Бүгін ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әділгерей Уәлиұлы осындай мәлімдеме жасады. Әділгерей ақсақалмен бірге «Нарын қасіреті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Хайролла Сабиров та келіп, ауданымыздың ардагерлерімен, мұрағат, мұражай басшыларымен және тілшілермен кездесті. Келелі жиында ардагерлер кеңесінің жұмысын жүйелендіру мәселесі мен сонау өткен ғасырдың 50-ші жылдардағы Нарынның тағдыры талқыланды.
Әділгерей Уәлиұлы өз сөзін ардагерлер кеңесінің жұмысын жүйелендіру мәселесінен бастады.
-2022 жылғы 20 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің кіші залында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс ІХ съезінде бірқатар мәселе көтерілді. Соның ішінде ардагер статусы кімге беріледі деген даулы сұрақ талқыланды. Сонымен қатар ардагерлер кеңесінің жұмысын жүйелендіру қажеттілігі де сөз болды. Мәселен, ардагерлер кеңесі жанынан жастар ісі жөніндегі, әлеуметтік мәселелер жөніндегі бірқатар комиссиялар құру керек. Бұл бүгінгі күнде маңызды мәселелерді талқылау үшін қажет. Бүгінгі жиында ардагерлер кеңесінің жұмысымен қатар, өңірімізге таңба болып қалған Нарын қасіреті жөнінде де талқыламақпыз. Тарихи оқиғаға қатысты тың деректерді жинақтап, зерттей отырып, тарихымыздан сыр шертер еңбек жазуымыз керек. Осы нәубетті бастан кешкен халықтың басым көпшілігі Казталов ауданына қарасты, Қараоба ауылына шоғырланғаны белгілі, - деді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.
Халықты зорлықпен көшіру деректері жоқтың қасы екендігі де жиында сөз болды. Мұны түбегейлі зерттеу мақсатында, зар илеген халық қоныстанған аудандарда штабтар құрылмақ. Казталов ауданында да аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуовтың төрағалығымен тарихи деректерді жинақтап, зерттеу мақсатында штаб құрылды. Штаб мүшелігіне аурдагерлер, мұражайлар мен мұрағаттар басшылары, тілшілер кірді. Мазмұнды жиында ардагерлер тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, тапсырмалар берілді.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы,
zhaikpress.kz