10.10.2022, 11:01
Оқылды: 66

Іңкәр көңіл

Дүниеде бәзбіреулердің көшелі азамат, не белгілі маман боп қалыптасуына әсер ететін жәйттер болады. Сондай бір «кіріспені» мен де айта кетейін. 

отебай куспанов8 001

Орта мектепті Ақтөбе өңірінде бітіріп, көр­шілес Орал қаласына алғаш рет сонау 1977 жылдың жазында аяқ бастық. Абитуриент шақтың қарбалас кезеңі болатын. Ол кезде оқу орны бар қалада кемі 20 күн боласың. Психикаңа түсер салмақты ойлап, сол заматында студент атандырар ҰБТ-ың жоқ ол кезде. Құдай оңдап, А.Пушкин атындағы Орал педагогика институтының студенті атандық. Біз түскен физика-математика факультетіндегі 413-топ математика бағытындағы екі қазақ бөлімінің бірі болатын. Біздің топтың жетекші кураторы болып әлібі түзу ұстаз Өтебай Құспанов, ал екінші топқа Орынбасар Әжіғалиев есімді ағайымыз бекітіліпті. Бас корпустың №51 аудиториясында алгебра және сандар теориясынан алғашқы дәрісіміз өтіп, кураторымызбен алғаш сонда таныстық. Ағайымыз өзі алгебраист атты маман екен. Оның ішінде жоғары  алгебраның  «группа» және сонымен ағайындас болса керек «полугруппа» деген шытырмандарын қаузауға ден қойған. Кезінде қал-қадерімізше меңгергенмен, бүгінде есте қалғаны:  «Егер G атты жиынның пәленше деген операциясы ассоциативті болып, ол тағы (!) бірдеңе болса, онда ол жиынды группа деп атайды» дегеннен артық емес. Кәдімгі математик атты мамандықтың осыншама түрге   «меншіктелетінін» сонда көргенбіз. Дәрістерге, әдетте, бірге қатысатын екі қазақ тобын салғаннан-ақ баурап алған Өтебай Құспанұлы, шынында да түйсікті маман, тамаша лектор боп шықты. Айтайын деген ойын қолмен қойғандай етіп жеткізеді, сөзі жатық hәм шешен. Тақтаға әлсін-әлсін түсіріп тұратын жазуларына дейін  жымдасып, көңілге қона кетеді. Дәрістерін екі топ та асыға күтеміз. Кейін ұстаз үйреткен әдістемеден шама-шарқымша ажырамадым.  Тіпті, бір жылдары осындай жазған-сызғандарымды (сабақ конспектісі десе де болады) сонау Могилев педагогика институтының проректоры,  өзі де  «осындай шаруаға кеткен» Абрам Аронович Столярға жіберіп, оның үлкен бағасын, сыйлық ретінде жіберген екі-үш кітабын алғаным бар-ды. Институт қабырғасынан кейін де осылай  «қарап жүрмеуіміз»  Өтебайдай ағайымның арқасы еді. Бағымызға қарай, факультет қабырғасында білікті оқытушылар аз болмады. Дегенмен, солардың ішінде сырқынды сұңғыла, шоқтығы биігі де осы Өтебай Құспанұлы болатын. Олай дейтінім, Өтәқаңнан  алгебра және сандар теориясы дейтін математиканың ең бір ұстынды саласын ғана емес, өмірлік hәм жалпы кәсіби тәжірибені де қатар меңгеріп шықтық. Жатық сөйлеу, әдемі баяндауға үйір болғанымыз осы кісінің арқасы десем, артық айтқандық болмас. Шынында да, айтатын ойы тап-тұйнақтай, аса білікті ұстаз жылы жымиып қойып, бәрімізді баурап әкетер еді. Дәрістерінің тартымдылығы соншалық, оның мазмұнын сол заматта түсіне қойған қайсыбіріміз дискуссияға да кірісіп кетіп жататынбыз. Ал  группа өмірінде жазатайым бірдеңе бүлдіріп алсақ, «Бұл енді пәле болды ғой... пәле болды ғой» деп келетін сөз салымы бар-тын. Бар ызғары да осы болатын. Кей кездері өзіміз де әзіл қысқанда Өтәқаңның көзінше осы сөздерін әдейі «қолданып» көретін әдет таптық. «Мұныңызды олар ма сезбес пенде» деп бір ақын айтқандай, ағайымыз да осы бір сүйекқашау айтқан сөзімізді байқап қойып, онысын сол баяғы жымиысымен білдіріп жататын. Сөйткен Өтебай ағамызды тағдыр тауқыметі күтіп тұрды – қапыда  бірінен соң бірі екі ұлынан айырылды. Небір ауыр жағдайды басынан өткерді. Денсаулығына, қала берді, біткелі-ақ тұрған ғылыми жұмысының тиянақ табуына да әсер етпей қоймады. Дегенмен, ағамыз мұнда да ірілік танытты. Болған іске болаттай берік болды, сынбады... Енді  ортақ өмірімізге қатысты тағы бір лепес:  осы өңірден жырақта жүрген соңғы 40 жыл бедерінде анық байқағаным – біздің Орал педагогикалық институтының түлектері алдында (мейлі, ол қай факультетті бітірсін) талайлардың әлі күнге тақ тұрып жататындығы дер едім. Кіммен сөйлессең де, өзінің  мақтар алдындағы әңгіме желісін: «Жалпы мына Орал пединституты деген...» деп бастап жатады...

Задында, ЖОО-ның осындай атақ-беделін үстеп тұрғандар да осы Өтебай Құспанұлы секілді марқасқа ұстаздар болса керек-ті. Былтыр ғана институт бітіргеніміздің 40 жылдығына орай, сондағы группалас қыз-жігіттердің алқауымен  Орал қаласында кездесіп қайттық. Кездесу өткен «Ақжайық» шипажайында Өтебай ағамыз да Клара апамызды қолтықтаған күйі бізбен үш күн бойы бірге жүрді. Сондағы бір қуантқаны, ағамыз әлі де тың, өзінің азат мінезі мен озат талантын адал күзетіп келе жатқандай көрінді. Дегдардың демалысы да көпке үлгі деп осындайда айтса керек-ті. Үстіміздегі жылдың қазан айының алғашқы жартысында аяулы ұстазымыз – ЖОО-дағы оқытушылық тұрқы кейінірек облыстық педагог кадрлар біліктігін жетілдіру институты директоры қызметімен жалғасқан Өтебай Құспанұлы 80 жасқа толмақ. Өзіміз де бүгінде алпысты алқымдап, кәсіби кекселенген тұста да осындай абзал ұстазымды өзім бертініректе қоныс аударған Астана төрінен бір құттықтап қоюды жөн санаған жайым бар. Кезінде желкен керген жетпісімен әмпай боп кеткен ағамыз сексенмен де тіл табар деген сенімдеміз. Ендеше, ұзақ жасаудың бірден-бір жолы – қарттығына  қадам басқан ардақты ұстаз аман болғай.

Молдабай Ержанов

физика-математика факультетінің

1981 жылғы түлегі, 

Астана қаласы  

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале