21.09.2022, 13:00
Оқылды: 87

Өнім қауіпсіздігіне мониторинг жалғасуда

Батыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігіне санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін тауарларды сатып алу жолымен өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу бойынша жұмысты жалғастыруда.

Food safety concept

Фото дереккөзі: gov.kz

Тамыз айында санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін сала мамандарымен 296 өнім сынамасы сатып алынып зерттелді (211-і тамақ өнімі және 85 тамаққа жатпайтын өнім).

Сатып алынған сынамалардың 70%-ын (207) ЕАЭО мүше мемлекеттердің өндірісі, 20%-ын (61) - отандық өндірушілер, 10%-ын (28)  алыс және жақын шетел өндірушілері құрады.

Батыс Қазақстан облысы бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» филиалы жүргізген санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері бойынша, 27 өнім сынамасы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейді деп танылды. Бұл барлық сатып алынған өнімнің 9%-ын құрады. Сәйкес келмейтін өнімнің негізгі үлесі, яғни 74%-ы (20 сынама) - импорттық өнімге тиесілі. Отандық өндірушілер өнімдерінің сәйкессіздік үлесі - 11% (3 сынама) құрады.

Сәйкессіздіктер санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға жататын өнімдердің әр тобында анықталды. Негізгі бұзушылық өндірушілердің таңбалау қағидаларын бұзуы (23 бұзушылық) болып табылады. Бұл барлық анықталған бұзушылықтардың 85,1% -ын құрады.

Сондай-ақ, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама барысында жемістердің 3 үлгісінде нитраттардың асып кетуі және балалар киімінің 1 үлгісінде физика-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік анықталды (гигроскопиялық нормадан төмен). Бұл сәйкессіздік бойынша тауарды өндірушіге қайтару рәсімделді. Сондай-ақ тауарлық-ілеспе құжаттаманың болмауына байланысты супермаркетке әкімшілік хаттама толтырылды.

Өткізушілерге, жеткізушілерге, импорттаушыларға және өндірушілерге қатысты анықталған бұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар жүргізілуде. БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басқармалары тамыз айында кәсіпкерлік субъектілеріне ҚР заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы 12 нұсқаманы жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып берді.

Тұтынушыларды ақпараттандыру мақсатында ай сайын ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында өнім қауіпсіздігін мониторингтеу барысында анықталған сәйкес келмейтін өнімдердің тізілімі орналастырылады. Тұтынушылар өнімдер туралы ақпаратқа ие бола отырып, денсаулығына қауіп төндіретін барлық қауіптерді болдырмай, дұрыс таңдау жасай алады.

Л. Батырбекова,

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің бас маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале