6.10.2022, 9:30
Оқылды: 73

«Жұрт сүйсінерлік жақсы қасиеті бар кісінің міні де сол жерінде!»

(əлеуметтік-психологиялық пайым)

Бұл – ұлы  ойшыл, исі қазақтың мақтанышына айналған дара тұлға Абайдың əкесі – Құнанбайдан  бізге жеткен даналық сөз. Осы бір философиялық мағынасы өте терең қанатты сөзді ілкіде екінің бірі ұғып, дер кезінде тəпсірлей алмауы мүмкін. Алайда оймақтай ойдың тұңғиығына бойлап, астарына тереңірек үңілген жанға оның еш қиындығы жоқ екенін байқау əсте қиын емес.

opisanie_chert_charactera

  1. Айталық, жомарттық, мырзалық, дарқандық – ұлы қасиет. Біздің қазақ – меймандос, қонақжай, көпшіл, бауырмал халық. Бұл – ата-бабамыздың  дəстүрлі  жолы.
    Сондықтан халқымыз өзінің «Атымтай жомарттарын» сүйсіне дəріптеген. Бірақ бұл жерде біз аялдайтын ерекше бір бекет бар. Егер жомарттық өзінің белгілі шегінен шығып кетсе, бастапқы мəнінен айырылып ысырапшылдық, мақтаншылдық, өзімшілдікке ұласады екен. Сөзі-мізге тұздық болсын, соңғы жылдары қазақтың «көрпесіне қарай көсіле алмай», шашпалыққа ұшыраған аста-төк ерсі той өткізу ғадеті қоғам тарапынан аз сыналып жүрген жоқ.

Түйін. Дарқандық пен дарақылықтың арасы онша алшақ емес.

  1. Ақкөңілділік – ұлылардың айтуынша, адамның жан сарайының тазалығы мен сұлулығын паш ететін көркем мінез. «Адамның – жақсылық көрсе де өзінен, жамандық көрсе де өзінен» (С. Торайғыров) деген қанатты сөзге ешкімнің таласы болмасы анық. Бумеранг заңы бойынша лақтырған затың айналып келіп өзіңді соғады. Əйтсе де, қандай нəрсенің де өз жөні мен келісі бар. Оның орнымен болғанына ешкім өкпе-наз артпайды. Өкінішке қарай, ол да өзінің шынайы мөлшерінен асып-тасып төгіліп, табиғи арнасына сыймай жатса, ондай жандарды біздің қазақ «Ақкөңіл деме – ақымақ  де» деп қысқа қайырыпты.

Түйін. Ақкөңілділік пен ақымақтықтың арасы онша алшақ емес.

  1. Дүние-мүліктің қадірін білу, оны оңды-солды шашпау. Осындайда қазақтың «Тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады, қоймай жесең нең қалады», «Бар дүниені шашпа, жоқ дүниені қума», «Шашқан шет болар, қуған ит болар» деген мақалдары еске түседі. Абайша айтсақ, «Бекерден-бекер мал шашпақ» – бес дұшпанның бірі. Оның шет жағасын жоғарыда суыртпақтап айттық. Тіпті ол – қазіргідей нарықтық экономика заманында  өмір талабы. Біздің айтпағымыз – адамның  үнемшілдігі хақында. Бір қызығы, осы қасиет өзінің шеңберінен шығып кетсе, адамның «жұмыртқадан жүн қырыққан» сараңдығына айналып, алғашқы һəм негізгі мəнінен айырылып тынады екен.

Түйін. Үнемшілдік пен сараңдықтың арасы онша алшақ емес.

  1. Еңбек – қоғамның қозғаушы күші. Өте еңбекқор, маңдайының терін төгіп, оның жемісін теріп жүрген жандарға кім сүйсінбейді дейсің?! Осылай басына бақ-дəулет қонған жандарды жұрт енді сырттай бақылай бастайды. Оның ендігі жерде кең пейілі мен мəрттігі таразыға тартылады. Халық ойлаған межеден көрінбесе, оның құлқынның құлына айналып, боқ дүниенің соңына түскен тойымсыздығы нысанаға ілігеді. Оған қазақтың ауыз һəм жазба əдебиетінде мысалдар жетіп артылады. Қысқасы, ел-жұрт көп ұзамай ондай «қарабайлар» мен «шығайбайлардың» еңбекқорлығын емес, пайдакүнемдігін көбірек тілге тиек ете бастайды. Қазақ «Жаман адамға мал бітсе, сусын бермес ішуге» немесе «Жаман атқа жал бітсе, жа-нына торсық байлатпас» деп бекер айтпаса керек-ті.

Түйін. Еңбекқорлық пен дүниеқоңыздықтың арасы онша алшақ емес.

  1. Сөз жоқ, өмір болғасын Алла тағала ғажап жады берген зерек һəм зейінді жандар болады. Білімі телегей-теңіз. Ел сүйсінерлік ғажап дарын иесі. Егер осындай білімпаздар сарқылмас қазынасын оңды-солды ретсіз шашып, айналасын əбден мезі етсе, жұрт ондай «ғұламалардан» құтылғанша асығады. Қашық жүруге тырысады. Оның «əз əулиеден» көкезу мылжыңға айналып шыға келуі əп сəтте –
    қас пен көздің арасындай. Ортағасырлық мұсылман ғұламаларының айтуы бойынша, «егер адамның ақылы білімінен аз болса, онда ол өмір бойы өзінің білімінен тек таяқ жейді» немесе «ақылы мен білімінің арасында анағұрлым алшақтығы бар адамның бір отар қойды атпен емес жаяу баққан бақташыдан ешқандай айырмасы жоқ» көрінеді.

Түйін. Білімпаздық пен мылжыңдықтың арасы онша алшақ емес.

  1. Сол сияқты өмірде жүрекжұтқан батыл адамдар да аз кездеспейді. Данышпандар бұған «батылдық һəм асқақ, һəм ұлы» деп сүйсіне қараған. Ал атам қазақ батырларды «жүрегінің түгі бар» деп, ерекше дəріптеген. Енді мына қызықты қараңыз. Бойындағы Табиғат-ана сыйлаған осы бір ерекше тартуды орнымен пайдалана алмай, дүние дидарында жүздескен кез келгенмен жағаласып, өз қадірін өзі кетіріп əм кемітіп, ашуы тұла бойына сыймай ақкөзденіп, күллі жұртқа өктемдігін жүргізуге ұмтылып, еліріп, есіріп, жексұрынға айналудың арасы онша қашық емес.

Түйін. Батырлық пен ақкөздіктің арасы онша алшақ емес.

  1. Айналасына, жан-жағына басып-барлап қарап, не артық сөз айтпай, не ентелеп, кеуделеп алға шығып кетпей, не артта, жұрттың соңында қалып қоймай, бір сөзбен айтқанда, өзінің əр сөзі мен əр қимылына өте сақ қарайтын жандар болады. Керек болса, ондайлар ойын тізгіндеп отырады. Олардың бар-жоғы білінбейді. Бəрінің мөлшерін, өлшемін бір кісідей жетік біледі. Жеті рет өлшеп, бір рет кеседі. Қате жібермеу үшін бар күш-жігерін салады. Бейнелі тілмен айтсақ, сауысқанша сақ қимылдайды. Бірақ өмір болғасын мұндай адамдар да ара-тұра сүрініп жатады. Егер сақтығы тым шектен шығып кетсе, ондай «сауысқандардың» «қоян жүрек» қорқақтардан еш айырмашылығы жоқ. Олар не жақсыға, не жаманға қосылмағандықтан, өзінің қоғамдағы сүйкімінен айырылып, иə, «арам», иə, «қорқаулардың» армиясын көбейтері хақ.

Түйін. Сақтық пен қорқақтықтың арасы онша алшақ емес.

Иə, не нəрсенің де күнгейі мен көлеңке беті болатыны белгілі. Қазақы қисынға салсақ, таяқтың екі ұшы бар. Əрине, адамның болмысындағы антипод қасиеттерді осылай тəспідей тізіп, одан ары жалғай беруге болады. Алайда біз тізгінді осы жерден тартқанды жөн көрдік. Тоқетері, кісінің бойындағы керемет қасиеттің «құбыжыққа» айналып шыға келуі – көзді  ашып-жұмғандай қас қағым сəт. Бақ пен сордың арасы бір-ақ қадам. Пенде өзіне Алла тағала сыйлаған бойындағы ең ізгі мінез-құлықты ырқына жібермей, үнемі қатаң бақылауында ұстап тұра ала ма?!

Жалпы алғанда, «алтын аралықты» ұстап тұру өзі мүмкін нəрсе ме?! Оған барлық адамның ерік-жігері жете ме?!

P.S. Шыныменен, адамның табиғаты – ғажап  дүние. Ол – ерекше  жаратылыс. Оның сыры тек Ұлы Жаратушыға ғана аян. Біздікі тек жай ғана пенделік əңгіме. Келісесіз бе, келіспейсіз бе, өз ықтиярыңыз?! Өз сөзім – өзімдікі!

Жаңабек Жақсығалиев

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале