23.09.2022, 21:34
Оқылды: 52

Демеуқаржы мөлшері артты

Кеше ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен облысымызға келді. Ол өңірдегі жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен танысып, шаруалармен кездесті. Сондай-ақ іске асатын жаңа жобаларды көрді.

afadd271-5c1e-4f14-9fa7-9b120ad2b40a

Министр алдымен  Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да болып, арнайы зертхана орталығының жұмысымен танысты. Зертхана ұжымы соңғы ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу арқылы мал шаруашылығының тиімділігін арттыруды көздейді.

– Біздің негізгі мақсатымыз – молекулярлық-генетикалық зерттеу әдістері мен жайылымдық пайдалануды кешенді бағалау негізінде ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетін, өнімділік қасиеттерін арттыру, асыл тұқымды малды көбейту, – деді  орталық қызметі туралы министрге түсінік берген зерттеу орталығының директоры Индира Бейішова. Зертхана жұмысына оң баға берген Ауыл шаруашылығы министрі ғылыми ізденісті жалғастыра беруді тапсырды. Одан әрі Ербол Қарашөкеев «Орал жылыжай комбинаты» ЖШС-ның директоры Алмат Забыховпен кездесті. Бұл жылыжай – облыс  үшін маңызды инвестициялық жобалардың бірі. Нысан сынақ режімінен сүрінбей өтіп, жұмысын сәтті жалғастыруда.

Былтыр іске қосылған заманауи жылыжай аумағы – 5,6 гектар. Толығымен голландиялық технология бойынша салынған.  Мұнда жыл бойы қызанақ пен қияр өседі. Өткен жылы бірінші ауыспалы егіс алқабынан 1700 тонна қияр жиналған. Жылыжай көкөністері Орал қаласындағы көтерме базарлар мен супермаркеттерде ғана емес, Қазақстанның 9 облысы мен Ресей Федерациясына жөнелтіледі екен. Енді ассортиментті кеңейтіп, бұрыш пен баялды егуді қолға алмақ. Мұндай жобалардың маңызы зор екенін айтқан Ербол Шырақбайұлы жылыжай жұмысын одан әрі дамыту үшін инвестсубсидия беруге болатынын айтты.

dad3551b-4c6f-425c-93f1-d0e48ae8b1e9

Консерві өнімдерін шығаратын «Кублей» компаниясы – ішкі нарықтың көшбасшысы. Жылыжайдан шыққан соң министр зауыт жұмысымен танысты. Зауыттағы тері өңдеу цехының жұмысына оң баға берген министр елімізде осындай қалдықсыз жұмыс істейтін өндіріс орындарын көбейтуге күш салу керектігін ерекше атап өтті.  Дайын шикізатты Италияға жіберетін «Кублей» ЖШС-ның директоры Талғат Берекешев ет комбинаты жанынан арнайы мал өсіретін нысан орнын салу жоспарда бар екенін жеткізді. Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев елге пайдасы тиер бастамаларға көмектесуге дайын екенін айтты.

Облыс әкімдігінің ғимаратында Ауыл шаруашылығы министрі жергілікті шаруалармен кездесу өткізді.  Жиында өңір басшысы Ғали Есқалиев облыстың ауыл шаруашылығы жайында шағын баяндама жасап, алға қойылған жоспарларымен бөлісті. Әкім баяндамасынан кейін министр өңірдің агроөнеркәсіптік кешені жақсы дамып келе жатқанын атап өтті. Әсіресе мал шаруашылығы саласындағы оң өзгерістерге баса назар аударған ол 600 бас ірі қараға арналған, жалпы қуаты жылына 3,3 мың тонна болатын, сүт өндіретін 1 сүт-тауарлы фермасы және жылына 47 мың тонна болатын  өнім беретін 1 сүт өңдеу кешені мен 15 500 басқа арналған 5 бордақылау алаңы іске қосылатынын айтты. Сонымен қатар 10 жылдан астам уақыт бойы тұрып қалған кәсіпорындардың бірі – 8640 басқа арналған «Yanaikino» ЖШС  бордақылау кешенінің жұмысы жанданғанын да айтты.

– 2026 жылға дейін өңірде агро-өнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында  110,6 млрд теңгеге 44 инвестициялық жоба іске асады. Қазіргі кезде инженерлік-коммуникациялық ин-фрақұрылым желісін жүргізу жоспарлануда. Егер аталған инвестжобалар сәтті іске асырылса, маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдері тапшылығының орнын толтыруға және облыс базарларындағы бағаларды тұрақтандыруға мүмкіндік туады, – деді Ербол Қарашөкеев. Осы жобалар іске асса, облыста 1300-ден астам жұмыс орны құрылады.

Егін жинау науқаны туралы баяндаған министр «Кең дала» бағдарламасы аясында аграрлық кредиттік корпорациясы өз қаражаты есебінен ел бойынша  112,1 млрд теңгеге 3843 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі қаржыландырылғанын айтты. Батыс Қазақстан облысына бағдарлама бойынша 2,1 млрд теңге бөлініп, 105 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне несие берілген.

Ербол Шырақбайұлы республикада биылғы күзгі далалық жұмыстарды жүргізуге 423,4 мың тонна дизель отыны бөлініп, оның бағасы нарықтағыдан 15-20% арзан болғанын айтты. Өңірімізге 14,2 мың тонна жанар-жағармай жеткізілген. Алдағы уақытта тағы 3,1 мың тонна дизель жеткізу жоспарланған.

Бұдан басқа былтырғыдай құрғақшылық болған жағдайда, қосымша 279 мың тонна астық қорын қалыптастыру үшін форвардтық сатып алуға 20 млрд теңге бөлінеді. Министр бұл қаражат мал мен құс  өсімін сақтап қалуды қамтамасыз ететінін жеткізді.

Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған демеуқаржы бөлу жайына тоқталған Ербол Қарашөкеев өңірімізге берілетін субсидияның жалпы сомасы 10 миллиард теңгеден асып жығылатынын айтты. Демеуқаржы агроөнеркәсіп кешенін  дамыту мақсатында жұмсалады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан субсидиялаудың жаңа тетігі іске қосылады, яғни субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізу көзделген. Яғни демеуқаржы алған шаруа өз өндірісінің өнімін өткізу көлемін жыл сайын кемінде 3%-ға ұлғайтуды қамтамасыз етіп, еңбек өнімділігін жыл сайын арттыра түсуі керек. Сонымен қатар форвардтық келісімшарт бойынша тұрақтандыру қорларына өнімдерді жеткізіп, негізгі капиталға инвестиция салуды 5 жылда кемінде 1 рет қамтамасыз етуі қажет. Осы шаралар еліміздің ғана емес, облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға ықпал етеді.

Одан соң Ербол Қарашөкеев жергілікті шаруалар мен диқандарды толғандырған мәселелерді сұрап білді. Ең алдымен, шаруалар ет экспортына жол ашуды сұрады. Министр ол мәселені шешудің жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар жыл сайын саны артып келе жатқан киіктің жайы да жиында сөз болды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес киік санын реттеу жұмысымен Экология министрлігі айналысады. Мәселені шешу жолының бірнеше нұсқасы бар, – деді Ауыл шаруашылығы министрі. Сондай-ақ киік таптаған алқаптарды сақтандыру мәселесін реттеу жайымен арнайы жұмыс тобы шұғылданатынын айтты.

Жиында ауыл шаруашылығына қажет кадрларды дайындау мәселесі қозғалды. Министр әр шаруа өзіне қажетті маманды дайындауға күш салуы керектігін айтты. Ондай тәжірибе Белоруссияда жақсы жүзеге асырылып жатыр екен. Өңір басшысы да бұл бағытта шаруаларға қолдау көрсететінін айтты.

Жиыннан соң Ербол Қарашөкеев португалдық инвесторлармен кездесіп, «Kaz meat indusry» ЖШС облысымызда салатын құс фабрикасымен танысты. Әлемнің 50-ден астам елінде сәтті жұмыстанып жатқан португалдық компания өкілдері облыста салынатын құс фабрикасын таныстырды. Бұл жоба  іске асқан жағдайда, кәсіпорын жылына 25 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы болады. Десе де, инвесторлар қосымша қаражат алуға байланысты қиындық бар екенін жеткізді. Ауыл шаруашылығы министрі құс фабрикасының жобасымен толық танысып алған соң, қиындықты еңсеруге барынша қолдау көрсетуге әзір екенін айтты. Сапар соңында Ербол Шырақбайұлы С. И. Исаев атындағы тәжірибелік баққа барып, оның жұмысымен танысты.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале