Ақсуат ауылында «ЛәйләтульҚадр» мешітінің ашылу салтанаты өтті. Мешіттің ашылу салтанатына БҚО бас имамы Бақытжан Құралбайұлы, Теректі ауданы әкімінің орынбасары Ержан Досмақов және бірқатар құрметті қонақтар қатысты.
Расымен, діни құндылықтарды дәріптейтін мешіт салу арқылы адамдар үлкен сауапқа кенеледі. Ақсуаттағы мешіт жастарды тәрбиелейтін, ата-дәстүрімізді насихаттайтын орын болары сөзсіз. Ауданымызда жаңа мешіт құрылысы жүріп, осылай сән-салтанатымен ашылмағанына жиырма жылдың көлемі болған екен.
Ақсуат үшін елеулі оқиғаға айналған шарада БҚО бас имамы Бақытжан Құралбайұлы сөз сөйлеп, мешіт құрылысына атсалысқан азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар, әкім боп тағайындалған сәттен аталмыш мешіттің бой көтеруі үшін жұмыстанған округ әкімі ЖаннұрБекбауұлының да есімін ерекше атап өтті.
Сөз сөйлеушілердің қатарында БҚО Дін істер басқармасының басшысы Мақсат Аралбайұлы, Теректі ауданы әкімінің орынбасары Ержан Досмақов, ауыл ақсақалы Талап Әжбаев болды.
Лента қию рәсімін облысымыздың бас имамы мен облыстық мешіттің ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Ғұмар Құрақұлы өткізді.
Одан кейін су жаңа мешітте жұма намазы оқылып, жамағат ел амандығын тіледі.
Әділет Әлібек,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz