22.09.2022, 10:01
Оқылды: 229

Стратегиялық серпін сыйлайтын жоба

Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен инвестиция тарту, инвестициялық климатты жақсарту және экспортты ілгерілету жөніндегі өңірлік кеңестің отырысы өтті. Онда инвестициялық төрт жоба қаралды.

IMG-20220922-WA0019

Басқосуда «Karachaganak Green Energy Corporation» компаниясының вице-президенті Джованни Капанелли Бөрлі ауданындағы Қарашығанақ газ өңдеу өнеркәсібі кешенінің құрылысы жобасымен таныстырды. Инвестиция көлемі 1,4 триллион теңге (3 млрд доллар) шамасындағы жобаның мәнісі мынада: «КПО б. в.» компаниясынан алынатын газды өңдеу жолымен аммиак және электр қуаты өндіріледі. Аммиак өндірісі жылына 2-2,5 млн тоннаны, электр қуаты 250-500 МВт-ны құрайды. Кешен құрылысы барысында 1500, кейін 2027 жылы кешен іске қосылғанда 2700 адам нәпақасын таппақ. Жобаны «жандандыруға» компания өзінің және несие қаржысын жұмсайды. Компания кен орнын игерушімен әріптестік байланысты нығайту үшін жобаға қатысты өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған.

– Жоба Қазақстанның газ өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа кәсіптік және технологиялық кластерлерді құруға көмектеседі. Қазба отынға негізделген экономикадан бас тартып, табиғи бай газ көздеріне сүйенетін экономикаға көшуді қамтамасыз етеді. Жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңірдегі шаруашылықтарға, бизнеске тұтыну үшін қолжетімді газды жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жоба жаңа аммиак-сутегі өнеркәсіптік кластерін дамытуға, ел экономикасын әртараптандыруға ықпал етеді, – деді Джованни Капанелли. Одан әрі өңірлік кеңес мүшелері жобаға қатысты пікір бөлісіп, кешен құрылысын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын айтты.

– Бұл – өңірімізге өте қажет жоба. Ол іске асқан жағдайда, облыстың дамуына серпін береді. Ауқымды жобаға Энергетика министрлігінің, «Қазақгаз», «Жайықмұнай» ЖШС NOSTRUM OIL», «ҚПО б. в.» компанияларының және басқа да тараптардың келісімдері керек. Соған байланысты техникалық және қаржыландыру, басқа да сұрақтарға қатысты жобаны ұсынушы тараптармен келісімдер жүргізілуде. Біз жер телімін беру, техникалық сумен қамту мәселелерін шешуіміз керек. Кешен салуға 200 гектар жер Қарашығанақ кен орны маңынан заң аясында беріледі. Өндіріске жылына 15 млн. текше метр техникалық су қажет. Мәселені компаниямен бірлесіп шешеміз. Тарифті белгілеу, шикізатпен қамту мәселелері үкіметтік деңгейде шешіледі. Еліміздің өнеркәсібін өркендететін, өңірімізді дамытатын, стратегиялық жағынан аса маңызды әрі құнды жоба, сондықтан оны қолдаймыз, – деді Ғ.Есқалиев.

Кеңес отырысында еліміздегі «QAZBILIM мектебі» ЖШС-ның негізін қалаушы Аятжан Ахметжан Теректі ауданындағы Подстепный ауылында салынатын бір ауысымда 600, екі ауысымда 1200 орындық жеке мектеп құрылысының жобасын таныстырды. Оған жұмсалатын инвестицияның шамасы 2,4 млрд теңгені құрайды. Құрылысқа 150 адам тартылады, нысан пайдалануға берілгеннен кейін 120 педагогке тұрақты жұмыс беріледі. Жоба 70 пайыз қарыз, 30 пайыз меншік қаражаты есебінен жүргізіледі. Білім ұясы ғимаратының құрылысын биылғы жылдың 3-тоқсанында бастап, 2024 жылдың 3-тоқсанында аяқтау жоспарланған. «Мектеп ғимаратының жалпы ауданы шамамен – 13 000 шаршы метр, спорт алаңдары бар, мүмкіндік болса, бассейн салуды қарастырамыз. Жобалық құжаттама 2019 жылы жасақталған. Оны жаңартамыз. Жер көлемі 3,1 гектар, болашақ білім ұясының орны ұнады», – деді Аятжан Ахметжан. Оның айтуынша, шәкірттер ауторлық оқыту бағдарламасымен үш тілде оқиды. Балаларды әлемнің үздік университеттеріне түсуге дайындайды. Жергілікті атқарушы құрылымнан нысанға инфрақұрылым желілерін тарту, несиенің мөлшерлемесін субсидиялау, «Даму» қоры желісінен кепілдіктер беру сұралды. Жобаны ұсынушылар аудандағы мектептерді, жетіспейтін оқушы орын санын зерттеген. Сондықтан орын тапшылығы туындамас үшін мектепті 1400 балаға лайықтап салу жағын қарастырмақ. Қазіргі кезде Атырауда, Ақтауда, Қостанайда осындай жеке мектептер бар. «QAZBILIM компаниялар тобы» 12 облыста жұмыс істейді. Бұл орталық желілерінде 2,5 мың шәкірт қосымша білім алады, 1 мыңға жуық бала мектепте оқиды. «Біздің ұл-қыздарымыздың 97 пайызы грантқа оқуға түседі. Мұны мен мақтанышпен айтамын», – деді А. Ахметжан.

Кеңес мүшелері жобаны мақұлдады. Облыс әкімі жақсы жобаға барлық көмек-қолдау көрсетілетінін айтты. Одан кейін Теректі ауданындағы (Орал – Ақтөбе күре жолы) жол бойындағы сервис құрылысының жобасы қарастырылды. «Ихсанов» жеке кәсіпкерлігінің қаржы директоры Диля Жұбаеваның баяндауынша, Подстепный ауылындағы салынатын нысан құрылысының 1-кезеңінде қонақүй, кафе, паркинг салынады. Нысандар құрылысына инвестор 50 млн теңге жеке қаражатын жұмсайды. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың соңында басталып, 2023 жылдың аяғында аяқталмақ. Жобаның 2-кезеңіндегі көлік жуу, жанар-жағармай бекеті, монша кешені, көлік жөндеу орны құрылыстарына 200 млн теңге жеке қаржы жұмсалады. Баяндамашы жобаны жүзеге асыру үшін 3 гектар жер бөліп, инфрақұрылым тартуға көмек сұрады. Құрылыс жұмыстарына 7-10 адам тартылады. Жоба іске қосылғанда 20 адамға жұмыс орны болады. Сервистік кешеннен түсетін жылдық табыс 300 млн. теңгедей болады деп болжанған. Жылына 4 млн. теңге шамасында салық төлемдері төленеді.

Облыс әкімі қала маңына жақсы кемпинг керек екенін айта келе, инвестор сұраған 3 гектар жердің «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жобаның кезеңдеріне сәйкес бөлініп берілетінін жеткізді. Мұны кей кәсіпкерлердің ауданы үлкен жер телімдерін алып, оның кей бөлігін басқа мақсатқа пайдаланатындығымен байланыстырды. Жерасты суын пайдалану, өндірісте пайдаланылған суды қайта кәдеге жарату, кірме жолдарды салу сынды өзгерістерді жобаға енгізу тапсырылды. Бұл жоба да кеңес отырысында қолдау тапты.

Төртінші жоба Орал қаласында бетон зауытын іске қосуға бағытталған. Ол жоба да мақұлданды. «АртСтройХолдинг» ЖШС директорының орынбасары Қуантай Шәріпов (М100…М350 маркалы) тауарлық бетон шығаратын зауыт құрылысына жер телімін бөліп, инфрақұрылым желілерін тартуға мемлекет тарапынан көмек-қолдау көрсетілуін сұрады. «Өңір нарығын зерттедік. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде, өнімге сұраныс бар. Қолдау көрсетілсе, жобамызды сараптамадан өткіземіз. Деркөл – Ростоши жолы бойынан бір гектар жер телімі бөлінсе дейміз», – деді Қ.Шәріпов.

Барлық экологиялық талап сақталатын жобаның құны 613,6 млн теңгені құрайды. Инвестор жобаны өз қаржысына жүзеге асырады. Түріктің озық технологиясына негізделген кәсіпорын жылына 180 мың текше метр тауарлық бетон шығаруға қауқарлы. Жоба бойынша 10 адам жұмысқа тұрады.

– Бетон зауыттары бізге таңсық емес. Жаңа, өңірде жоқ, стратегиялық мақсаттағы жобалар аясында ғана инженерлік коммункация желісін тартуға көмектесеміз. Сондықтан жер телімі беріледі, ал инфрақұрылым салу мәселесін қаражат көлеміне қарай бөлек қараймыз, – деді облыс әкімі.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысының мәлімдеуінше, өңірлік кеңес мақұлдаған, құны 1,5 триллион теңге тұратын төрт жоба жүзеге асқан жағдайда, 1700 жаңа жұмыс орны ашылады.

«Үлкен жоба – газ өңдейтін зауыт. Осы жоба басты назарда болады. Кешен құрылысына барынша қолдау көрсетеміз. Басқа да маңызды жобалар мақұлданды. Инвестициялық жобаларды жүзеге асырамыз деп ниет білдірген инвесторларға рақмет айтамыз», – деп аяқтады жиынды Ғ.Есқалиев.

Гүлбаршын Әжігереева, 

zhaikpress.kz 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале