ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының үштен екісі арыз беруден бас тартатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министр мұның салдары ауыр жағдайларға әкеліп соғатынын жасырмады.
"Жыл басынан бері полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 99 000 хабарлама түсті. Бірақ олардың 62 000-ы есептен шығарылды. Өйткені полиция келгеннен кейін көбіне жәбірленушілердің өздері арыз беруден бас тартып жатады. Ал мәлімдемесіз полиция тұрмыстық тирандарды жауапкершілікке тарта алмайды", - деді Ахметжанов брифингте.
Оның пікірінше, қысым көрсетуші тарапты жазасыз қалдыру, ұруға рұқсат берумен тең. Сол себептен де көптеген отбасыларда қол көтеру әдетке айналған. Ол бұның соңы ауыр-ауыр зардаптарға әкеліп соғатынын жеткізді. Сонымен қатар министрлік басшысы 2022 жылы Қазақстанда отбасылық негізде 605 қылмыстың орын алғанын мысал етті.