28.09.2022, 9:45
Оқылды: 76

Жаһанша сәулесі сөнбейді

Кеше Сырым ауданында Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесінің төрағасы, қазақтан шыққан тұңғыш заңгерлердің бірі, ұлт зиялысы Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 135 жыл толуына орай «Алаш тағылымы – ұлттық рух!» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті.

1

Конференция жұмысына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

2

- Әрине, Жаһанша Досмұхамедов – ХХ ғасырдың басындағы қазақ үкіметінің мүшесі, өз заманының саяси элитасының өкілі. Жаһаншаның саясатқа әкелген – ұлтына деген махаббат. Ол Алаш баласына игілікке жарайтын, пайдасы тиетін кез келген іске араласты. Досмұхамедов Алаш үкіметінің қызметіне келгенше немен айналысты, ұлттық лидер болып қалыптасу жолы қандай, заң мен мемлекетті басқару ісін қалай атқарды деген сауалдарға жауап табу – бізге міндет. Асыл ердің асыл мұрат жолында басы кетті. Міне, сондықтан да Жаһанша сәулесі сөнбейді, - деді аудан әкімі кіріспе сөзінде.

4

С.Датұлы атындағы тарихи- өлкетану музейінің директоры, өлкетанушы Айнагүл Ойшыбаева жүргізген отырыста Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к. Ж.Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының құрылтайшысы Дәметкен Сүлейменова бастаған бірқатар тарихшылар мен ғалымдар баяндама жасады.

5

Сүлейменова ханым Жаһаншаның жанында Алаш әскерін жасақтап, оның материалдық жарақтау жұмыстарын жанқиярлықпен жүргізген қайраткер Жанқожа Мергенов туралы айтты.

"Жаһанша және рухани мұра" баяндамасында Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің жаратылыстану және қоғамдық пәндер кафедрасының жоғарғы санатты оқытушысы, «Рухани мұра» кабинетінің меңгерушісі Ардақ Оразғалиева жаһаншатану ісіне шолу жасады. Жергілікті тарихшылар да мінбеге күрделі тақырыптарды алып шықты. Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Мұқат Арыстанов қазақ елі Конституциясының негізін қалаушы – Барлыбек Сырттанов жайлы жаңа деректерді ұсынды. Белгілі өлкетанушы, Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин Алаш қайраткері, үкіметтің большевизммен күрес бөлімінің жетекшісі – Ғаббас Жетпісов есімін елемей жүргенімізді еске салды. Бұлан орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Серік Зиятов «Алаш аманаты және біздің қоғам» атты баяндамасынан тыс мынадай ой айтты:

- Алаш қозғалысының, Алашорда үкіметінің 100 жылдығы, 105 жылдығы деп конференциялар өткізіп жүрміз. Алаш қайраткерлерінің мерейтойларын атап өтуден де кенде емеспіз. Бірақ біздің билік бүгінге дейін мемлекет басқару ісінде, басқа да салаларда Алаш тағылымын, Алаш идеясын пайдаланып жүр дей алмаймын. Алаш арыстары шешім қабылдарда ұлттың мүддесін мансаптан да, қызметтен де биік қойған.

Біздің өзіміздің Жымпиты уезінен Құрылтай жиналысына делегат болып сайланған Ғұбайдолла Әлібеков деген қайраткер болған. Бұл кісіні баспасөзде "Пайдамнан қағыламын, қызметімнен алынамын деп, ешқашан өз пайдасын ойламаған, патша үкіметі тұсында жанын салып жұртына қызмет еткен шын ұлтшыл" деп таныстырған екен.

Ғ.Әлібековтің мамандығы мұғалім, 1919 жылдың шілдесінде құрылған Қазақ өлкесін басқару жөніндегі ревком мүшесі болған. 1920-1921 жылдары Қазақ АКСР-і Әділет халық комиссары қызметін атқарған, бүгінгінің Әділет министрі. 1922 жылы денсаулық жағдайына байланысты елге келіп, Жымпиты уездік атқару комитетінде істеген.

Жымпитыда Әлібековтердің бірінің атында көше бар. Бірінің дейтініміз, екінші – Ғалиасқар Әлібеков деген тұлға тағы бар. Ғалиасқар Әлібеков Жер шаруашылығы халық комиссариатында жұмыс жасаған кезінде Сталиннің қабылдауына барған. Сонда өз басының шаруасымен емес, қазақ жеріне ішкі Ресейден шаруаларды қоныстандыруды тоқтату мәселесімен барған. Ал, енді аудан орталығындағы көше екі Әлібековтің қайсының атында? Мұны ауданның жауапты мекемелері білмейді.

Аудандағы Алаш паркі сөз жүзінде болмаса, ономастикалық жағынан әлі құжатталмаған. Мен соны айтып келе жатқаныма бақандай 5 жыл болды.

Молдағали Жолдыбаев та – Алаштың айтулы азаматтарының бірі. Міне, музейден аталған қайраткерлерге бұрыш ашылса, есімдерін елейтін жұмыстар жасалса деймін, - деді тарихшы Зиятов.

3

Біз де осы ойдамыз. Конференция, жиындар бар деректі қайталап оқитын емес, тарих пен ғылымға кішігірім болса да жаңалық қосатын тың жұмыс бағыттарын айқындайтын келелі кеңестерге айналуы тиіс.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Суреттерді түсірген: Айжан Амангелдина

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале