30.09.2022, 12:45
Оқылды: 37

Tik Tok Қазақстанда өз өкілдігін ашуға ниетті

Әлемге әйгілі TikTok видео сервисі Қазақстанда өз бизнесін дамытуға ниетті. Бұл туралы «Ақорда.Live»-ке TikTok вице-президенті Тео Бертрам айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

220929205844966e
 TikTok Вице-президенті Тео Бертрам Digital Bridge форумына қатысу үшін Қазақстан астанасына арнайы келді.
«Менің ойымша, Қазақстанның болашағы маңызды тақырып болып отыр. Елдегі цифрлық экономиканың өсу мүмкіндігі туралы шынымен шабыттандыратын және әсерлі пікірталастар болды», - деді Тео Бертрам бағдарлама жүргізушісі Әнуар Карбозовқа.
Ол компанияның Қазақстандағы өкілдігін ашу жоспарланып отыр ма, деген сұраққа жауап берді.
«Иә, бүгін таңертең біз өз бизнесімізді осында дамытатынымызды жарияладық. Яғни кеңсемізді ашамыз. Қазақстан – қазақстандықтардың шығармашылығы мен кәсіпкерлігі тұрғысынан өсу аймағы ғана емес. Біз бұл елді аймақтық хаб ретінде де көреміз», - деді компанияның вице-президенті.

Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің цифрлық технологиялардың дамуына қолдау көрсетуі қуантады.

«Менің ойымша, Қазақстан дұрыс бағытта келе жатыр. Мен мұнда көптеген креативті блогерлер мен контент жасаушыларды кездестірдім. Олардың барлығы Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің аудиториясын қамтығысы келеді. Сондықтан TikTok оларға көмектесе алады», - дейді ол.

Сондай-ақ, Тео Бертрам Астанаға алғаш рет келіп тұрғанын айтты.

«Президентпен өсу мүмкіндіктері туралы және TikTok-тың контент жасаушыларға платформаны қалай ұсына алатыны туралы сөйлестік. Меніңше, біз сияқты компанияларға Үкіметтің тиімді цифрлық болашақты қалай қалыптастырамыз деген мәселені назарға алуы маңызды. Осы шараға келгеніме өте қуаныштымын», - деп атап өтті Тео Бертрам.

Бұған дейін Мемлекет басшысы жыл сайынғы «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумына қатысқаны хабарланған болатын.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале