4.10.2022, 10:45
Оқылды: 46

«Киік саны тез арада реттелуі керек»

Өткен жұмада ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов облыс тұрғындарымен кездесті. Министр облыстың экология, геология, су ресурстары, орман және балық шаруашылығы салаларының дамуы жөнінде баяндады.

bed82f51-c15d-41eb-855f-47fbcb23912b

– Біз аймақтың экологиялық ахуалына қатысты талдау жасадық. Экомониторинг нәтижелері Орал мен Ақсай қалаларының атмосфералық ауасының ластану деңгейі жоғары екенін көрсетті. Жайық өзені суының азаюы, қоқыс қалдықтарын басқару жүйесінің жетілдірілмегені –
өзекті мәселелер. Былтыр жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді. Сондай-ақ өңірлердің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша жол карталары дайындалды. БҚО-ның  жол картасында 17 іс-шара қарастырылған, оның екеуі орындалды, – деді Серікқали Аманғалиұлы. Министрдің айтуынша, табиғат пайдаланушылар шығарындыларды азайту бағытында жұмыс жүргізуде. Алайда кейбір іс-шаралардың уақтылы орындалмау қаупі бар. Олар – екі  ірі коммуналдық кәсіпорын бойынша («Жайықжылуқуат» АҚ және «Батыс су арнасы» ЖШС) суды қайта өңдеу жүйесін іске қосу және Орал мен Ақсай қалаларында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу мәселелері. Министр өңір басшысына жол картасын іске асыру үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Ол «Қазіргі заңнамаға сәйкес экологиялық төлемдер 100% табиғатты қорғау шараларына бағытталуы қажет» деді.

Кейінгі  жылдары Жайық өзені суының азаюына халық алаңдап отыр. Өзен суының 85%-ы Ресей Федерациясынан келеді. Спикердің сөзінше, Жайық өзені бассейнінің экологиялық жүйесін сақтау мақсатында 2020 жылы Қазақстан – Ресей  бағдарламасына қол қойылған. Соған сәйкес негізгі іс-шаралар тізбесі бекітіліпті. Бағдарлама шеңберінде Жайық өзенінің бассейніндегі  балық санын көбейту, каналдар мен суландыру жүйелерін  жаңарту, орманды қалпына келтіру, жағалауды нығайту, өзен арнасын тереңдету, тазарту  және басқа да жобалар жүзеге асады. Министрлік  пен облыс әкімдігі Казталов ауданындағы Киров – Шежін  каналын, Ақжайық ауданындағы Солянка – Азынабай – Тайпақ  арнасын және Азынабай – Тайпақ суландыру жүйесін жаңғырту, «Шаған тармақтары мен Көшім каналын механикалық жолмен тазалау» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде. Министр су шаруашылығындағы негізгі мәселелер ретінде осы салаға тиесілі  нысандардың тозғанын, судың  ысырап боп жатқанын  атады. «Осыған байланысты су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және жаңғырту, суару арналарын цифрландыру жүріп жатыр» деді. Тасқын суды жинау үшін 2025 жылға дейін 6 өңірде 9 су қоймасын салу жоспарланған. Соның ішінде  Жалпақтал ауылындағы Қараөзен бойында су қоймасы салынады. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Аталған 9 су қоймасындағы судың жалпы көлемі 1,7 км3 болса, облыс бойынша – 38 млн м3. 2025 жылға қарай елдегі 19 су қоймасын қайта жаңарту жоспарлануда. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданындағы Киров су қоймасын қайта жаңарту көзделген. Бұл шамамен 800 млн м3 суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Брекешов су заңнамасын жетілдіруге қатысты ұсыныстарды министрлікке жолдауға болаты-
нын айтты. Балық шаруашылығын дамытудың 10 жылға арналған бағдарламасы бекітілген. 2030 жылға дейін өңірде балық өсіру көлемін 10 мың тоннаға дейін жеткізу, сондай-ақ 48,9 млрд теңгеге жеке инвестиция тарту көзделген. Кездесуде облыстағы киік мәселесі кеңінен талқыланды. Ғалымдар, фермерлер, журналистер аталмыш мәселеге қатысты ұсыныс-пікірлерін, түйткілді шешу жолдарын жеткізді. Серікқали Аманғалиұлының айтуынша, биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Орал, Бетбақдала, Үстірт популяцияларын мекендейтін киік саны 1 миллион 318 мыңға жеткен. Оның ішінде  Орал популяциясында 801 мың ақбөкен мекендейді. Министр батысқазақстандық фермерлерден киіктердің көбейіп кетуіне байланысты жайылымдық, шабындық, егістік жерлерінің тапталып жатқаны жөнінде көп шағым түсетінін айтты.

– Ауыл шаруашылығы министрлігі ақбөкендердің таралу аумағын, өсімін, қорегін анықтау және ұсыныстар əзірлеу мақсатында 2023-2025 жылдары  кешенді ғылыми зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ жабайы жануарлардың шаруаларға келтірген шығынды ауыл шаруашылығын сақтандыру жүйесі арқылы өтеу тетігі әзірленуде,  – деді министр.

0c50de9f-0825-4bcb-adf2-a052a5a45307

Киік мәселесі бойынша алдымен «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Табылғали Сапаров сөз алды. Ол батысқазақстандық ғалымдар мен шаруалар, қоғам белсенділері дайындаған Орал популяциясындағы киіктерге қатысты тұжырымдамамен таныстырды. Онда киіктер мекендейтін жерлерді суландыру мәселесін шешу, олардың санын реттеу әдістері, өндірістік өңдеуді ұйымдастыру, ғылыми қолдау шаралары қарастырылған. Спикер бұл мәселе министрліктің құзырындағы шаруа болса да, жергілікті мамандардың ғылыми, тәжірибелік бағытта көмектесуге дайын екенін жеткізді. Түйткілді шешуде  аталған тұжырымдаманы басшылыққа алуды және соның негізінде облыста жүзеге асатын бағдарлама жасауды ұсынды.

– Біздің облыста миллионнан астам киіктің мекендейтіні жөнінде мәлімет  бар. Ақбөкендер ертеректе Жаңақала, Бөкей ордасы, Ақжайық, Қаратөбе, Казталов, Жәнібек, Тасқала аудандарын мекендеді. Олардың басым көпшілігі Қамыс-Самар аймағында тіршілік етті. Алайда қазір олардың мекендейтін жерлерінің өзгергеніне куә болып жүрміз. 1980 жылдары Жаңақалада киіктердің санын ату, кейін тормен аулау арқылы реттеді. 2000 жылдары киік басы кеми бастағасын тоқтатты. 2010 жылы ақбөкендердің арасында ауру өршіп,  қырылып қалды. Киіктің саны 17 мыңға дейін азайды. Сол кезде оларды аман сақтап қалу мақсатында министрліктен бастап, жергілікті ғалымдар мен белсенділер де жан-жақты  жұмыстанды. Бүгіндері  киік саны артып, оны реттеу күрделі мәселеге айналды. Оған су тапшылығы ең басты себеп болып отыр, – деді ол. Табылғали Сатқалиұлы киіктің ежелде тіршілік еткен жері – Қамыс-Самарда  жүздеген көл-өзен болғанын айтты. Кейін олар тартылып қалған  соң, жануарлар мекендейтін жерін ауыстырған. Жайықтың арғы бетіндегі елді сумен қамтыған Ақжайық ауданындағы Азынабай – Тайпақ  каналына 20 жылдан астам уақыттан бері су бармаған. Сондықан ол жақтағы киіктер бергі бетке өтуге мәжбүр болды. Бекетай мен Нарын құмын мекендеген ақбөкендер де ондағы тіршілік нәрі біткен соң, Сарыөзеннің бойын жағалап кеткен. Қазір олар Казталов, Жәнібек аудандарын мекендейді. «Киік мәселесін 2025 жылға дейін  зерттейміз деген жоспар дұрыс емес. Себебі осынша уақыт жүре берсек, киіктің пайдасынан зиянын көріп, ақбөкенді киелі мал емес, өзімізге «жау» көреміз», – деген Т.Сапаров Жайықтың Каспий теңізіне ағып жатқан суын да оңтайлы пайдалану жөнінде мәселе көтерді. Сондай-ақ бұрынғы кездегідей киіктің етін, терісін, мүйізін де сатуды қайтадан жандандыру қажеттігін айтты.

– Киік мәселесіне қатысты әлі бір шешімге келген жоқпыз. Сондықтан сіздердің тараптарыңыздан нақты ұсыныстар болса, қарастыруға дайынбыз. Биыл киіктердің 10 пайызын өндірістік бағытта қысқарту жөнінде ұсыныс айттық. Алайда зооқорғаушылар бұған қарсы шыққан еді. Сол кезде, шыны керек, өңірлерден қолдау көрген жоқпыз.  Зооқорғаушылар мен шаруа-диқандар даулы мәселе көтеріп жүр. Сондықтан бәріміз отырып, талқылап, бір шешімге келейік. Егер министрлік мамандарының көмегі керек болса, олар осында келіп, апталап, айлап жатып жұмыстансын. Бірақ түпкі шешім барлығының көңілінен шығуы керек, – деді Серікқали Брекешов. Бұл ұсынысты облыс басшысы да құп алды.

Профессор, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қазыбай Бозымов: «Киік санын реттеуде  батысқазақ-стандық жоғары оқу орындарының көп жылғы зерттеулерін басшылыққа алу ке-
рек», – деді. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректоры Асқар Наметов киікті арнайы питомник құрып, зерттеуді ұсынды. «200-250 мың бас ақбөкенді өсіруге арналған өндірістік питомник ашсақ дейміз. Онда құралай өсіріп,  одан әрі өндірістік бағытта жануардың етін, терісін, мүйізін пайдалана аламыз. Қазіргі кезде көшпелі (переносной) мал сою пунктін, биокомбинат жасайтын инвесторлар дайын тұр, – деді ол. Министр аталған мәселе бойынша ұсыныс жіберуді тапсырды.

Кездесуде шаруалар да жанайқайын жеткізді. Мәселен, «Экоклаб» ЖШС басшысы Бауыржан Сабанов пен «Қошпан» шаруа қожалығының жетекшісі Айдын Сүндетов киік санын реттеуді алдағы жылдарға ысыра бермей, тез арада қолға алу қажет екенін ескертті.  «Sarapshy.info» ақпарат агенттігің бас редакторы Нұрлыбек Рахманов: «Киік жылдан-жылға көбейіп келеді. Сәйкесінше олардың өрісі де кеңеюі керек. Алайда бізде, керісінше, өрісі тарылып жатыр. Соңғы 15 жылда жануардың өрісі 5 есе тарылған. Мысалы, Жәнібек ауданында ақбөкеннің жайылатын жерінде 135 қожалық отыр. Былтыр 21 және биыл 26 қожалық құрылған. Қожалықтарға жер телімі беріліп жатыр. Осылайша  киіктің ареалын тарылтып отыр. Заң бойынша резерваттан жер беруге болмайды, бірақ қаумалдан жер иеленуге тыйым салынбаған. Сіздер осы мәселеден хабардарсыздар ма?» деген сұрақ қойды. Бұл мәселе жиын қорытындысында хаттамаға енгізіліп, арнайы қарастырылатын болды. Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Қайсар  Көшәлиев,  «Телегей» ҚБ төрағасы Дәуренбек Сахым, ветеринария ғылымдарының докторы Ғайса Абсатиров, БҚО экологиялық ұйымдар қауымдастығының президенті Махамбет Ықсанғали, «Біздің Жайық – Наш Урал»  экологиялық-туристік қозғалысы» ҚБ-ның мүшесі Сәуле Зағидуллина өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Министр киік санын реттеуде батысқазақстандық ғалымдар дайындаған тұжырымдама ескерілетінін айтты. «Аталмыш мәселенің шешілуіне өңір жұртшылығы да атсалысуы керек» деген ол нақты ұсыныстарды бірлесіп қарауға дайын екенін жеткізді. Серікқали Брекешов айтылған мәселелерді жеке бақылауына алатын болды. Шаруалар мен экобелсенділер арасында киік санын азайтуға қатысты дау-дамай азаймай отыр. Облыс әкімі Ғали Есқалиев: «Екі тарапқа тиімді шешім қабылдау үшін күнделікті жұмыстану қажет» деді. Әкім Жайық өзені бойынша құрылған трансшекаралық комиссияның  жылына бір рет өңірге келіп, атқарған жұмысы туралы есеп беруі керек екенін айтты. Оның құрамына облыстан бір-екі маманды енгізуді ұсынды. Егер рұқсат берілсе, комиссия мүшелігінен бас тартпайтынын білдірді.

Министр бұл сапарында Киров – Шежін  су магистралінің құрылысымен танысты. Тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Серікқали Брекешов журналистермен брифинг өткізіп,  облыстың экология, геология, су ресурстары жөнінде баяндады. Министрлікке қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев арнайы жұмыс тобы батысқазақстандық ғалымдардың киік мәселесін реттеуге қатысты дайындаған тұжырымдамасын зерделейтінін айтты.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале