11.10.2022, 10:15
Оқылды: 61

Сұлукөлде қазақ сыныбы көбейгей!

Биылғы оқу жылында Бәйтерек ауданына қарасты Сұлукөл жалпы білім беретін негізгі мектеп-балабақша кешенінде қазақ сыныбы ашылды. Жағымды жаңалықты естіп, Сұлукөл ауылына арнайы барған едік.  

Салтанат Есетова

Білім ошағында жаңадан ашылған 2-сыныпта үш оқушы қазақша оқиды. Мектеп-балабақша кешенінің директоры  Әсия Қайдашева қазақ  сыныбын ашу үшін бірталай жұмыс атқарылғанын айтты. Жаңа оқу жылы қарсаңында қазақ тілі пәнінің мұғалімі сіңлісінің 2-сыныпқа көшкен ұлын алып келген екен. Ол алғашында жиенін орысша  оқытқысы келіпті. Мектеп басшысы әріптесін райынан қайтарып, қазақша оқытуға келісімін алған. Биыл ауылға көшіп келген ағылшын тілі пәні мұғалімінің қызы мен көп балалы отбасының  ұлы да осы сыныпта жаңа оқу жылын бастаған.

–  Алайда сабақ басталған кезде көп балалы әке белгілі бір себептермен басқа жаққа қоныс аударатынын айтты. Әрине, бұл шешім оңайға соқпады. Себебі екі-ақ бала қалса, сынып жабылып қалады. Ұстаздардың да сағаты қысқарады. Сондықтан бір әрекет ету керек болды. Тіпті  облысты айтпағанда, көршілес Ақтөбеге, еліміздің бас қаласына да хабар жібердік. Жас мамандардың баспаналы болатынын, басқа да көмек-қолдау көрсетілетінін айттық. Осылайша әбігер боп жатқанда, тұңғышы екінші сыныпқа көшкен жас отбасы Ақжайық ауданынан табылды. Оларды көшіріп әкелуге ауыл  әкімі арнайы көлік берді. Мектеп ұжымы жас отбасы келгенше үйдің ішін реттеп, тазартып, керек-жарақ заттарын да әкеліп қойды. Қазір олар тегін баспанада тұрады. Ауылдағы 600-ге жуық тұрғынның 60 пайызы қазақтар. Өзге ұлт өкілдері де өзіміз сияқты қазақтың салт-дәстүрлерін өте жақсы біледі. Олар Айт мерекесінде, Наурыз мейрамында, басқа да мерекелік іс-шаралардың бел ортасында жүреді. Өзім сұлукөлдіктердің бір атаның баласындай тату, ынтымағы жарасқан тірлігіне қарап, қуанамын, – деді  мектеп директоры Әсия Қайдашева. Жаңа оқу жылында бастары қосылған екінші сыныптағы балақайлар бір-біріне үйренісіп қалыпты. «Мен мұнда Бударин ауылынан  келдім. Сұлукөл өте ұнады, жаңа достар таптым. Балалармен тез тіл табысып кеттім. Өскенде мұғалім болғым келеді», –  деді Бинұр Әлібаев.

– Мен осы ауылда тұрғын үй салып жатқан мердігер компанияда жұмыс істеймін. Қазақ сыныбына бала керек екенін естіп, ойланып қалдым. Ұлым   бірінші сыныпты Ақжайық ауданының  Битілеу ауылындағы мектепте оқыды. Жұбайыммен ақылдасып, Сұлукөлге қоныс аударуды жөн көрдік. Қазір отбасым қасымда, сол үшін қуаныштымын. Ауыл әкімдігі мен мектеп ұжымы көшіріп алып келіп, тегін баспана берді. Үй ішіндегі тірліктерге де көмектесті. Мен қазақ сыныбында оқушылардың көбейгенін  қалаймын. Осылайша мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға үлес қосуды азаматтық парызым және міндетім деп білемін. Ауылда мал өсіруге де, бақша баптауға да жағдай бар. Жол да салынып жатыр. Сұлукөлдіктердің ілтипаты мен қамқорлығына ризашылығымды білдіремін, – деді Данияр Инжиғалиев. Жұбайының сөзін құптаған Жаңагүл де құшақ жайып қарсылап, көмек-қолдау көрсеткен сұлукөлдіктерге риза екенін айтты.

Ал бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Есетова Сұлукөлге 2010 жылы Жаһанша Досмұхамбетов атындағы жоғары педагогикалық колледжді бітіріп келген. «Қазақ сыныбының ашылғанына қуаныштымын. Сабаққа қажет әдістеме, жоспар, бағдарламалардың барлығы  бар. Оқушыларды көркем жазуға, тез оқуға үйрететін құралдар да жеткілікті. Өзім орыс сыныбына да сабақ бердім. Ал  қазақ сыныбының оқулықтары жаныма ерекше жылылық сыйлайды. Әдебиеттің өзі балаға ерекше рух береді. Баланың елжанды азамат болып қалыптасуына ана тілінде білім алудың пайдасы ұшан-теңіз. Алдағы уақытта мектебімізде басқа да қазақ сыныптары ашылып, оқушылардың  саны көбейгенін қалаймын», – деді ұстаз.

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші, қазақ сыныбының жетекшісі Рита Үмбетова  –  жас маман. Педагогикалық еңбек жолын Оралдағы №49 мектепте бастапты. Биыл  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға қоныс аударған. «Жұбайым да ауылда тұрып, мал өсіріп, еңбек еткісі келді. Енді бағдарлама бойынша үй алуға құжаттар жинап жатырмыз. Мұнда келгеніме өкінбеймін. Ұжым өте тату, мұғалімдер бір-біріне қамқор. Мектеп әкімшілігі де, әкімдік те ауылға келгенде көмектесіп, жан-жақты қолдау көрсетті. Қалада 8-сыныпта оқитын баламды осында алып келу ойымда бар. Қызым Лейла – 2-сыныптың оқушысы. Ұлым Амир балабақшаға барады», – деді Рита Жұмабекқызы.

WhatsApp Image 2022-10-07 at 15.33.26 (2)

Шағын ауылдың шырайын келтіріп тұрған мектеп 1976 жылы салынған. Білім ошағы осы күнге дейін күрделі жөндеу көрмеген. Бірақ демеушілердің көмегімен балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып жатқаны байқалады. Мысалы, биыл мектеп әкімшілігі ауылдағы «АгроСервис-Батыс» ЖШС-ның ағымдағы жөндеуге берген 260 мың теңгесіне бөлме ішін сырлайтын бояу сатып алған. Мектепте интернет те, компьютер де, интерактивті тақта да бар. Асхана мен коворкинг орталығы жұмыс істейді. Әжетхананы мүмкіндігі шектеулі балаларға да ыңғайлы етіп жабдықтаған. Мектеп жанындағы «Ақбота» балабақшасындағы екі қазақ тобында 12 бүлдіршін  тәрбиеленеді. 2020 жылы мектеп ғимаратының сыртына 5, сынып пен дәліздерге 29 бейнебақылау камерасын орнатқан. Мектеп директоры: «Бақылау камералары білім ошағындағы тәртіпті бақылауға қажет», - дейді. Құрылғы арқылы баланың қай сабаққа  ынталы екенін, күні бойғы көңіл күйін қадағалауға болады. Еңбек сабағы өтетін сыныпта заманауи тігін машиналары бар. Оларды үш жылдай бұрын «Жайықмұнай» ЖШС  тарту еткен.

–  Мәскеуде тұратын мектеп түлегі Александр Набугорнов жыл сайын Жаңа жыл мерекесі қарсаңында сұлукөлдік  балалардың барлығына сыйлық алып келеді. Ауылдағы 80-ге жуық баланың бірін де базарлықсыз қалдырмайды. Мұндай жомарттықты көріп, жан жылулығын сезіп өскен балалар да өскенде қайырымды болады. Туған жерлерін қадірлейді. Сол үшін  шәкіртімізге ризамыз. Біздің ауылды «кішкентай Швейцария» деп те атайды. Десе дегендей, жасыл желек көмкеріп тұр. Ауылға қатқыл табанды жол салынып жатыр. Мектепте де бәрі бар, тек  бала керек. Болашағы зор ауылға отбасылардың көшіп келгенін қалаймыз, – деп ағынан жарылды Әсия Молданқызы. Мектеп директоры айтса айтқандай, ауыл көркейіп келеді. Бұған ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырған Сұлукөл ауылдық округінің әкімі Жасұлан Қойшыбаевтың та сөзі дәлел.

– Біздің басты мақсатымыз – шекараға жақын орналасқан ауыл халқының әл-ауқатын көтеру, инфрақұрылымын нығайту. Сұлукөлдіктер округтегі «АгроСервис-Батыс» ЖШС-ның қолдауына дән риза. Серіктестіктің «Ауыл кеңесі» деген жобасы бар. Ауылдың әлеуметтік дамуына бағдарланған жобаға қаражат бөліп отырады. Былтыр 10 млн теңге бөліп еді.  Биыл осы бағытта 20 млн теңге берді. Серіктестік ата-аналарға ай сайын балабақшаға төлейтін төлемақысының 50 пайызын төлеп отыр. Бұл да ауылдағы ағайынға үлкен көмек. Аталмыш шаруашылық аулалардың сыртындағы органикалық тұрмыстық қалдықтарды шығарып берді. Жақында төрт шақырым жолдың тап жиегіндегі ағаштарды түбірімен қопарып, алып тастауға көмектесті. Себебі ағаштар қыста қар ұстайды әрі қарды тазалауға да кедергі келтіреді. Соның кесірінен көктемгі лайсаңда жол кеуіп болмайды. Серіктестіктің қаражаты есебінен мектептің ауласына балалар ойын алаңын салуды жоспарлап қойдық. Тұрғындар  заманауи Street Workout-тың да  мектептің ауласында болғанын жөн көріп отыр. Жалпы аталмыш серіктестік  мерекелік іс-шаралар өткізуге демеушілік жасап келеді. Бұл ЖШС-дан   аудандық бюджетке жылына бір рет 50-60 млн теңге салық түседі. Соның нәтижесінде  ауылда спорт алаңын салуға, жарықшамдар орнатуға, пандус жасауға бюджеттен қаражат бөлінді. Қазір аталмыш серіктестік ауылда үш тұрғын үй салуда. Тағы жеті үйдің жерін рәсімдеп жатыр. Олар ауылдағы бұзылып қалған үйлердің бос жерлеріне баспана тұрғызады. Жаңа үйлерді өздерінің қызметшілеріне береді. Елімізде ауылда жалға берілетін үйлерді салған жұмыс берушілердің шығындарының 50 пайызын субсидиялау бойынша пилоттық жоба қолға алынғаны белгілі. Алдағы уақытта серіктестік осы жоба бойынша мемлекеттік қолдауға ие болуы мүмкін. Сондай-ақ егін шаруашылығымен айналысатын серіктестік қалдық жемді өзінің жұмысшылары мен ауыл тұрғындарына арзан бағамен сатуда. Округтегі «Алтын бидай» ЖШС, «Қалиев» ШҚ-лар да ауылдастардың шаруасына қолұшын беріп отырады. Бүгінде округте 2 ЖШС, 7 ШҚ өнімді еңбек етіп жүр. Тұрғындар сиыр сауып, сүтін сүт өндірушілерге тапсырып, ақысын алады. Ауылдағы өзге ұлт-ұлыстың өкілдері  қазақтың салт-дәстүрлерін берік ұстанады. Садақа беру, құрбан шалу атаусыз қалмайды.

Жалпы сұлукөлдіктер сүттей ұйып, бар шаруаны ауызбіршілікпен атқарып жүр, – деді округ әкімі. Ауылда демографиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын естіген едік. Бұл да болашақта  мектептегі оқушы санының артуына себепші болады деген үміт бар.

Ясипа Рабаева,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале