26.09.2022, 12:02
Оқылды: 110

Текті ұлдарын ұлықтады Ақжайық

Жұбан елі жұртшылығының жадында өткен апта қаһармандықтың, елжандылықтың, ешқашан өшпейтін, тозбайтын құбылыс екенін әйгілей түскен, аға ұрпақтың бүгінгі тәуелсіздігімізге жол ашқан өршілдігі, ерен еңбегі кеңінен дәріптелген ауқымды шаралармен сақталары сөзсіз. Алдымен облысымыздың айтыс ақындары биыл мерейтойлары аталып өтіп жатқан Ақжайықтың ардақтыларының есімін жаңғыртып, өнегесін көпке паш етсе, одан соң Кеңес Одағының батыры Есен Орақбаевтың 100 жылдығы дала қызықтарымен айшықталды.

5

Арайлы Ақжайық – қашан да отан отқа оранып жатқанда, көзсіз ерлікпен қасқайып жауға қарсы тұрған батырын, дала төсін түлеткен еңбеккерлерін, өнерлі өренін қадірлеп, төбесіне көтерген ел. Аудандық мәдени-демалыс орталығында өткен «Жыр арқауы – жақсылар» атты ақындар айтысында кешегісін бағалап, бүгінін бекемдеген ағайынның осындай игі үрдісі анық көрінді. Өмірден өтсе де, өнегелі өмірі, еселі еңбегімен елдің жадында қалған қазақ әдебиетінің алпауыттары Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов, Кеңес Одағының батыры Есен Орақбаев, журналист, қоғам қайраткері Бисен Жұмағалиев, аудандық оркестрдің негізін қалаған Сайын Құбашевтермен қатар жерлестеріміз, аудан гимнінің авторы, сазгер Ғұбайдолла Қибашев, ақын, журналист Тілес Жазықбай сынды азаматтардың ауданның экономикалық-әлеуметтік, рухани-мәдени өміріндегі зор қолтаңбасын ақындар жырларына қосты.

6

Мұнда аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов сөз сөйлеп, ақындарға шалқар шабыт тіледі.

Бірден айта кету керек, ауданымызда балғын ақындарды тәрбиелеу жақсы жолға қойылған. Өңірге танымал Сағынтай Бисенғалиев жетекшілік ететін «Муза» шығармашыл оқырмандар отауынан түлеп, бүгінде айтыс әлемінде танылғандардың қатары қалың. Бұл жолы да Санат Мұхамбетжанов, Абылайхан Мақсұтов, Мейірман Шәкенов жыр додасына Атырау облысы Индер ауданынан келген Нұрасыл Иса, жаңақалалық Орынбек Меңдіқұлов, Данияр Нысанғалиев, сырымдық Мақсат Тұяқ, бөрлілік Жарқынбек Шынтаев, қазталовтық Естеміс Мұхамбетов, теректілік Әділ Ахметовтармен өнер көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленді. Көрермен демекші, лық толы айтыссүйер қауымның осы күнгі ықыласы мүлдем ерек, Олар тапжылмастан төрт сағат қатарынан ақындардың әр сөзі, шумағын, ұтымды әзілдерін, орынды ұсыныстарын ду қол шапалақпен қабыл алып, мүдірген тұстарында қиқулап қолдау көрсетіп, шабыттандырды.

Сөз сайысында Қазақстан Жазушылар одағының БҚО филиалының төрағасы, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, белгілі ақын Бауыржан Халиолла, белгілі қаламгер Дариға Мұштанова, журналист Асантемір Қаршығаұлы, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы, ақын, еңбек ардагері Тілес Жазықбай төрелік етті.

Сахнаға бірінші шыққан жұптың жүгі ауыр деп топшылағанымызбен, Орынбек пен Жарқынбек әп дегеннен көрерменнің көңілін орамды ойларымен, заманның тамырын дөп басқан салмақты пайымдарымен елең еткізді.

О.Меңдіқұлов:

Сахнаңа құс болып самғай кірдім,

Ағайынға өлеңімді арнай кірдік.

Жақсыларға айтыс өтіп жатыр бүгін,

Үн қоссам жыр-додаға, бар ма айыбым?!

Жүз жылда бір туатын таланттарды

Бір демде бір туғызар Ақжайығым, – деп өңірдің тектілерін ардақтаған лебізі патша көңілді көрермендердің көңілінен шыққанын құлақты тұндырған шапалақтан-ақ байқауға болады.

Осыдан кейін сахна төріне көтерілген Санат пенен Нұрасыл да әдемі айтыстың үлгісін көрсете білді. Бір-бірінің шымшымаларын қақпақылдап, тойтарыс бере отырып, олар талай дарынды бесігінде тербеткен Ақжайықтың қадірін әспеттеді.

Сынақтан талай мәрте өткен елім,

Шабытыма арқау ең көптен менің.

Намысыңды қорғауға келіп тұрмын,

Абыройын жауға жықпас көк бөрі елім, – деген С.Мұхамбетжанов киелі өңірдің ұлы болу бақыты бұйырғанын мақтанышпен жырға өрді.

Айтыс сахнасында да, жазба ақындықта да есімі енді таныла бастаған Абылайханның қарым-қабілеті зор екенін бұл додада да анық көрінді. Ол қарсыласы тәжірибелі айтыскер Әділ Ахметовпен сөзсайыста тең жарысты.

Өлеңмен мәні келер айналаның,

Топқа түссем, мен қалай жай қаламын.

Тарихымда елімнің жазулы тұр

Үкі би, Науша менен Байбарағың, – деп дархан даламызды білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған батыр бабаларымыздың рухына тағзым етсе, Ә.Ахметов те айтыстың тақырыбынан ауытқымай:

Бисен Жұмағалиевті кім білмейді,

Азат қып бір қаладан бір қаланы.

Соғыста журналист боп қойынынан

Мылтығы мен түспепті жыр-қаламы.

Бұның бәрін сен тудың, уа, Ақжайық,

Оларда енді қандай мін болады!

Олардың аты өлмейді, істерінен

Талай жұрт тамсанады, үлгі алады.

Жасындай жарқ еткен бұл тұлғалары,

Күннің көзі сөнгенше жырланады, – деп қайтпас қайсарлық, өшпес өжеттік, қайраткерлікті жырлады.

Келесі кезектегі Мақсат пен Естемістің осы додада әдемі әзілдерімен қатар, ортаға тастаған байыпты ойларын көпшілік жылы қабылдады. Естеміс ауданға еңбегі сіңген азаматтарға заманның артқан жүгін салмақтап, елдегі іргелі істерді ардақтады. Ал Мақсаттың ағасының қағытпаларын әдемі қайтара отырып, қашанда қиындықтарға мойымаған алдыңғы толқын бүгінгі жастарға үлгі екенін айтқаны көрермендердің көңілінен шықты.

Ағайынның айтысты сағынған шөлін соңғы жұп – Мейірман мен Даниярдың екеуара текетірестегі арқыраған арыны басты. М.Шакенов тыңнан түрен салып, ұтымды айтқан ой-орамдары, тапқырлығымен ерекшеленсе, Даниярәуезді үнімен, ұйқасы тастай өлең құрауымен дараланды.

Тектіге жалғас болған Мейірмандай,

Ағайын танимысың саңлағыңды.

Бірақ бұл құр өлеңмен өрлей алмай,

Шоу жасап, болып жүр ғой жан жалынды, – осыған дейінгі айтыстарда қыза-қыза шапанын шешкенін айтып, қарсыласын әзілмен қағып өткен Даниярға есесін жіберетін Мейірман ба? Туған жерінің төрінде, ақжайықтықтардың үмітін арқалап, өнер көрсеткен ол:

Елім  маған жұлқынып айтыс деді.

Алайда «Артық кетіп қойма» деп ед(і).

Арасында шоу жасап, шула деп ед(і).

Ағайынның ықыласы ып-ыстыққой,

Шапаныңды шешуге тура келед(і), – деп халқына бір еркелеп алды.

Сөз саптауда тегеурінділігімен танылған, халықтың мол қошеметіне бөленген М.Шәкеновбас жүлдеге лайықты деп танылды. Ерекше шабытпен айтысқан оның қарсыласы Д.Нысанғалиев І орын иегері атанды. ІІ орынды Ә.Ахметов иеленсе, Е.Мұхамбетов пен А.Мақсұтов ІІІ орынға табан тіреді. Қалған  ақындарға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Айтыстың барысын қорытындылаған Бауыржан Халиолла осы шараны ұйымдастыруға мұрындық болған аудан жұртшылығы мен сахнаны заманауи талаптарға сай безендірген мамандарға ризашылығын жеткізді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Бәйгетөбе алаңында өткен  дала қызықтарын тамашалауға осы күні есімі ардақталған Есен Орақбаевтың қызы Гүлнәр Орақбаева, ауданнан жырақта жүрген жерлестер, көзін көрген қанаттас аға-апалар, оның қайталанбас болмысын құрметтейтін ізбасарлары, ауыл тұрғындары жиналды.

Батырдың тойын елдің тойына ұластырған ауылдық округтер әрқайсысы осы алаңда ақшаңқан киіз үйден құрып, қонақтарды жылы-жұмсағымен қошеметтеді. Ала таңмен қабағын түйген аспан да жиналғандардың көтеріңкі көңіл-күйімен жылынып, көкті торлаған бұлт тарқап, күн шуағы төгілді.

Мерекеде алдымен аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов құттықтау сөз сөйледі.

– Ұлылықтың үлгісі – ұлтын сүю екенін жігіт шағынан дәлелдеген Есен Орақбаев жарты әлемді құрсауына алған Ұлы Отан соғысында айрықша ерлік көрсетіп, ең абыройлы атақ алды. Соғыстан кейін тұралап қалған ауыл-ел тұрмысын түзеткен ол – майдандағы ерлігімен парапар еңбеккер ретінде алғырлығын, даралығын, қайраткерлігін талай мәрте дәлелдеген жан. Отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеуде дәл осындай ерлерді ұлықтау, ерлікті насихаттау – басты борышымыз.Даңқты жерлесіміздің ғасыр мерейтойын мерекелеу – осы жылдың ең айтулы оқиғаларының бірі. Жыл бойына аудан көлемінде мерейлі датамен ұштастырылып, ел-жұрттың туған жерге, даңқты ата-бабаларына құрметін айшықтаған шаралар бүгінгі тоймен мәреленуде. Атап айтар болсақ, кіндік қаны тамған Алғабаста әйгілі шабандоздардың арасында бәйге өтсе, аудан орталығындағы батырдың есімін иеленген көше тұрғындары да бірлігін танытып, той өткізіп, қайсар ұлдың рухын асқақтатты. Ал Алғабас ауылына дейінгі жолдың, батыр атындағы көше жолының жөнделуі – туған мекеннің ажарына ажар үстейтін қарекет. Бізден бұрынғы сан толқын ұрпақтың  кіндік қаны мен тері тамған киелі мекенімізде Есен Орақбаевтай жандардың туғанын барша жерлестері мақтан етеді. Сондықтан бүгінгі ғасыр тойы – елдіктің тойы, ата-баба аманатына адалдықтың тойы.

Осыдан кейін сөз алған батырдың қызы Г.Орақбаева әкесінің рухын жаңғыртқан жерлестеріне айрықша ыстық ілтипатын арнады.

– Әкемнің еңбек іздері тек бір ауданда ғана емес, бүкіл облыста қалған. Осыған дейін Жаңақала ауданы оның есімін ардақтады, облыс орталығында спортшылардың басын қосқан айтулы дода өтті. Бар өмірін туған жеріне арнап сарп еткен қайраткердің жұрт жүрегіне жазылғаны осы емес пе. Кіндік қаны тамған жердегі бүгінгі күннің жөні бөлек.Себебі қорытынды шараның өзі туып-өскен туған мекен, алтын бесігінде өтуі – жерлестерінің құрметі. Бүгін онымен бірге жұмыс істеген жаны жайсаң азаматтарды көріп, жерлестерімнің ыстық ықыласына шомылып, әкем ортамызға келгендей толқып тұрмын, – деген ол әке туралы жылы естеліктерімен бөлісті.

Көтеріңкі көңіл-хоштағы қалың әлеуметтің делебесін қоздырған тұлпарлар бәйгесі жанкүйерлердің қиқуымен өтті. Құнан ауданымыздан Асхат Қамешовтың сәйгүлігі І, шыңғырлаулық Әсет Төребаевтың тұлпары ІІ, сырымдық Мейрам Аманбаевтың құнаны ІІІ келді. Топ бәйгеде дара озған сәйгүліктердің иелері: І орында – қазталовтық Төлеген Мержанов, ІІ орында Қазталовтан Нұрболат Әдиетов, ІІІ орында бөрлілік Азамат Төремұратов.

8

21 шақырымдық аламан бәйге тіпті тартысты өтті. Мұнда жаңақалалықМақсот Сейталиевтің тұлпары топжарып, жүлдеге тігілген 1 000 000 теңгені иеленді. Қазталовтық Нұралы Тұралиев баптаған қылқұйрық мәреге екінші, қаратөбелік Нұрбек Сағынбаевтың қосқан аты үшінші жетті.

7

Ал қазақ күресінің қызығы мерейтой шаттығын әбден еселеді. «Күш атасын танымайды деген, балуандардың белдесуінде Бөрлі ауданынан Темірлан Көлбайға боз кілемге шыққандардан тең келер ешкім болмады. Сырымнан келген Нұрымжан Ғаббасов ІІ, оралдық балуан Еркебұлан Нығмет ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар күштілікке, табандылыққа сын болған арқан тарту сайысында батыр туған ауылдың, яғни Алғабастың жігіттері үздік көрінді. ІІ орында Қабыршақты ауылдық округі, ІІІ орында «Жігер» спорт клубының командасы.

Өздерінің ауылдарындағы мерейтойлық шараларға дайындыққа, дала қызықтарына жанашырлықпен, мүдделілікпен атсалысқан әрі ат спортының дамуына үлес қосқан Нұрлыбай Болатұлы, Бектас Рашидұлы, Әлібек Темірболатұлы,  Мерген Тілеубергенұлы, Виталий Жайықбайұлы сынды азаматтарды аудан әкімі Қ.Шадиярұлы өзінің алғыс хатымен марапаттады.

Бұл қорытынды шарада аудан көркемөнерпаздары Әнуар, Венера Нұрғалиевтар, Алтынбек Базаровтар ән әуелетті.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале