3.10.2022, 11:30
Оқылды: 92

Қайырымдылықтан тыс қалмайық!

Биыл мүгедектігі бар 610 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлік негіздерін оқытуға «Бастау – Бизнес» жобасы бойынша мүгедектігі бар 212 адам жолданып, өз кәсібін ашу үшін 27 адамға грант берілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдә Искакова айтты. Облыс бойынша 90 мыңнан астам зейнеткер, соның ішінде Ұлы Отан соғысының 16 ардагері, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 1322, қайтыс болған ҰОС ардагерлерінің әйелдері 260, ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері 3284 адамды құрайды. Оған қоса, 2438 алтын алқалы, 3788 күміс алқалы, 10136 көпбалалы ана бар. Өңірімізде 24 мыңнан астам мүгедектігі бар адам өмір сүруде, соның қатарында 2866 бала бар. 

10

– БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімі бойынша Халықаралық қарттар күнін дәстүрлі түрде жыл сайын 1 қазанда атап өтіп жүрміз. Сондай-ақ қазан айының екiншi жексенбiсi ҚР Мүгедектер күнi болып белгіленген. Осыған байланысты биыл 1 қазан мен 1 қараша аралығында «Мейірбандық күндері» атты облыстық қайырымдылық айлығын өткізу туралы қаулы қабылданып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Меншік нысанына қарамастан облыстың кәсіпорындарын аталған шараға қатысуға тарту, егде адамдарға материалдық көмек көрсету, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерде салтанатты іс-шаралар өткізу, кездесулер ұйымдастыру жоспарланды. Сондай-ақ «Балалар жылы» аясында мүгедектігі бар балалар арасында облыстық  шығармашылық  фестивалін өткізу, денсаулық сақтау мекемелерінде зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға арнап «Ашық есік» күндерін өткізу, спорттық жарыстарға, шығармашылық фестивальдерге, тағы басқа байқауларға мүгедектігі бар адамдардың қатысуын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімін  өндірушілерінің қатысуымен жеңілдетілген бағамен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін  өткізу де алдағы айдың еншісінде, – деп   сөзін сабақтаған Ділдә Салауатқызы өңіріміздің бизнес өкілдері мен жаны ізгі, жомарт жүректі жандардың бәрін қайырымдылық шараларынан тыс қалмауға шақырды.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері және соларға теңестірілген тұлғаларға көрсетілетін көмек «Ардагерлер туралы» және ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңына сәйкес жүзеге асырылуда. Биыл  жергілік­ті бюджеттен  ҰОС-ның қатысушылары мен мүгедектеріне  (21 адам) – 1 млн теңге, Ленинград қоршауында болғандарға (3 адам) – 120 мың теңге, фашистік лагерь тұтқындарына (9 адам) – 120 мың теңге, Кеңес армиясының ерікті жалдамалы құрамында қызмет атқарғандарға (2 адам) – 120 мың теңге, қайтыс болған ҰОС-ның қатысушылары мен мүгедектерінің және соларға теңестірілгендердің әйелдеріне (223 адам) – 30 мың теңге, ҰОС жылда­ры тылда еңбек еткендерге (3 503 адам) – 30 мың теңге біржолғы әлеуметтік көмек берілген.

ҰОС соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілгендерге (Ленинградта қоршауда болған, концлагерьлерде тұтқында болғандарға) коммуналдық төлем үшін ай сайын 5 АЕК (15 900 теңге) мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетілуде. Ұлы Жеңістің 77 жылдығын мерекелеуге байланысты Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері­не және соларға теңестiрiлген 3 761 адамға 135,0 млн теңгеге әлеуметтік көмек берілді. Сондай-ақ ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес жалғызбасты зейнеткерлерге, аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Бұл бағытта 1 қыркүйекке дейін 1 024 отбасына 34,4 млн теңге берілді.

Облыс бойынша төрт және одан көп баласы бар 10136 отбасы бар. Оларға республикалық бюджеттен ай сайын бала санына байланысты арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. «Алтын алқа», «Күміс алқа» медалімен марапатталған және бұрын «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы 6 703 анаға – 20 352 теңгеден мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдә Салауатқызы жергілікті атқарушы құрылымдар да табысы аз отбасыларға (азаматтарға) әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатқандығын атап өтті. Биыл 2 903 отбасына оның ішінде 13 706 адамға 647,1 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. АӘК алушылар қатарында көп балалы 910 отбасы бар. АӘК алатын отбасындағы 1-ден 6 жасқа дейінгі 3 111 балаға 146,0 млн теңге көлемінде кепілдендірілген әлеуметтік пакет, үйден оқитын 393 отбасындағы мүгедек балаларға 23,9 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек берілген. Сонымен қатар жалғызбасты қариялар мен бірінші, екінші топ мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Үстіміздегі жылы 5335 қария аталмыш қызмет түрімен қамтылған. Облысымызда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мақсатында бірқатар шара жүзеге асуда. Ардагерлерді ардақтап, қамқорлық аясынан тыс қалдырмай қоғамның назарын аудару мақсатында жыл сайын 1 қазан мен 1 қараша аралығында «Мейірбандық күндері» облыстық қайырымдылық айлығы өткізіліп жүр. 2021 жылы қайырымдылық айлығы шеңберінде 7124 адамға 165,0 млн теңгеге көмек көрсетілген.

– «Мейірбандық күндері» айлығын өткізудің басты мақсаты – егде жастағы және мүгедектігі бар адамдардың мәселесіне, олардың қолдауға мұқтаж екеніне жұртшылықтың назарын аудару. Оларға әлеуметтік-тұрмыстық, материалдық, қаржылай тұрғыда көмек көрсету, қоғам өміріне белсенді араласуын қамтамасыз ету, – деп атап өтті Ділдә Искакова.

 Гүлжамал Кенжеғалиева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале