29.09.2022, 19:33
Оқылды: 85

Қазақтың ақбас тұқымы аясында өткен семинар

Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде «Бірінші класты шаруашылықтар үшін бұқаларды өз өнімділігі бойынша сынау және ұйымдастыру» атты машықтық семинар өтті. Семинарға Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы асыл тұқымды шаруашылықтардың басшылары мен аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов қатысты.

IMG_0041

Семинарды Қазақтың ақбас тұқымының Республикалық Палатасы атқарушы директорының орынбасары Александр Мальчевский кіріспе сөзбен ашты. Одан соң «Әлем» шаруа қожалығының басшысы Ескендір Елемесов құттықтау сөз сөйлеп, қонақтарға қош келдіңіздер айтты.

- «Әлем» шаруа қожалығы 2001 жылы құрылды. 2007 жылы асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін алып, 2012 жылы Қазақтың ақбас тұқымының Республикалық Палатасына мүше болып кірдік. Соңғы үш жылда 479 бұқашық сатылды, соның ішінде 102-сі бірінші класты, қашарлар – 365. Былтыр 100 бас бұқадан 90 бас бұқа, 65 бас қашардан 55 бас қашар ДНК арқылы анықталып, көрсеткіш тиісінше 90 пайызды құрады. Биыл осы тәсілмен 320 бұқадан 296 бұқа, 160 қашардан 136 қашар анықталып, көрсеткіш 95 пайызды құрап отыр. Аналық малды түгелдей ұрықтандырып жатырмыз. Мал басын көбейтуге мүмкіндік болмай тұр. Бұған жем-шөптің нашарлығы мен киік мәселесі қолбайлау болып отыр. Облыс аумағында киіктің саны 1 миллионнан асып кетті. Келесі жылы бұдан да көбейе береді. Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан, жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Биыл шөптің шығымы жаман емес. Палата кеңесіне бірінші класты төлді экспортқа шығару жөнінде ұсыныс айтамын. Асыл тұқымды малды экспортқа шығара алмасақ, оны не үшін ұстап отырмыз, - деді Ескендір Кафарұлы.

IMG_0002

IMG_0006

IMG_0014

Семинарда сондай-ақ «Бұқаларды өз өнімділігіне сынау әдісі. Таңдау критерийлері мен тестілеу алгоритмдері. Бұқаларды төл сапасы бойынша бағалау» тақырыбында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Едіге Насамбаев хабарлама жасаса, БҚАТУ-дың ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шамшидин мен БҚАТУ зертханасының аға ғылыми қызметкері Нұрбек Ғинаятов өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.

Әрмен қарай семинар «Әлем» шаруа қожалығындағы сынақ стансасында бұқаларды өз өнімділігі бойынша сынау кезіндегі алгоритмдермен практикалық танысумен жалғасты. Қожалық басшысы Ескендір Елемесов ақбас тұқымды биылғы бір, екі жылдық бұқаларды, сонымен қатар биылғы бір жылдық қашарларды көрсетті. Сондай-ақ екі жылдық ақбас тұқымды бұқалардың ұрығын алып, тиімділігін зерттеді. Яғни, Е.Кафарұлының сөзіне сүйенсек, бұқадан алынған ұрық 8-9 балл болса ғана онымен әрі қарай жұмыстануға болады.

IMG_0063

- Сонымен қатар бұндай зерттеулер нәтижесінде малдың 9 түрлі ауруын анықтауға болады. Алдағы уақытта осынау сынақ стансалары болмаса, бұқаларды сату қиындап кетеді. Ол дегеніміз, болашақта 2- категория деген болмайды. 2007 жылдан бері жұмыстанып келеміз. Малдың сапасын көтеретін, ең алдымен – бұқа. Жақсы бірінші категориялы бұқалармен жұмыстанса, мал сапасы жақсарады, - деді Е.Елемесов.

«Бүгін «Әлем» шаруа қожалығының базасында сапа әрі өз өнімділігі бойынша бұқашықтарды сынауды ұйымдастыру бойынша семинар өткіздік. Біз Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында екі семинар өткіздік. Біз бүгінгі семинарға Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы бірінші класты шаруашылықтарды шақырдық. Батыс Қазақстан облысы бойынша бірінші класқа іріктелген 11 шаруашылық бар. Ақтөбе облысында 4 шаруашылық. Жалпы, аталмыш жұмыс қажет және маңызды. Болашақта фермерлер бұл бұқашықтарды сатып алғанда, өздерінің қожалықтарындағы генетиканы жақсартады. Бұл процесті жалғастыру қажет. Келешекте аталған шаруашылықтардың барлығы да сынақ стансасын салып алады деп үміттенеміз. Бұл біздің қазақтың ақбас тұқымды малдарын одан әрі дамытуға және жақсартуға септігін тигізеді», - деді Қазақтың ақбас тұқымының Республикалық Палатасы атқарушы директорының орынбасары Александр Мальчевский.

Асқар Құсайынов,

Гүлзара Мәди, 

Жәнібек ауданы, 

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале