етілді.

4

Еркінғали Мырзағалиев дінге қызмет етіп жүрген ұстаздар Айбек Омар, Алтынбек Құсайынов, Асхат Құсайыновқа елдің, ауыл жамағаты атынан ат мінгізді. Ауылдың 1991 жылғы туған азаматтары Еркінғали Орынғалиұлына ат мінгізді.

7

Мешіттің лента қию рәсімін аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының бас имамы Бақытжан Құралбайұлы, облыстық мешіттің ақсақалдар алқасының төрағасы Нәдір Абдукаев жүргізді.

6

Мешітте  құран, бесін намазы оқылды. Жамағат арасында спорттық ойындар ойнатылды.

5

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале