29.09.2022, 9:00
Оқылды: 49

Жемқорлықпен жастар да күресуде

Жуырда «ҚАЗИИТУ» ғылым-білім кешеніні құрамына енетін оқу орындарында тәлім алып жүрген студенттер техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик Ақсерік Әйтімовпен кездесіп, ғалымның өмір жолымен танысты.

8a63f741-8ff6-4280-9e1e-1dc14ee3dc38

Кездесуге техника ғылымдарының докторы Сергей Кибальников, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры Жанар Досқазиева, Орал қалалық мәслихатының депутаты Аида Маратова, халықаралық цифрлық теxнологиялар, сәулет және құқық колледжінің директоры Айдана Боранова, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллин қатысты. Іс-шараны заң ғылымдарының кандидаты Талғат Рахметов жүргізді.

– Студенттердің өмірлік азығы, басты байлығы – білім. Түлектеріміз бүгінде түрлі салада қызмет атқаруда. Біз жастарды жан-жақты тәрбиелеуіміз керек. Компьютерлік-цифрлық технологияны, жалпы инновациялық озық технологияны тереңірек зерттеп, бәсекеге қабілетті кадр дайындау – негізгі мақсатымыз. Мемлекет басшысы көрегенділік танытып, әрбір шешімін байыппен қабылдап жатыр.

Соған байланысты жүйелі жұмыс көрсету парыз. Өздеріңізге белгілі, әлемде ғылыми-инновациялық жаңалық ашып, тәжірибелі ғалымдар емін-еркін пікірін айтуда. Қазақстан ғалымдары да жаңалықтан құр алақан емес. Олардың көпшілікті тың мәліметтермен таңғалдыруға қарым-қабілеті әбден жетеді. Аға буынның жолын қуған жастар да ерінбей, талмай ізденуі керек. Қазіргі таңда оқимын деген адамға мүмкіндік мол. Мәселен, біздің оқу орнымызда білім алғандар бүгінде алыс-жақын шетелде қызмет атқарып, білімін пайдаға асыруда. Әрине, бұл біз үшін үлкен қуаныш, – деді Ақсерік  Сарыұлы.

Жүздесу барысында жүргізуші Ақсерік Әйтімовтің еңбектері, зерттеулері және жанұясы жөнінде кеңінен баяндап, жастарға осындай еңбекқор ғалымнан үлгі-өнеге алу керектігін тілге тиек етті. Өз кезегінде жиынға қатысушылар ойларын ортаға салып, ғылым төңірегінде сөз өрбітті. Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті құқықтану факультетінің студенттері Аяжан Бақытжан, Әнел Абатова, Бейбарыс Алмағамбетов «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес», «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдары» тақырыптарындағы жобаларын қорғап, біраз тың ақпаратпен  бөлісті.

– Студенттер сыбайлас жемқорлықпен білім алу арқылы күреседі.  «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген сөз бекер айтылмаған. Осындай тәрбиелік мәні зор шараларды көптеп ұйымдастыру қажет. Сабақтан бос уақыттарында студенттер бізбен байланыс жасап, қазірден бастап заң саласының қыр-сырын меңгерсе екен дейміз. Цифрлы құрылғыларды игеріп алуымыз керек. Жаңа технологияға негізделген құрал-жабдық көп мүмкіндікке ие. Солар арқылы қылмыстық әрекеттерді әшкерелеуге болады, – деген Біржан Марданұлы жастар арасында ұйымдастырылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларды  талқылады.

Іс-шара соңында сыбайлас жемқорлыққа қатысты бейнебаян көрсетілді. Бейнебаянда емтихан кезінде мұғалім студенттен пара алады. Кейін сол мұғалімнің жұбайы ауруханаға түседі. Ауруханада зайыбына ота жасай алмай бір жас жігіт қиналып тұрады. Көп ұзамай жан жарының о дүниелік болғанын естіген оқытушы кезінде өзіне пара берген студенттің ота жасалатын палатадан шығып келе жатқанын көреді. Демек, отаны сауатты жасауға дәрігердің білім-білігінің жетпегені ғой...

Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіндегі студенттердің ректоры Ернұр Құлбаев әлгіндей бейнебаяндарды көріп, жастар сапалы білім алуға, сыбайлас жемқорлық атаулыға ымырасыздық танытуға талпынатынын жеткізді.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале