29.09.2022, 10:00
Оқылды: 46

Кино мен театр тарланы

Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және ҚР халық әртісі, КСРО һәм ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, кино мен театр өнерінің тарланы Асанәлі Әшімовтың 85 жылдық мерейтойына орай «Менің жанрым – күнделік» атты шығармашылық кеш өтті. Өнерсүйер жақсылар мен жайсаңдардың басы қосылған осынау жиын төрінен абыз ақсақалдың өзін көру – жиналған жұрттың үлкен-кішісіне ұмытылмас әсер сыйлағаны анық. Ал енді оралдық өнерпаздардың өнерімен өрілген бұл кездесу кешін көрген де арманда, көрмеген де арманда десек, шындықтың ауылынан аса бір алыс кете қоймаспыз.

d78ece05-241c-4c48-8045-bd32c44095f7

Иә, Асанәлі Әшімов десе, көптің көз алдына алдымен қазақ киносының жауһар туындыларының бірі де бірегейі «Қыз Жібек» фильмі елестейтіні даусыз. Бұл жолы да  тұлғаның өткен өмір өткелдерінен сыр шерткен сахна сыртындағы бейнебаяндардың дені аталған көркем шығарма желісімен көмкеріліпті. Бәрі таныс көрініс, бәрі таныс оқиға...

Алаштың арда ұлының тағдырлы талант иесі екенін екінің бірі біле бермейді. Өз ғұмырында ол тағдыр тосқан бар ауыртпалықты Асанәлі Әшімовке ғана тән қара нарлықпен көтеріп келеді. Дарабоз дарынның жеке адами қуанышы мен қайғысы, шаттығы мен наласы бір өзіне аян! Қалай дегенмен де періште емес, пенде ғой... Тіпті кейде сол ішкі көңіл толқыныстары жүрегінен жыр боп төгілетіндей көрінеді. Тыңдап көрелік:

Бәрі де жанарымда мөлтілдейді,

Мөлтілдейді, сілкініп, серпіл дейді.

Солардан аманат қып алып қалған,

Өнер-баба ешкімді өлтірмейді.

Күн де болған, аялап, ай да болған,

Махаббатымды оятқан, Майра болған.

Мәртебемді көтерген Мәди де арман,

Сағым қуған кешегі Сағи да арман.

Қайта айналып келмейді, дүние жалған!

Абыз үні осылай бейнеэкраннан төгілуі мұң екен, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетов жетекшілік ететін Дәулеткерей атындағы ұлт аспаптар оркестрі кешті әсем әнмен әрлеп әкетті. Көпке танымал өнер иелері Дастан Есентеміров, Ардақ Айғалиева және Азат Мыңбаев Төлеген мен Жібектің, Бекежанның образдарына еніп, кеш иесінің де, көрермен қауымның да көңілін бір серпілтті.

«Әннің де естісі бар...». Қазақтың дара да дана Абайы айтқан осы сөз әншіге де қатысты ма деп ойлайсың. Ұлы ақынның «Айттым, сәлем, Қаламқасын» нақышына келтіре шырқаған қос әнші Алтынбек Оразов пен Әйбек Тұрарбековтердің өнеріне де сахна саңлағы ризашылық пейіл танытты. Ал 10 жасар бала Асанәлі Әшімовтің атасына арнау өлеңін оқып, бата сұрауы – ұрпақ сабақтастығының көрінісіндей әсер қалдырды.  Өз кезегінде «Қыз Жібек» бишілер ансамблі де құрметті меймандар мен көрермен қауымның көңіл көгершінін қияларға қалықтатып әкетті.

Келесі кезектегі Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлері сомдаған «Тағдыр тақтасы» спектакліндегі ғазиз ана мен тағдырлы ұлдың диалогын тебіренбей тыңдату әсте мүмкін емес. Бұл да айтулы тұлғаның ғұмыры арқылы тарих тақтасына түскен ескірмес естеліктер. Оны тек көзбен көріп, құлақпен естіп, жүрекпен түйсіну керек. Осы сәт Абайдың «Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла...» деген өлең жолдары кеш иесіне арналғандай әсер қалдырды көрерменге. Несін жасырайық, қазақ өнерінің көгінде көне-нің көзіндей боп шұғыласын шартарапқа шашып тұрған Асанәлі ағаның жеке өміріне қатысты дайындалған бейнеролик те өте әсерлі болды.

- Ардақты ағайын-туыс-тар, армысыздар! Қай кезде де орталарыңа қонақ емес, бала болып келемін. Бүгін де үлкен рухани күш алдым. Мұндай жарқын жүздесу – өмірді ұзартады, жаныңды жадыратады. Тамақ ішіледі, киім тозады. Ал өнер атты тылсым күш ешқашан өлмейді. Мен  әлі де қазақ елінің өсіп-өркендегенін өз көзіммен көргім келеді. Мемлекетімізде қазіргі жасалып жатырған істің бәрі жарқын болашақ үшін екенін терең түсінейік, Президентімізге сенейік! Өз басым, ол кісінің саясатын толық қолдаймын. Атам қазақ «Береке басы – бірлік» екенін ықылым замандарда айтпап па еді?! – деді өз сөзінде Асанәлі Әшімов.

Мерейтойлық кештің соңын ала сахна төріне облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов көтеріліп, құрметті мейманға өзінің ақжарма тілегін жеткізді. Осыдан үш ай бұрын  85 жылдық мерейтой аясында Алматы шаһарында өткен игі шараның бел ортасында болғанын, сол кезде Асанәлі ағамызды Орал өңіріне шақырғанын да айтып өтті. «Міне, сол күннің сәті бүгін түсті. Ғұмырыңыз баянды бола берсін. Ақ Жайығыңызға қош келдіңіз!», – деген Арман Кәрімұлы дария кеуде, тау мүсін біртуар тарланбоздың иығына шапан жапты. Қазақы салтпен өнер саңлағының сүйікті жары Бағдат ханымға да сый-сияпат көрсетілді. Соңында елдің Еріне облыс әкімінің атынан ықылас гүлі тарту етілді.

Бауыржан Бисенов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале