27.09.2022, 10:46
Оқылды: 121

Күрес жолында

Сейітқали Меңдешев – ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы, көзінің тірісінде-ақ «Қазақ жерінің жоқшысы» атанған С. Меңдешевтің туған халқына, республикаға сіңірген еңбегі орасан зор. 1920-1930 жылдардағы ашаршылық кезіндегі халықты аман сақтап қалу жолындағы жанқиярлық әрекеті, халық ағарту саласын дамытуға қосқан үлесі оның қайраткерлік тұлғасын айқындай түседі. Дегенмен Сейітқали Меңдешевтің өмірінің алғашқы кезеңіне қатысты мәліметтер кемшін түсіп жатады. Бұл мақалада оның туған жеріне, 1905-1917 жылдардағы қоғамдық-саяси қызметіне қатысты құжат деректерін қарастырамыз. 

5

Cейітқали Меңдешев 1882 жылы жаз айында Бөкей ордасының Қамыссамар көлінің жағасындағы шағын ауылда дүниеге келген. Оның өскен ауылының кәсібі балық аулау болатын. Сейітқали да кейін осы кәсіппен шұғылданады. Бірақ тағдыр оны балықшылықтан аулаққа алып кетті. Бұған туған ауылының Новая Казанкамен іргелес болып, сондағы орысша-қазақша оқытатын мектепте білім алуы себеп болды. Сейітқали Меңдешев алғашқы білімді татар молдаларынан алса, 1889 жылдан бастап Новая Казанка ауылындағы 4 кластық орыс мектебінде оқыды. 1893 жылы Ордадағы 2 кластық училищеге оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдайды.

Сейітқали Меңдешевтің архивте сақталған өзінің естеліктері бойынша ол 1900 жылдың күзінде Қазан қаласына барып оқытушылар семинариясына оқуға түседі. Онда үш жыл оқыған. Сейітқали 1903 жылы халық мұғалімі деген атаққа ие болып, Бөкей облысының 2-Теңіз жағалауы округіне қарасты Ганюшкино селосындағы 2 жылдық училищеге екінші мұғалім болып тағайындалады. 1904 жылы Хан ордасындағы 2 кластық училищеге үшінші мұғалім етіп ауыстырылған.

Ордада болған кезінде Сейітқали Мендешев 1905 жылғы революциялық оқиғаларға қатысқан. Осындағы басқа да оқыған қазақ жастары – мұғалімдер мен оқушылардың басын қосып, халық наразылығын ұйымдастырған. Әрине, жастардың бас көтерулері полицияның қақтығысымен басылып отырған. Сейітқалидың өзі патша үкіметінің бақылауында болады. 1906 жылдары Ордаға әр түрлі саяси ағымдағы меньшевиктер, бүлікшілер, эсерлер, большевиктер саяси қуғынға ұшырап келіп жататын.  Сейітқали секілді көзі ашық қазақ жастары саяси қуғынға түскен адамдармен байланысқа шығып, олардың Ордадан қашып кетулеріне көмектесіп отырған.

1906-1908 жылдары С.Меңдешев Бөкей ордасында кәсіби және саяси мақсат көздеген интеллигенцияның жасырын одағының ұйымдастырушысы болды. Бұл одаққа мұғалімдер, фельдшерлер бірікті.

С.Меңдешев бұл одақтың қазынашысы және кітапханашысы болған. 1908 жылға қарай Бөкей ордасындағы қазақ жастарының кәсіби одағы патша шенеуніктерінің   ықпалымен қызметін тоқтатады. Бөкейлік оқыған жастар тұңғыш рет ұйым құрып, халықты мәдени-рухани жағынан жетілдіруге, оқу-ағарту ісін бір жолға қоюға, ұлттық тең құқылықты сақтауға ұмтылған.

Ғұмар Қараштың қоғам-дық-саяси өмір жолын зерттеген Мақсат Тәж-Мұрат Бөкей ордасындағы қазақ зиялыларының құрған алғашқы қоғамдық ұйымы жөнінде былайша топшылайды. «1907-1908 жылдар шамасында Шәңгерейдің мекені – Самар губерниясына таяу князь Шыңғыс хуторында, қазақша Көлборсы жерінде он адамнан тұратын жасырын ұйым құрылады. Бұл астыртын қи-
мылға қатысы бар тоғыз адамның – Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Ғұмар
Қараш, Елеусін Бұйрин, Ғабдол-Ғазиз Мұсағалиев, Сәлімгерей Нұралыханов, Мұстафа Көкебаев, Сейітқали Меңдешев және Мұхтар Сәрсембиевтердің аты-жөні аталған.

Ұйым «Жігер», не «Ұлт қауымы» деп аталуы мүмкін. Себебі Кеңес өкіметі тұсында 1918 жылы Ордада меньшевик Мұстафа Көкебаевтың ұйытқы болуымен он адамнан жасақталған «Жігер» дейтін мәдени-ағарту қоғамы құрылады да, ол көп ұзамай Тарғын қисымында (Шәңгерей, Ғұмарлар  елінде) «Ұлт  қауымы», Жаңақала жағында «Білім  бірлігі» деген отау бөлімшелерін  ашқан  болатын», – деген  ғылыми болжам жасаған. Міне, осы зиялы топ Бөкей ордасындағы ұлттық-демократиялық қозғалыстың жандануына негіз жасап, қазақ жастарының қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуларына ықпал еткен.

Сейітқали Меңдешевтің саяси көзқарасының қалыптасуына және қоғамдық-саяси қызметте шыңдалуына Петербург қаласында екі рет болуы ерекше әсер етті. Ол 1913 жылы Петербургте болған Бүкілресейлік халық ағарту сиезіне Бөкей ордасынан делегат ретінде қатысты. Бөкей ордасы қазақтары арасында халық ағарту ісі жөнінде баяндама жасады. Қазақ балаларының білімге құштар екенін, бірақ оған қолдары жетпей отырғанын мәлімдейді. Халықтың ой-санасын ояту жөніндегі мәселені ашық айтады. Бұл сапарында Петербургтың саяси ахуалымен кеңірек танысып қайтады.

Сейітқали Меңдешев қазақ халқының тағдырына қатысты саяси жағдайларға бей-жай қарай алмай, Бөкей ордасындағы, оның ішінде Жаңақаладағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске белсене қатысты. Бұған осы оқиға болар алдында Петербургке екінші рет барып қайтуы, онан тағы да үлкен саяси ерік-жігермен оралуы себеп болды. Оның бұл жолғы сапары ел ішіндегі жер дауына қатысты еді.

Астрахан губернаторының жер бөлу жөніндегі әділетсіз-дігіне Бөкей ордасының бір топ қазағы наразы болатын. Осыған орай олар арыз айтуға сол кезеңдегі беделді екі адамды – Нығыметолла Ыбрагимов пен Ғұбайдолла Ахметовты Петербургке жіберуді ұйғарады. Ал ол екеуі Петербургке Сейітқали Меңдешевтің жол бастап баруын және патша әкімшілігіне жолыққанда тілмаш болуын қалайды. Сейітқали олардың өтінішін қабыл алады.

Петербургте болған кезінде Сейітқали І дүниежүзілік соғыстың барысы, жұмысшылардың толқуы, интеллигенцияның озық ойлы пікірі жөнінде көп мағлұматқа қанығады. С. Меңдешев Петербургтен ауылға шілде айының басында оралады. Ауылда патша өкіметінің 19 бен 43 жас аралығындағы қазақ жігіттерін қара жұмысқа алу жөніндегі бұйрығына қарсы халық арасында толқу, наразылық барын естиді. Мобилизацияға жергілікті әкімдер-ауылнайлар, болыстық старшиналар белсене кіріскен. Олар патша жарлығына қарсылық білдірушілерді сол арада атып тастауға дейін тәртіп береді. Қара жұмысқа адам беруге барлық ауыл қарсылық білдіріп, санақшыларды қуып жібереді. Ауыл азаматтары қолдарына қару алып, атқа міне бастайды.

Петербургтегі саяси толқулардың ортасынан келген Сейітқали Меңдешев қазақ ауылдарының басын біріктіруді, оларды қаруландыруды ойлайды. Осы мақсатпен ол Жаңақалаға келген бойда-ақ өзімен пікірлес жолдастары Мұхтар Сәрсембиев пен Нұғыман Залиевті және басқаларды шақырып ақылдасады.

Жергілікті би-болыстар да қарап жатпайды. Олар патшаның жарлығын екі етпей орындауға күш салып бағады. Қамыс Самар правителі Нұрым Қарабаев Астраханнан шыққан патша уәкілі Аракчеевтің келуімен байланысты болыс, старшиналардың жиылысын шақырады. Бұған ауылдың кейбір беделді азаматтарын да қатыстырады. Ондағы мақсат Германиямен соғыста күн санап халі төмендеген патшалық Ресей армиясына көмек беру еді. Олардың бұл жоспарын қазақтар жүзеге асыртпауға күш жұмсайды. Қарсылық білдірушілердің ішінде Сейітқали Меңдешев те болды.

Жиналыста Сейітқали «Қазақтың жастарын мал есебінде майдандағы қара жұмысқа алу әділетке жатпайды. Егер біздің жігіттерді алатын болса, ол үшін әуелі қазақ жастарын оқытып, көзін ашу керек», – дейді.

Шенеунік Аракчеев терісіне сыймай қатты ашу шақырады: «Өшір үніңді, саған кім үйретті? Қазақ жастарын майдан жұмысына қалай пайдалану туралы сенен ешкім де ақыл сұраған жоқ. Мына айтып тұрғаның патша ағзамға қарсы сөздер. Бұл бұзақылығың үшін ұлы императордың алдында жауап бересің», – деп жекіреді.

Бұл сөзді естігенде 80 жастағы Тастанбек Желдібаев деген ақсақал орнынан ұшып түрегеледі. Ол осы өңірдің өжет, шешен, әрі қара қылды қақ жарған турашыл ақсақалы болатын. Көз алдында өршіге алқынып дөрекілік көрсеткен Астрахан губернаторының уәкілін көріп, оны бүріп ала-
тын қырандай қатты сұстанады. Тастанбек Желдібаев өз сөзінің аяғын: «Патшаңа сәлем айт, біз кісі бермейміз! Қанша керек болса да, ол бізден ақша ғана алатын болсын», – деп бітіреді. Сонымен жиналғандар қара жұмысқа адам бермейтіндіктерін ашық айтып тарқасады.

Әрине, генерал-губернатордың уәкілімен бұлайша сөзге келіп, жүз шайысудың арты кикілжіңге ұласатынын Сейітқали Меңдешев бастаған топ анық аңғарады. Келесі күні ол Жаңақалаға барып, ауылдағы наразылық білдірушілерге басшылық ететін орталықтар ұйымдастыру жөнінде кеңеседі. Осы мақсатпен көп адам ауылдарға аттанады.

Көтерілісшілер қатарының ұлғаюына байланысты Қарабаев-Аракчеев Астраханнан қосымша отряд сұратады. 22 шілдеде Жаңақалаға Ордадан Яков Крицкий бастаған отряд келіп, Сейітқали Меңдешевті Астрахан губернаторының тұтқынға алу жөніндегі құжатымен таныстырады. Тұтқынға алынған 6 адамның ішінде С.Меңдешев, Т.Желдібаев, Н.Залиев және әкімдердің «көзінің қырында» жүрген Сүндетқали Нұрсарин болды.

Ордаға келген соң тағы да бір қазақ жігітін қосып Астрахандағы губерниялық түрмеге жөнелтеді. Астрахан түрмесінде Сейітқали 1916 жылдың желтоқсанына дейін отырады.

Сейітқали Меңдешев түрмеден келген соң ауылына аялдамастан Таловкаға жүріп кетеді. Бұл жөнінде Куйбышев облысының Большая Глущица селосында тұрған Мусин Мерген деген адам былай деп айтқан: «Сонда мен оның делбешісі болып бардым. Біз Таловкада Терентьев деген орыстың үйіне түстік. Сейітқалидың келген хабарын естіп, семинариядағы әріптесі Мұхамбетрахым Қарабаев біз отырған үйге іздеп келді. Амандасып болған соң:

– Неге біздің үйге түспедің? – деді Қарабаев.

– Сенде кісі қарайтын бет бар ма? – деді Сейітқали. – Бізде қазақ баласының тағдырын ойыншыққа айналдырамыз, – деген серт болып па еді? Қарабаев еш нәрсе айта алмай қалып:

– Өкпең болса үйге жүр, сонда айтарсың, – деді. Сейітқали бармайтынын кесіп айтады. Сейітқалидың ренжуінің себебі Қарабаев қара жұмыстан балаларын алып қалу үшін қазақтардан пара алып отырған. Карта ойнағанда «Менен кеткені бір бала» деп картаны ерсіленіп ұрады екен. Кейін білдім, Сейітқали Меңдешев Таловкаға Аракчеевті іздеп, оның қазақ даласындағы қылмысын бетіне басу үшін барыпты. Бірақ ол бізден бұрын кетіп қалғандықтан жолығыса алмадық. Осылайша Сейітқали Меңдешев 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде азаматтық саяси ерік-жігер көрсетіп, Жаңақаладағы көтеріліске басшылық жасаған. Ағартушы, қайраткер ретінде Сейітқали Меңдешев 1917 жылға дейін қазақтардың сауатын ашуға, олардың теңдігін қорғауға айтарлықтай еңбек сіңірген.

Сейітқали Меңдешевтің 1917 жылғы қоғамдық-саяси қызметі белгісіз. Өйткені 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін елде қос үкіметтік жағдай орнап, саяси аласапыран болып жатты. Кімнің қай жақта болғанын біліп болу қиын еді. Дегенмен Қазақ АКСР-ның Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасының бұл кезеңдегі өмірбаянында кеңестік билікті қолдағаны, революциялық басқару ұйымдарының қатарында болғанына баса назар аударылған.

Тарихшы Исатай Кенжәлиев 1990 жылы «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналында жарияланған «Дәуір перзенттері» атты зерттеу мақаласында 1917 жылы көкек айында Сейітқали Меңдешевтің Уақытша үкіметтің Ордадағы атқару комитетіне мүше болып сайланғаны жөніндегі құжаттық деректі қарастырған. Автор Ордадағы Кеңес өкіметінің орнауы мен алғашқы революциялық комитеттің құрамы, олардың қызметі жөнінде талай жаңсақ пікірлер жазылып жүр деп атап көрсеткен.

И.Кенжәлиев ғылыми-ізденіс жұмыс нәтижесінде Ордадағы Кеңес өкіметінің орнауына қатысты тың деректер табылғанын айтып, оны мақалада былайша келтірген: «Көкшетау қаласында тұратын Кәрім Ілиясов деген зерделі азамат Сапура Темірәлиева мен Досығұл Темірәлиевтің 1930 жылдардың басында жинаған құжаттарын мұқият сақтап келіпті. Қарасақ, тұнған тарих. Досығұл ұсталғаннан кейін бұл құжаттарды оның інісі Оспанғали табалдырық астына, тағы сондай елеусіз жерлерге жасырып ақыры Сапураның қолына тигізеді. Міне, осы құжаттардың ішінде Д. Темірәлиевтің 1918-1925 жылдардағы куәлік, мандат, анықтама т. б. қағаздарымен бірге 1917 жылы желтоқсан айының басында Ордада құрылған ревком мәжілістері-нің протоколдары да бар екен.

Атап айтқанда, 1917 жылы 2 желтоқсанда Ордада өткен митингінің протоколы (көшірмесі), онда сайланған ревкомның 17 мүшесінің аты-жөні жазылған. Олардың ішінде С.Нұралыханов, С.Генералов, И.Саматов, Д.Темірәлиев, Т.Сейітбаев, Ф.Якубов, П.Варламов, С.Кеңесов, И.Щербаков және т. б. бар. Ал Сейітқали Меңдешев ревкомның құрамында жоқ.

Митингіден кейін Уақытша үкіметтің атком мүшелерінің бірталайы тұтқындалады, олардың ішінде С. Меңдешев бар. Оның зайыбы Рәзия Меңдешеваның 1917 жылы 6 желтоқсанда Ревкомге берген арызы да сақталыпты. Онда ол С. Меңдешев халықтың қалауымен Уақытша үкіметтің облаткомына сиезде сайланғанын айтып, оны босатуды сұраған. Содан С.Меңдешев, Н.Залиев, И.Меңдіханов және т. б. еркіндік алады. Сөйтіп, бұл құжаттардан Сейітқали Меңдешевтің 1917 жылы бірден Кеңес өкіметін қолдамағандығы, керісінше Уақытша үкіметтің жағында болғаны белгілі болып отыр.

Қорыта айтқанда, 1905-1917 жылдары қоғамдық-саяси өмірге белсенді түрде араласып, халықтың мүддесін қорғай білген Сейітқали Меңдешевті келешекте қазақ мемлекеттігін құру және еліне аянбай қызмет ету жолындағы биік белестер күтіп тұрған еді.

Есқайрат Хайдаров,

 Жәңгір атындағы Батыс Қазақстан

аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы,

тарих ғылымдарының кандидаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале