29.09.2022, 11:15
Оқылды: 107

Ертеңгі күннен үмітіміз зор

Жалпақтал өңірінің бұрынғы кезде Казталовтан бөлек аудан болғанын білмейтін жас ұрпақ өсіп жетілді. Аудан мәртебенің болмауы ол жақта жылдар бойы қордаланған әлеуметтік мәселелердің қалыптасуына әкеліп соқтырды. Сол бір өтпелі кезең, өліара шақта өндірістік маңызға ие ет комбинаты, нан, сүт зауыттары тұралап, халық жаппай жұмыссыз қалды. Екі қолға бір күрек таппаған ағайынның қалаға қарай ағыла көшкен алмағайып сәті әлі күнге ел-жұрттың көз алдында. Бертін келе экономика көші алға басып, бұрын аудан орталығы болған Жалпақтал ауылында аурухана, қос мектеп, өнер мектебі, балабақша, мәдениет үйі, қариялар үйі, полиция, өрт сөндіру, газбен қамту, обаға қарсы күрес сықылды әлеуметтік маңызға ие стратегиялық мекемелердің ғимараттары күрделі жөнделіп, заманға сай есіктерін айқара ашты. Тоқырау заманында қирап, қаңырап бос қалған кейбір ғимараттарға жан бітіп, заманмен бірге жаңғыра бастады. 

жалпактал5

2013 жылдан бастап, әр жылдары мектеп бітірген ауыл түлектерінің жергілікті жұрттың еңсесін тіктеуге өз үлесін қосып, ауылға сый-сияпат жасауға ұйытқы болған бастамалары көңілге қуаныш ұялатып келеді. Соның нәтижесінде Жалпақтал ауылы ғана емес, Жалпақтал өңіріндегі барлық ауылда балалар ойын алаңдары, спорт қалашықтары, саябақтар мен түрлі демалыс орындары жасақталып, көптің кәдесіне жарауда. Елдің шынайы көмегімен зираттар қоршалып, әлеуметтік жағынан мұқтаж жандарға көпшілік қауымның нақты қолдауларының арқасында түрлі әлеуметтік көмек көрсетілуде. Аудан мәртебесінің болмауы әлі де болса бұрын аудан орталығы болған үлкен елді мекен – Жалпақтал  ауылындағы, аймаққа қарасты басқа да ауылдық округтердегі көптеген мәселенің тығырықтан шыға алмауына алып келуде. Жалпақтал ауылының өзінде күні бүгін типтік жобадағы әкім аппаратының үш қабатты ғимараты, көп салалы аграрлық-технологиялық колледж бен оның жатақханасы,  ветеринариялық станса, архив мекемелерінің ғимараттары күрделі жөндеуді немесе қайта салуды қажет етеді. Бұлардан бөлек, бұрынғы  Фурманов аудандық «Қазселхозтехника» бірлестігінің  кеңсесі болған байырғы көпес Овчиниковтің саяжайы, өнер мектебінің ескі ғимараты, К.Меңдәлиев атындағы мектептің маңында құрылысы бітпей тұрған қосымша ғимараттар тағы бар. Осы олқылықтар түлектер бастамасының арқасында гүлдене бастаған ауылымыздың еңсесін түсіріп тұрғандай.

Түйіні тарқатылмаған күрмеулі мәселелер Жалпақталдың іргесінде қоныс тепкен Қараөзен ауылдық округінде де баршылық. Қараөзен ауылында ауылдық округ әкімінің кеңсесі, мектеп-лицей, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория, жатақхана ғимараттары күрделі жөндеуді немесе қайта салуды талап етеді. Балабақша мәселесі 12 жылдан бермен қарай әкімдердің есепті кездесулерінде күн тәртібінен түспей көтеріліп келеді. Бұл мәселенің қай уақытта шешілетіні нақты белгісіз. Қара-өзен ауылындағы бірқатар жас  ата-ана бүлдіршіндерін бірнеше жылдан бері Жалпақтал ауылындағы бөбекжайларға тасымалдап әлек. Қатқыл табанды жол кіріп, жаяу жүргіншілер жолы салынып, ауылдық округке қарасты Жас, Серік елді мекендеріне газ тартылып, сапалы интернет желісін пайдаланып отырғанымен, әлеуметтік маңызға ие нысандардың  заман талабына  сай болмағаны жергілікті жұртты  алаңдатады. Шалғайдағы Қарасу, Талдыапан ауылдық округтерінің орталықтары жылдар  жылжыған сайын тозып барады. Қос ауылдағы типтік жобамен салынған 624 орындық мектептердің, 300 орындық мәдениет үйлері мен 240 орындық балабақшалардың ғимараттары күрделі жөндеуді қажет етеді. Ақпәтер, Талдықұдық ауылдарындағы мәдениет үйлерін де жөндеу қажет. Жалпақтал өңіріндегі барлық ауылдық округі әкімі аппаратының кеңселері ескі. Атқарылған, ел кәдесіне  жарап жатқан істер де баршылық. Нақтырақ баяндар болсақ, «Ауыл – ел  бесігі» мемлекеттік бағдарлама аясында Жалпақтал, Талдықұдық ауылдарындағы мектептер күрделі жөнделіп, апатты деп танылған Қарасу ауылдық округіне қарасты Жұлдыз ауылындағы мектеп пен Талдыапан ауылдық округіне қарасты Сарықұдық ауылындағы мектеп ғимараттары жаңадан салынуда. Жаңажол, Көктерек ауылдарындағы мәдениет үйлері жаңадан салынып, Жалпақтал мәдениет үйі 2013 жылы күрделі жөндеуден өтті. Ақпәтер, Көктерек ауылдарындағы орта мектептердің ғимараттары мен олардың жанындағы жатақханалар күрделі жөнделді. Көктерек, Ақпәтер ауылдарындағы музейлердің жұмыстары да жолға қойылып, заман талабына сай даму үстінде. Жалпақтал ауылындағы  көшеге асфальт  төсеу жұмыстары жедел қарқынмен жүруде. Жалпақтал, Жаңажол, Қараөзен ауылдарында асфальт жолдарға қоса, тротуарлар төселіп, игілігіне пайдалануға берілді.  Халықтың әлеуметтік тұрмысын оңалтып, экономиканы алға апару жолында жасалған шаруалар бар. Ал атқаратын міндеттер бұдан да ауқымды. Іргесі сонау 1817 жылы Сламихин стансасы болып қаланған Жалпақтал ауылында өткеннен мұра болып қалған ескі тарихи ғимараттар көп екені баршаға аян. Ескірген тарихи орындардың қаңырап бос тұрғаны  жоғарыда  тілге тиек етілді. Көне ғимараттардың ізінен елдің өткен-кеткен тарихынан айғақ болар «Тарихи-өлкетану» музейі ашылса, нұр үстіне нұр болары айдан анық. Себебі қақ ортасынан Қараөзен кесіп өтіп жатқан Жалпақтал ауылы – ішкі туризмді дамытуға сұранып тұрған елді мекен. Бөкей ордасын бетке алған туристердің орта жолдан Жалпақталға аялдап, өлке тарихына қатысты тарихи ақпараттардың бір парасын Жалпақталдан алуларына зор мүмкіндік ашылар еді.

Осындай ерекшеліктерді ескере отырып, осыдан ширек ғасыр бұрын таратылған Жалпақтал ауданы қайтадан ашылса, бірталай олқылықтың орны толар еді. Жалпақтал өңірі тұрғындарының осы тілегін құзырлы билік құрылымдары ескерер деген үміттеміз.

Кенжебай Үмбетов,

Казталов аудандық «Ақсақалдар алқасы» қоғамдық  бірлестігінің  мүшесі,

зейнеткер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале